Бекболат Тілеухан.   Егер қазақтың өзiне қазақ тiлi керек болмаса, оны орыс қайтедi?

Ұлттық негізін, тамырын тану, ұлттық құндылықтарға үңілу арқылы ғана ұлт өзінің қадірін біледі. Өзінің қадірін білгесін өзін басқаларға сыйлатады. «Өзіңді-өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» дейді халқымыз. Өзін- өзі сыйламаған ел басқаға өзін сыйлата алмайды. Сондықтан қазақтың өзінің татулығы қажет. Тамырыңа көз салу, Бұқар жырауды, Абайды білуің, әдебиет пен тарихыңды дендеп ұғыну арқылы сана қалыптасады. Ол мемлекеттік сананың қалыптасуына алып келеді, «мемлекет мықты болса – мен мықтымын, менің ұрпағым мықты» деген ұғымды туғызады.

*        *         *

Атқамінерлер де елдегі  жағдайды  бір сәтте батыстың деңгейіне жеткіземін деп арамтер болмауы керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан батыстық үлгіні жалғыз күннің ішінде қазақтың қоғамына әкеліп орнатамын деу – емшектегі баланың аузына қазы-қарта салғанмен бірдей. Қабылдай алмайды. Осыны бағымдау біраз азаматтардың міндеті еді, өкінішке қарай, олар бағамдай алмай отыр.

*        *         *

Ұлттың, тілдің, діннің қамын ойлайтын адамдар бар,  бәрінің атын атау шарт емес шығар. Бірақ оларға берілетін мінбер жоқ, мүмкіндік жоқ. Қаттырақ қазақтың қамын ойлап айта бастасаң, сыртқы елдер ер-тоқымын бауырына алып тулайды. Өйткені бұл мемлекет күшейіп, кететін болса, ықпалын жүргізе алмай қалады. Соны халықтың өзі түсініп, бірігуі керек. Құранда айтылғандай, бір қауым өзін-өзі өзгертпей, Алла оны өзгертпейді. Ел өзгеруге тырысқаны жақсы. Ұлт үшін Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы жасап береді, анау жасап береді, мынау жасап береді деп қарап отырмай, әркім өзінен бастауға тиіс.

*        *         *

Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек, бұны ата-бабамның аманаты деп біл. Сол жолда күрес осылай жүреді. Егер қазақтың өзіне қазақ тілі керек болмаса, оны орыс қайтеді? Бірлі-жарым тұлғаның айтуымен іс бітпейді. Айттық-айтық, ел тыңдамай жайына қалды. Биліктегілерге, қазақша білмейтіндерге жақпайсың. Қазақ тілі күшейіп кетсе — өзі, не баласы жұмыссыз қалады. Ұрпағының қамы үшін ол қазақ тіліне қарсы болады. Қоғамның өзінен талап керек. Қазақ «Халық қаласа – хан түйесін сояды» дейді. Халық қаламаса  дым бітіре алмайсың.

*        *         *

Жаһандану аждаһасы алаш даласына келгелі біраз болды. Өмірдің барлық саласына азуын салды. Бір жұпыны ғана мысал, бүгінде спорттың жекпе-жек түрінен әлемдік жарыстарға қыздар командасын апармаған елдің дәрежесін жермен-жексен ететін болды. Сонымен талшыбықтай нәзік жанды аруларымыз әлемдік додада алысып-жұлысып, тұмсықтары бұзылып, тепкілесіп, кескілесіп жатыр. Тура сол секілді әлемдік кинофестивальдарға апарған киноңыздың сюжетінде арсыздық көріністері болмаса, қадірлі қонағыңа қазысыз табақ тартқандайсыз.

*        *         *

Тарихи сана, мемлекеттік сана қалыптаспаса, адам өзі отырған бәйтеректің бұтағын өзі аралайды. Жемқорлық содан шығады. Бұл менікі емес, кез-келген уақытта тартып алуы мүмкін, қазір жұлып алып қалайын деп талапайға салатын тоғышар мінез пайда болады. «Бүгін тойсам болды» дейтін құлдық сана бой көрсетеді. «Құлдың бір тойғаны – шала байығаны» демей ме қазақ. Бүкіл дүниені тек қарнының тойғанымен, жылы- жұмсақ тамағымен, жайлы төсек, жақсы машинамен бағалайтын жағдайға душар болды. Бұны бір ауыз сөзбен құлдық психология, отарлық сана деп атайды. Отарлық санадан құтылу үшін отарсыздану үдерісі жүруі керек. Бұл үшін кісі жолын айқындап алғаны жөн.

*        *         *

Жезөкшеліктің де дамып жатқанына біз кінәліміз. Өйткені, біз қыздарымыздан талап етпейміз. Жек көретінімізді көрсетпейміз. Қыз шылым тартып тұрса: «Ей, қаншық, аузыңдағыны алып таста», — деп баяғыда Шона Смаханұлы ұрсатын. Осылай қатты ұрсатын, бетке тура айтатын бір адам жоқ қазір. Елдің бәрі популист. Елдің бәрі жаққысы келеді. Елдің бәрі мойнына жауапкершілік алғысы келмейді. Осындай жерде сұмырай болу керек. Жауапкершілікті мойынға алу керек. Бірақ мәдениетті түрде, сауатты түрде, заңның шеңберінде. Бұған дейін де бірнеше жыл Парламентте отырдым. Айғайладым-айғайладым. Түк бітірген жоқпын. Ал мәселенің бәрін шешетін осы талап ету. Және бұған өркениетті жағдаймен келу.

*        *         *

Дэвид Кристал деген философ айтады: «Тіл жойыларда қостілділік пайда болады. Екі тілді ерткен екі мәдениет өзара шайқасқа түседі. Ақырында жеңімпаз мәдениеттің тілінде сөйлеушілер көбейеді. Ал әлгі жеңіліс тапқан шағын мәдениеттің тілінде сөйлеуден басқа емес, өзінің жас ұрпағы ұяла бастайды. Ана тілінде сөйлеуге қысылатын сол ұрпақ та «жеңімпаз мәдениеттің» аяғына жығылады. Аға ұрпақ, ата-ана қанша әуреленсе де, өз балаларына ана тілін үйретуге шамалары жетпейді». Ең өкініштісі де осында.

*        *         *

Діннен айырыла бастаған сәттен бастап орыстан қыз алу, қыз беру үрдіске айналып кетті. Осы жағдай қазір Қытайдағы қазақтарда да бар. Кезінде қазақты құрту үшін, иманынан айыру үшін Қазақстанда, Қытайда,  Моңғолияда да араққа  арнайы түрде үйреткен. Бұл қазақтың тамырына балта шабудың төте жолы еді. Кезінде молдалардың «арақ ішкен адамның  дұғасы қырық күнге дейін қабыл болмайды» деуінде де үлкен мән жатыр. Себебі, арақ ішкен адамның қанында қырық күн бойы спирттің құрамы жүреді. Енді бұдан құтылудың бір-ақ жолы бар. Құдайдан қорқу керек…

*        *         *

Қазақ үшін, Қазақстан үшін ең маңызды мәселе – демография. Оралманның келуімен Қазақстанда тілдің мәселесі шешіледі. Қазақи қазақтардың оралуымен салт-дәстүр, жұмыс күші, қазақтың дархан мінезі келеді. Орыстың қысымын көрсе де алыстан көрген, тіпті, көрмеген қазақтардың келуі – жеп отырған тамағыңа май қосып маңыздандырған сияқты дүние. Қазақстанның күшейіп кетуінен күдіктенетін «мысық тілеу» күштер  жоқ емес…Абай: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді. Істің бәрін «босату» үшін қазақты бір-бірімен жау қылу қажет.

*        *         *

Жаман киноның екі түрі болады. Біреуі атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру секілді қатыгездіктерді көрсету арқылы қанішерлікке етті үйретуге бағытталады. Екіншісі, жалаңаш-жалпы, ашық-тесік, ыңырсу-қыңсылау секілді арсыздықты жалаулату арқылы адамның, әсіресе, жас ұрпақтың хайуани инстинктілерін оятып, қоғамда зинақорлықтың салтанат құруына бағытталмақ.

*        *         *

Нашақорлыққа қарсы жиын өткізеді, бәрі кетіп қалғанда орнына келсең, босаған шприцтер мен бөтелкелерді көріп, «Бұл не, кімді алдады?» деген ойға қаласың. Осыған бюджеттен ақша бөлінді, бұл барлығымыздың ақшамыз ғой. Қожанасыр «Алдадым» дейді. «Кімді қалай алдадың?» деп сұраса, «Таксистке мың теңге бердім де, мінбей кетіп қалдым» деп жауап береді. Сол Қожанасырдың алдауы ма? Осындай мәселелер жетеді.

*        *         *

Бір халықты толық бағын­дырудың екі жолы бар: біріншісі, қырып салып, кешегі үндістер секілді жойып жіберу болса, екіншісі, ұлттың тарихи санасын өшіру. Біз соның екіншісін бастан өткізген халықпыз. Сол құлдық сананы табиғи қалпына келтірмей, ұлт бірлігі өз деңгейіне көтеріле алмайды.

*        *         *

Қоғам талабы қашан да ескерілген. Көптеген өзгерістерге қозғау болған. Қалай дегенмен, кінәлары дәлелденсе, кім болса да, әділ және мүмкіндігінше қатал жазасын алуы тиіс! Осыған аяушылық жасап, жымын білдірмей жаба салайық деген пиғылдағы адамның бәрі – сыбайлас, соны білсін! Педофилияға қатысты заңнамадағы жазаның бәрін күшейту керек.

 

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.