ОҚО әкімі балмұздақтан ішек инфекциясын жұқтырған науқастардың жағдайымен танысты

Жексенбі күні Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев балмұздақ жеп, жіті ішек инфекциясын жұқтырып, ауруханаға түскен науқастардың жағдайымен танысып, жедел штаб отырысын өткізді.

Алдын-ала анықталған дерек бойынша, науқастар қаладағы «Южный» сауда нүктесінен балмұздақ сатып алып жеген. Олардың алғашқы легі Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 29-30 наурыз күндері жеткізілген. Науқастар бірнеше рет тоқтамай құсу мен іш өтуге шағымданған. Бүгінгі уақытта науқастардың 38-і үйлеріне жіберілсе, қалғандарына тиісті ем-дом көрсетіліп жатыр.

Орын алған жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, қызметтік тексеру шаралары басталды. Науқастардың хал-ахуалы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жіті қадағалауына алынды. Облыс әкімі науқастардың тез арада сауығып кетуіне барлық жағдайларды жасау керектігін ескертіп, жауапты басқармаға қосымша дәрігер мамандарды тартуға тапсырма берді.

Штаб отырысында орын алған оқиғаның себеп-салдары талқыланды. Мамандардың айтуынша, жіті ішек инфекция санитарлық эпидемиологиялық талаптардың сақталмауынан орын алған. Қазіргі таңда қосымша сараптама жұмыстары жүргізілуде. Ал мұндай дертке шалдыққандар шұғыл жасалған еменнен соң сауығып, отбасыларына оралуда.

Аталған оқиғаға байланысты өңір басшысы облыстың мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің жұмысын сынға алды. Жалпы қоғамдық тамақтандыру орындары тұрғындарға қызмет көрсетуде санитарлық нормаларды қатаң сақтауға міндетті. Ең бірінші кезекте халықтың денсаулығы қымбат екенін ескеріп, жауапты департамент тамақтандыру орындарына тиісті қадағалау жүргізуі қажет.

Ал оқиғаға орай ОҚО Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарымен айналысуда.

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Фото: Самат Мырзалиев

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.