ОҚО-да «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы басталды

    Биыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан облысында  «Астананың 20 жылдығына – 20 нысан» акциясы басталды. Аталған мереке қарсаңында облыста әлеуметтік және кәсіпорын сынды 20 нысан ашылып, ел игілігіне беріледі. Акция аясында Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан «Шымкент Темір» ЖШС-нің болат құю зауыты іске қосылады.   Жалпы құны 4,2 млрд. теңге болатын кәсіпорын жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орны іске қосылғанда 150 азамат жұмыспен қамтылмақ.

      Сонымен қатар, Шымкентте ұлттық теннис орталығы, зообақтың «Сафари» бөлігі мен Астана даңғылының бойында гүлзардың ашылу рәсімі өтеді. Бұдан басқа мерейтой қарсаңында ел игілігі үшін облыс аумағында 4 балабақша,  Шардара ауданында 10 пәтерлі екі қызметтік тұрғын үй мен Төле би ауданында 20 пәтерлі бес қабатты тұрғын үй, ал Бәйдібек ауданында 1 пәтерлі 20 коммуналдық тұрғын үй құрылысы пайдалануға беріледі.

   1-6 шілде аралығында Түркістан қаласында «Яссы құс» шаруа қожалығының екінші кезеңі, сиымдылығы 200 тонна болатын көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын сервистік орталық ашылады. Астана қаласының 20 жылдығына 20 нысан акциясы барысында 200 орындық мәдениет үйі мен 600 орындық мектеп, 60 балаға шақталған «Ақкен» емдеу-сауықтыру лагері және спорт нысандары мен демалыс орындар ел игілігіне тапсырылады.

         Осылайша, оңтүстік өңірде Елбасы жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың арқасында халық үшін маңызы зор бірқатар әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың құрылысы аяқталып отыр. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

 ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.