Жоғалтып, тапқан отбасым

Балалар үйінде «отбасы» деген сөзге бейжай қарайтын бала жоқ. Тек біреулері өскен соң, өз отбасын құрып, шаңырағынан балалардың шат күлкісі үзілмейтін үлкен үй салуды армандаса, енді біреулері бұл арманның орындалатынына сенбейді. Мен де сенбейтінмін…

Мен өзімнің жетімдер үйіне қалай тап болғанымды білмеймін, тым кішкентай едім. Бірақ, бес, он, он бес жасымда басқа жерлерге көшіріліп отырғаным есімде. Әр жолы жаңа орынға үйрену маған оңайға түскен жоқ. Жоқ, орын ауыстыруды ұнатпағаннан емес, бәрібір менің бар затым кішкене сөмкеден артылмайтын, бәрібір мені ешкім шығарып салып, ешкім күтіп алмайтын. Шамасы, ұнамайтыны — осылай көшіп-қонып жүріп, дұрыстап біреумен достаса алмағандығымнан болар…

Бәріне көнеді екенсің, мен де ақыры балалар үйінің жатақханасындағы бір бөлмеде жатып, бір қазаннан ас ішетін өзге балалардың «сырттан келген» маған оқырая қарап, жиі шеттетуін көңіліме де алмайтын болдым. Әркімнің өз қайғысы бар: көпшілігі күндердің күнінде ата-анасы есік қағар деп үміттенеді. Туған-туыстарын ешқашан көрмегендер тым болмаса біреу келіп, асырап алар деп күтеді. Ал мен… Мен үнемі жалғыз ойнайтынмын, себебі, мені баяғыда-а, кіп-кішкентай, қорғансыз кезімде-ақ жалғыз қалдырып кеткен. Сондықтан, ешкімді күтудің де, ешкімге бауыр басудың да қажеті жоқ…

Ешкіммен араласпайтын, томаға-тұйық баланы асырап алушылар да онша қалай бермейді. Ал жасөспірімді асырап алыпты дегенді мен мүлде естіген емеспін. Осылай жасым он сегізге толғанда мен балалар үйінің сықырлауық есігінен жападан-жалғыз шығып, ересек өмірдің табалдырығынан жалғыз аттадым.

Мен көп сөйлемейтінмін, жұмыс берушілер нені талап етсе, соны мүлтіксіз орындадым. Бұл мінезім оларға ұнайтын, сондықтан, екі жылдан кейін мен бір шағын дәмханада аспаздық жұмысқа қабылдандым. Жаңа жұмысым өзіме ұнайды, сондықтан, таңнан қара кешке дейін асханадан шықпай, жұмыс істеймін. Өзім бір бөлмесін жалдап тұратын үйдің иелері мені тіпті көрмейді де. Кеше ғана жарты тостаған ботқаға қарны тоймай жүрген жетім қыздың осылай жолы болды. Қарным тоқ, көйлегім көк. Бірақ, менің әлі де ішімдегіні ақтарып, сырласар, мұңымды шағар ешкімім жоқ еді…

Сол күні кешке дәмханамыздан адам қарасы үзілмеді. Даяшылар тапсырыс қабылдап үлгермей жатты. Мен жалғыз аспаз болғандықтан, аяқтан тозып, жүгірумен болдым. Осылай мұрныма су жетпей жатқанда, кенет дәмхана меңгерушісі жеңімнен тартып қалып:

— Мына жақта үлгере алмай жатырмыз, ал сенің залда сенделіп жүргенің не? – деп айқайға басқаны. Мен не деп тұрғанын түсіне алар емеспін. Маңдайымнан сорғалаған терімді жеңіммен сүртіп, үш сағаттан бері пештің алдынан ұзап кетпегенімді айтып әлекпін. Сол кезде ол мені қолтығымнан ұстап алды да, залға қарай итеріп жіберді. Ал онда… мен тұрмын!

Көпке дейін өз-өзіме келе алмай, жүйкені тыныштандыратын дәрі ішіп барып қана басылдым. Ал осы кезде Айман – менің егізімнің сыңары мен туралы кездейсоқ естіп білгенін айтып жатты. Сөйтсек, апамыз егіз қызды әкесіз дүниеге әкелгенде жасы он сегізге де толмаған екен. Әке-шешесі, яғни нағашы ата-әжем одан сұрамай, бәрін өздері шешіпті. Егіздің бірін өздеріне қалдырады да, екіншісін жетімдер үйіне жібереді. Жолы болмаған немерелерінің қандай қиындықтан өтетінін олар ойламаған да…

Мен анаммен танысқым келмеді. Менің орнымда болып, менің күйімді басынан кешіргендер мені айыптай қоймас. Есесіне егізімнің сыңары менің өмір бойы аңсаған отбасыма, ешқашан болмаған сырласыма айналды. Егер уақытты кері қайтару мүмкін болса, мен осы жолдан қайта жүріп өтер едім… түбінде сыңарыммен қайта кездесу үшін…

Аймар,

Шымкент қаласы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.