Әділхан СҰЛТАНБЕКОВ: «СҮМІРЕЙГЕННЕН СҮЙКІМДІ БОЛҒАН ЕШКІМ ЖОҚ»

Ізінен іні-қарындас ерген кез-келген адам аға атануы мүмкін, бірақ «Ел ағасы» деген мәртебелі атақ екінің біріне бұйыра бермейді. Ол үшін сол мәртебелі атаққа лайық еңбегің, шын мәнінде ізіңдегі іні-қарындасқа жасаған ағалық қамқорлығың, ел үшін керек десең астыңдағы жалғыз атты бере салатын жомарттығың, төрелік айтатын тұста ешкімнің шен-шекпеніне қарамай шындықты айта алатындай алғырлығың, қысылтаяңда жол тауып шыға алатындай ақылдылығың, керек кезінде тәуекел ете алатындай батылдығың, біреуге бұра тартып кетпейтіндей әділдігің болуы тиіс. Бір бойынан осыншама қасиет табылатын адамды табу да қиын шығар. Десек те «Малым – арымның, арым – жанымның садағасы» деген қазаққа бұл қасиеттің қай-қайсысы да бөтен емес. Әсіресе, әуелгінің жолымен жүретін, әр нәрсеге байыппен көз салатын, салмақпен шешім шығаратын көнекөз қариялардың бойы­нан жиі кездестіруге болады.

Біздің бүгінгі сұхбаттасымыз, Ел ағасы Әділхан Сұлтанбеков, міне, осы үдеден шығып жүрген ұлтжанды ағалар­дың бірі. Медицина саласының білгір маманы, ғалым, ұзақ жылдан бері санитарлық эпидемиологиялық салада жемісті жұмыс істеп, абыройлы басшылық жасап келе жатқан, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылып, ұлт тағдыры мен мәдениетіне, әдебиетіне сүбелі үлес қосқан азамат,  Түркістан қаласының Құрметті азаматы,  «Шымкент Дезинфекция» ЖШС-нің директоры Әділхан Сұлтанбековты сұхбатқа шақырған едік.

– Бүгінгі аға Әділханды біршама білетін сияқтымыз, ал бала Әділхан қандай болды екен?

– Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдарымен тұспа-тұс келді. Беліміз қатпай жатып жұмыс істедік. Сабаққа да, жұмысқа да үлгердік. Киелі Түркістанның тумасымын. Қасиетті өлкенің кереметі көп. Қариялары тұнып тұрған тәрбие болды. Әділдік, шынайылық басым болды. Тіпті, керек десең, құжынаған қара базарда да тәртіп бар еді. Адамдар бір-бірін алдаған емес. Ол кездегі қариялардың қаһары мықты болды ма, әлде тым қатал болды ма, әйтеуір айтқанын екі етпейтін едік. Олардың әрбір сөзі біз үшін – заң! Солардан ауыр сөз естіп қалудан қорқатын едік. Түркістан тек рухани орталық қана емес, сонымен бірге сауда-саттықтың да қыз-қыз қайнаған ортасы болды. Жекелеген үйлерде темір, ағаш ұстасы жұмысын қыздырып жататын. Жан-жақтан сауда жасайтындар ағылып келіп жатады. Жұмыс болған жерде, сауда бар кезде анша-мұнша түсінбеушілік те болып жататыны белгілі. Соның бәрін реттеп, кісі ақысына қиянат жасатпай, бәрін тәртіпке келтіріп тұратын ақсақалдар, жаңа өзің айтқандай ел ағалары еді. Біз соларды көріп өстік, соларға қарап бой түзедік. Еңбектен ешқашан қашқан емеспіз. Туралықты айтуға үйретті. Қайсарлығымен, алғырлығымен көзге түсетін жастарды жанына тартып, ағалық ақылын айтып, жол көрсетіп жүретін алдыңғы буын ағалар болды. Екінің біріне бүйрегі бұра бермейтін олардың сенімінен шығу үшін бәріне көнесің. Ширасын, әбден піссін дейтін шығар, күнара төбелестіреді. Ұлттық намысымызды жанып, ұят болмас үшін жаныңды да беруге даяр болып жүресің. Өзге ұлт өкілдері көп, соларға намысыңды бермеуге тиіссің. Бүгін төбелесіп, ертеңіне дос болып кете бересің. Бірақ бүгінгідей арыз жазу жоқ. Бәрін де ауылдың азаматтары өзара шешеді. Сенім бар, демек оны ақтауға тиіссің. Солардың сенімінен шығып, үмітін ақтау – біз үшін басты міндет, бұлжымас қағида болды.

– Түр-тұлғаңызға қарап жас кезде спортпен шұғылданған шығар деген ойдамын…

– Ол кезде жастардың дені спортпен шұғылданатын. Міндетті түрде чемпион болмаса да, өз-өзін көшеде қорғап жүруге тиіс. Спорт тек денені шынықтырып қана қоймайды, соны­мен бірге жігіттің толыққанды жетілуіне, азамат болып қалыптасуына көмектеседі. Сиқырлы спортты жанына серік еткендер ешқашан ұтылмайды. Нағыз қайнаған өмірді спорттың айналасынан көруге болады. Онда бәсекелестік бар, онда шынығу бар, онда тіпті саясат та бар. Соның бәрін көру арқылы, білу арқылы өмірлік көзқарасың қалыптасады. Қаншама жарық жұлдыздар осынау спортың жолында құрбан болып, шейіт кетіп жатқан жоқ па?

–  Белгілі бапкер, боксшы жиеніңіз Әбдісалан Нұрмахановтың қайғылы қазасы да оңай соқпағаны белгілі. Жалпы, қалай болып еді? 

– 1996  жылы Атланта олимпиадасы өткені белгілі. Сол жылы Әбекеңнің 60 жылдығын атап өттік. Қ.Төлеметов Фосфор мәдениет сарайының жанына киіз үй тіктіріп күтті. Атлантаға баратын спортшыларға Түркістанның топырағынан тұмар түйіп аттандырдық. Міне, сол кездері ел спортының тізгінін ұстап отырған А.Ақбаев мырза күллі жаттық­тырушыларды қабылдап, кімнің қанша медаль әкелетін жобасын сұраған екен. Басқалары біреу-екеу деп отырғанда, тік сөйлейтін Әбдісалан бес медаль әкеле­мін деп жігіттік уәдесін берді. Сол уәдесінде тұрды. Артынша-ақ, Атлантадан Е.Ыбырайымов, Б.Жұмаділов, Б.Ниязымбетов, В.Жировтар бастаған бес жігіт алтын, күміс, қоламен оралған болатын. Неге екенін қайдам, Атлантадан кейін оңбады. Тура бір жылдан соң бас бапкерліктен алып тас­тады. Жұмыссыз қалып базарда да істеді. Ақыры қайғылы қазаға ұшырады. Бұл тек Әбдісаланның ғана басындағы жағдай емес. Әйгілі таэквондо шебері Мұстафа Өзтүріктің, тамаша суретші, әрі спортшы Бексейіт Түлкиевтің өлімдері де жұмбақ күйінде қалып отыр. Бірақ, бұл дүниенің қылмысы екінші дүниеге кетпейді. Бәрібір ашылады.  Сол жарықтық жиенім әзілдеп айтатын. «Егер Әділхан нағашым спортпен шындап айналысқанда мықты боксшы шығатын еді. Бірақ, бокспен айналыспағаны да жақсы болды, егер олай еткенде бізге нан қалмайды екен» дейтін. Қайдам, жиеннің әзілі ғой. Дегенмен жастайымнан спортқа бір табан жақын болдым. Волейбол, баскетбол, күрес, бокс түрлері еріксіз қызықтырды. Әкем жарықтық «маған төбелескіштің керегі жоқ» деп шорт кесті. Содан кейін… Кім білсін, Алланың мұнысына да шүкір…

Сізді сырт көз қатал, келеңсіздікті көрсе үндемей отыра алмайтын турашыл адам деп қабылдайды. Баланың балалығы, шалалығы болмай тұрмайды ғой, балаларыңызға қатал болдыңыз ба?

– Қаталдық пен талапшылдық – екі бөлек ұғым. Екеуін жаңылыстыруға болмайды. Егер қоғам сені солай қабылдаса, онда бекер болмағыны шығар. Ал, келеңсіздікті көріп тұрып, үндемей қалу – сол келеңсіздікті одан әрі балалату, өсіру болып саналады. Қазақта «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген сөз бар. Ешкім де іштен оқып туылған емес. Жай сөзбен, кейде батырыңқырап айтып түсіндіресің. Оның бәрі жанашырлық. Өзіміз одан жаман болғанымыз жоқ. Ал, балаларға қатал болдым деп айта алмаймын. Айтқан сөзді ұқса, тапсырманы тап-тұйнақтай орындап жатса, оған не үшін қатал мінез көрсетуің керек.

Ер баланың қандай болғанын қалайсыз? Ал, қыздардың ше?

– Ер жігіттің ең алдымен еркектің болмы­сы болуы керек. Ұсақтық, екіжүзділік – еркекке тән қасиет емес. Ал, қыз бола­ларға қойылатын талап – арының тазалығы! «Қанша дана болса да дауға салма малсызды, қанша батыр болса да жауға салма жалғызды, қанша сұлу болса да қойныңа алма арсызды», — дейді халық даналығы. Ұлттық болмыс ең алдымен ұшқан ұяда қалыптасады. Сол үшін қыздарымыздың инабатты, көргенді болғаны ләзім. Олар өз перзенттерін тәрбиелеу арқылы бүкіл бір ұлттың ертеңін, болашағын тәрбиелеп отырғанын білуі тиіс. Қазақ қызының ар-намысы бәріміз үшін ортақ мәселе. Оны қоғам болып қорғамаса, ертеңгі күні етек-жеңімізді жинай алмай қаламыз. Бүгін аяғын шалыс басып, ар-ожданына кір келтіріп алған қыз ертеңгі күні қоғамға індет болып тарайды. Оның сорақы көріністері туралы бүгінгі БАҚ-та аз жазылып жатқан жоқ. Қазіргі жастар ұлт намысын ұмытқан ба деп қорқамын.

Азаматтық некенің дұрыс емес екені жиі айтылады. Бірақ тосқауыл бола алмай келеміз. Неге?

– Қоғамды қалыптастыратын сіз бен біз. Егер азаматтық некеге тосқауыл қоя алмай жүрсек, демек оның да іздеушісі, жоқтаушысы бар. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан кейін ата-ана бала тізгінінен ажырап қалғаны тағы бар. Ең бастысы, ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алатындай сана берді ме, демек одан өзің сақтануың керек. Қазақ халқының даналығына талас жоқ. Ауыз әдебиетінің өзі не тұрады! Бұрын батыс халқы бізден үйренген. Шығыс халқының даналығына, тапқырлығына тәнті болған. Ал, қазір ше? Біз олардан не үйреніп жүрміз, ал оның ақыры қайда бастап барады? Санасы ояу, ақыл-ойы түгел адамға бәрі де түсінікті емес пе? Ендеше әркім өзін сақтандыруға тиіс. Біз осы елдің иесіміз. Демек елдің болашағы жарқын болуы бізге көбірек керек. Соны дұрыс түсіне білейік.

Ел Сізді аузы дуалы ақсақал ретінде құрметтейді. Батыл сөйлеп, елді елең еткізетіндей пікір айту да оңай емес. Әрине, бекерге шырылдамайтын шығарсыз, десек те, сын айтқанда, өзіндік ой білдіргенде әлдекімдерге жақпай қаламын-ау деген ой болмай ма? Қанша дегенмен турасын айтқан туғанына да жақпайтын заман ғой…

– Өз басым туралықты айтамын деп жаман болған адамды көрген емеспін. Және ол шынайы, жанашырлықпен айтылған болса…  Біреулер бақай есеппен жүруі мүмкін. Ондайлар алысқа бармайды. Ақиқат ертелі-кеш айтылады. Бірақ неғұрлым ерте айтылса, оны түзеу де соғұрлым оңай болады. Дана халқымыз «Әркімнің өз шындығы бар, бірақ ақиқат – біреу!» дегенді айтады. Шындықты, ақиқатты айтқансып жататындар көп. Оның қайсысы шындық, қайсысы ақиқат екенін бір Алла біледі. Жаңа жоғарыда айтып отырған азаматтық неке, жемқорлық, әлжуаз топтың ақысын жеу сияқты келеңсіздіктер де көре тұра көрмеген, біле тұра білмеген, немкеттілік көрсету – қоғамның жемісі. Біреу заңсыздықты көре тұра үндемей қалады. Қызметінен қорқады, басының амандығын ойлайды. Баласының болашағын, қызметте кесірі тиіп кете ме дегендей ой болады. Жұмысында кемшілігі бар, өзі жылпос болса, үндемей жүріп те бірдеңеге ұрынады. Ал, ары таза, қолы таза болса несіне қорқады. Қастандық жасайды дегендерді де түсінбеймін. Адам жаны Алланың аманаты, оған ешкім қиянат жасай алмайды. Егер шындап ажал келетін болса, жеп отырған талқаныңа түйіліп қалуың да мүмкін.

Ардагер деген кезде біздің көз алдымызға әділдігін, туралығын айтып отырған адам елестейді. Араздасқан ағайынның арасында да аузы дуалы ардагер, ақсақалдар жүреді. Бірақ бүгінгі ардагерлер осы міндетті мүлтіксіз орындап жүр деп айта аламыз ба? Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын Маятас­та оқиға болды, күрділер мен қазақтар арасында. Араағайындыққа жүретін ақсақал болмады. Кешегі Сарыағаштағы жағдайды алайық. Басу айтып имам-ұстаздар жүрді. Әр ауданда ардагерлер ұйымы бар емес пе?

– Өз басым ардагерлер ұйымының жиналысына бармаймын. Білетінім, ел өз ардагерлерін ол ұйымсыз да тауы­п алады. Араағайындыққа жарап жүрген ақсақалдар жоқ емес, керек кезінде ел төбесіне көтеріп жүрген алдыңғы буын ағалар бар. Демек олар сол құрметке лайық. Ал, облыстағы ардагерлер кеңесі жайлы айтсам, ең алдымен ардагер деген кім, ол қандай болуы керек? Оның төрағасы кім? Міне, мәселе қайда жатыр. Бұрын бюрократ болған адам, өмір бойы тапсырманың шеңберінде ғана жұмыс істеген төрағадан не күтуге болады? Ондай төраға ұйым жұмысын қалай басқарады. Әркім өзінің көрген-білгенін істейді емес пе? Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын түсінетін және айтатын жерде тайсалмай туралықты айта алатын адам ғана елдің көңілінен шығатындай жұмыс істейді деп ойлаймын. Біреудің қас-қабағын бағып үйренген адамға қоғамдық жұмысты басқару қиынға соғатыны анық.

Тағы бір мәселе, бүгінгі қоғамдағы «дежурный» шалдардың жалпақ­шешейлігі. Оны ел ішінде «Шапан көкелер» деп атайды. Кейбір замандастарыңыздың осындай келеңсіз әрекеттері Сізді де қынжылтатын шығар?

– Адам баласы Жаратушы Алланың ғана құлы екенін ұмытпауы тиіс. Басшы көрсе мәймөңкеленіп, алдында құрдай жорғалайтындарға жаным ашиды. Неге, өйткені олар өздерінің әуелгі тәрбиесінен арыла алмай жүргендер. Өмір бойы басшыға құлдық ұрып, былайғы елге шікірейіп шекесінен қарау – олардың қанына сіңіп кеткен әдет. Олар өздерінің сол жүрісін мәртебе санайды. Кімнің кім екенін ел жақсы біледі, өзің де айтып отырсың ғой, көпшілік оларды «шапан көке» деп айтады деп… Жанындағылардың жарамсақтанып, мәймөңкеленіп жүргенін қалайтындар бар, демек олар да белгілі бір деңгейде қоғамға керек сияқты.

Әділхан аға, Сізді тіл жанашыры ретінде де білеміз. Атқарған жұмыстарыңыз жайлы азды-кем айта отырсаңыз…

– Біздің тілдей бай, құнарлы тілді сүймеу мүмкін емес. Бағаламау ұлтқа деген екіжүзді қиянат. 30 жылдан бері қазақ тілін сөз етумен келеміз. Қазақтың баласы түгілі, аюдың да қазақша сөйлейтін уақыты жеткен жоқ па? Тәуелсіздікпен қатар туған балалардың өзі бүгінде бір отаудың иесі боп қалды. Қасиетті ана тілімізде осылардың өзі де, балалары да сөйлемесе, кім сөйлейді? Айналайындар-ау, біз қашанғы қорқып-бұғып өз сорымызға өзіміз қайнай береміз. Сүмірейгеннен сүйкімді болған ешкім жоқ.

Егемендікке енді қолымыз жеткен 1991 жылдары мен қала­мыз­дағы «Қазақ тілі» қоғамын басқарған болатынмын.  Мың болғыр Қуаныш Төлеметов қалалық атқару коми­теті­нің төрағасы еді. Қаланы қазақыландыру, сөне бастаған ұлт­тық рухты тірілту, жоғала жаздаған баға жетпес рухани құнды­лықтарды қайтару жұмысы кезек күттірмей тұрды. Міне, сол кезде Қ.Төлеметов марқұмның тікелей көмегінің арқасында қаладағы 350 көшені ұлттық атауға өзгерттік. Бұл айтуға ғана оңай. Сірескен қызыл системаны бұзып-жарып өту оңай болмады. Бұл өз ұлтын сүйетін кез-келген адамның атқаратын міндеті деп білемін.

Енді өзіңіз қырық жылдан бері қызығын да, «шыжығын» да көріп келе жатқан саланы сөз етсек. Санитарлық тазалықтың сыры көп шығар? Қазіргідей техниканың дамыған заманы емес, бұрынғы дана бабаларымыз бұл саланың да қыр-сырын қалай меңгерді екен?

– Біріншіден, бес уақыт намаз оқып, күніне бес рет жуынатын халқымыз бұл жағынан өте таза, мәдениетті болған. Жасыл жайлауда, таза табиғи ортада отырған. Ауылдан алыстау жерге белдеу жасатқан. Маса, сона, шыбын-шіркей атымен бірге ауылға келмес үшін алысқа байлатқаны – тазалығы. Күзде көшерде сартап болған жайлаудың жан-жағын өртеген. Келесі жылы қаулап өсуі үшін. Сонан соң бір малды сойып терісін жерге жайып тастайды екен. Неге? Себебі сол маңдағы кене, бүрге, бақа, шаян, құрт-құмырсқаның бәрі әлгі теріге жиналған кезінде теріні өртеп жойып отырған. Әлгіндей жас малдың жаңа сойылған терісін есектің құйрығына да байлаған. Оған ірі-ірі көкала кенелер мыңдап жабысатын көрінеді. Осы кенелерді тышқан жеп өледі де, ол тышқанды жылан жұтады. Яғни, ол да өледі. Бірі арқылы келесісін жою деген осы. Жайлауын паразиттерден табиғи жолмен осылай тазартқан. Тағы бір қызығы, қазір көп проблема туындатып жүрген шегірткемен күрестің де өзіндік тәсілі болған. Шегіртке қаптап келеді деген мезгілде жұрт жабыла шелекке, науаға, бос ыдыс-аяққа су толтырып қояды. Өйткені, шегірткеге қарсы қаптаған қараторғай соғыс ашады. Миллиондаған шегірткенің мойнын қырқып жүргенде одан бөлінетін желім-кілегей қараторғайдың тұмсығын желімдеп, ашылмай қалады екен де, олар дереу төмен түсіп әлгі дайын сумен шайып қайтадан көтеріледі екен. Ойпырмай, дейсің еріксіз. Ал, көкжөтелді емдеу үшін сол адамды қайыққа мінгізіп, дариядан асықпай ары-бері өткізген. Өйткені, өзен бетіндегі таза кислород әлгі науқасқа бірден-бір ем болады. Сырдарияның алып жайындарын ұстау үшін үлкен шойын ілмек қармақтарға түлкі, қарсақ, борсықтарды шаншыған. Жайын тұтасымен жұтып, кейде қармақты жіп байланған жиделерімен қоса қопарып кеткен. Енді, айта берсек түбі жоқ қой.

– Таяуда жас балалардың жаппай балмұздақтан уланғаны Сіз басқарып отырған саланың тым босаңсып кеткенін білдірмей ме?

– Қалай айтқанда да бұл қоғамдағы ащы ақиқатты мойындау. Бұрын қоғамдық тамақтану орындары дембіл-дембіл тексеріліп тұратын еді. Ал, қазір арыз түспей тексеру мүмкін емес. Арызды алдымен прокурорға тіркетесің, ол рұқсат берген соң барып тексересің. Сол екі аралықта қаншама адам уланып үлгереді. Бұл – бір. Екіншіден, біздің қалалық санитарлық эпидемиологияға қарсы күрес мекемесінде бір кездері 400 -ге жуық адам тұрақты жұмыс істеді. Аудандарда он жеті бөлімше болды. Ал қазір ше? Біз әр маусымда шыбын-шіркейдің, масаның алдын алу үшін жұмыс істейтін едік. Қаланы үш айналдыра залалсыздандырып шығатын едік. Сол себепті қала тұрғындары қазіргідей маса-шыбыннан зардап шекпейтін еді.

– Алтын уақытыңызды бөліп, ашық-жарқын сұхбат бергеніңіз үшін рахмет, аға!

                                                                                     Сұхбаттасқан – Аман ЖАЙЫМБЕТОВ

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.