ОТЫРАРЛЫҚ ТАЛАНТТАР ТАНЫЛДЫ

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласын қалың елдің арасында кеңінен насихаттау және тәуелсіз еліміздің тірегі — Астана қаласының 20 жылдығы аясында дәстүрге айналған  «Отырар таланттары-2018» VІІ халық өнер фестивалі өтті.

Өнер байқауы —  Отырардың шын мәнінде ұлылар мен дарынды ғұламалардың, өнер дүлдүлдерінің отаны екендігін дәлелдей түскендей.
Фестивальге ауданның  13 ауыл округтеріндегі таланттар өнер сайысының ережесіне сәйкес 15 жанр бойынша өз өнерлері мен туындыларын ортаға салды.
Алғашқы іріктеу кезеңіне  500-ден астам өнерпаз қатысса, олардың арасынан іріктеліп шыққан 200-ге жуық өнерлі жандар ақтық кезеңде бақ сынады.

Аталған байқаудан қаншама отырарлықтар жарқырай шығып, республикаға танымал өнер жұлдызына айналғаны белгілі.
Аймақ үшін төл өнер мерекесін аудан әкімі Ерлан Айтаханов ашты.

ҚР еңбегі сіңген қайраткері, әнші-композитор Марат Омаров төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияның әншісі Айнұр Нұрашова, талантты актриса Жұлдызай Дүйсенбиева, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мархабат Бейсенова, ҚР еңбегі сіңген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры» сыйлығының лауреаты Азамат Жылтыркөзовтер мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Берік Жорабековтердің болуы байқаудың маңыздылығын арттыра түсті.

Сонда да болса жүзден жүйрік шыққан нағыз таланттылар өнер бәйгесінде белгіленген қатаң ережеден қаймықпастан өз өнерлерін паш етті. Нәтижесінде жүлдегерлер мен жеңімпаздар арнайы дайындалған дипломдар мен қаржылай сый-сияпаттарға ие болды.

Сондай-ақ, ауданда ұйымдастырылған  «Онжылдықтар тоғысында» акциясына өз үлестерін қосып, жомарттық танытқан бір топ отырарлықтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

     Фестивалдің соңы республикаға танымал өнер жұлдыздарының гала-концертіне ұласып, көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады.

Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.