ОҚО-ДА «ҮЗДІК ОҚЫРМАН ОТБАСЫ» ЖОБАСЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ.

Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында  Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Сайрам ауданындағы Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде «Үздік оқырман отбасы» жобасының ашылу салтанаты өтті.

Ұлт дәстүрі насихатталып, ата жолының үлгісі дәріптелген жиын Сайрам ауданындағы төрт отбасының білім мен өнерін сарапқа салған  байқауына ұласты.
Рухани құндылыққа бай сайысқа «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Айдарбекова Күлия Смайылханқызы, облыстық жасөспірімдер кітапханасының директоры Парымбекова Зәкира Сембекқызы, Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Бегежанова Зоя Оралбайқызы қазылық жасап, бағасын берді.

Байқау шартына сәйкес таныстыру, қазақтың салт-дәстүр үлгілерін көрсетуге  арналған үй тапсырмасы, кітап және ұлттық құндылықтар аясындағы тосын сұрақтарға жауап берген барлық отбасы мүшелері ұлттық киім үлгісімен де көрермен ықыласына бөленді.
Әр кезеңнің орындалу деңгейін сараптай келе қазылар алқасы  Тілемісовтар отбасын жеңімпаз деп тапты. Сондай-ақ, Бестібаевтар отбасы «Кітапқұмар отбасы» номинациясымен, Наурызбаевтар  отбасы «Ынтымақты отбасы» номинациясымен, Рысқұловтар отбасы «Өнерлі оқырман отбасы» номинациясымен  марапатталды.

Байқауды «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Айдарбекова Күлия Смайылханқызы қорытындылап, әрбір  отбасының сахнадағы тіл мәдениеті мен өзін-өзі ұстау, салт-дәстүрді насихаттау деңгейі жөнінде талдай келе сайысқа қатысушылардың бәрі де жоғары дәрежеде өнер көрсеткеніне алғысын білдірді.
«Байқау алдағы уақытта облысымыздың барлық аудан, қалаларында жалғасатын болады. Мақсатымыз-күштеп емес, ерікті түрде жас буындардың кітап әлеміне қызығушылығын арттыру»-дейді Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Бегежанова Зоя Оралбайқызы.

                                                                                                                                      М.Жұмабайқызы

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.