Болашақты тапсырыспен болжаушы

      Австралияның Канберра қаласында тұратын көріпкел Джо Телеман ерекше қасиетке ие. Ол болашаққа болжамды тапсырыс бойынша жасайды. Және тек шешілуі қиын, өте күрделі қылмыстарды ашумен айналысатын құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін ғана.

Джоның ерекшелігі, ол әлі болмаған қылмыстық оқиғалардың әрбір бүге-шігесіне дейін алдын ала айтып, қылмыскерлердің сыртқы түр-тұлғасын, қылмыс жасалатын қару мен оқиға орнын дәлме-дәл сипаттап бере алады. Оның айтқандары компьютерге теріліп, қағазға басып шығарылады да, желімхатқа салынып, сейфке бекітіліп қояды. Бұл желімхат көріпкел айтқан уақытта шығарылып, ізкесушілердың қолына тапсырылады. Олар ондағы жазылғандармен мұқият танысып, Телеманның қатысуымен шұғыл іздестіру шараларын жүргізеді. Қылмыс­кер­лер әдетте оқиға орнынан ізін суытып үлгермей жатып ұсталады. Джоның өз болжамдарында қателесуі өте сирек кездеседі, тек болмашы нәрселерде ғана мүлт кетуі мүмкін. Бірақ, бұл қателік негізгі міндетті орындауға титтей де залал келтірмейді.

Бірақ, егер Телеман соншалықты білгіш көріпкел болса, оның қасиетін бүкіл Австралиядағы қылмыстың бетін қайтаруға неге пайдаланбасқа? Бұл – қиын шаруа. Өйткені, «болашақты барлап қайтатын» әрбір сеансы Телеманның бар күшін сығып алып, жүйке жүйесіне зақым келтіретін көрінеді. Тіпті аурухана төсегінен бір-ақ шығатын кезі де аз емес. Кейде ұзаққа созылған күйзеліске түсіп, күндіз көзіне түрлі елестер көрініп, түнде қорқынышты түстер көріп шығады. Canberra Daily газетінің репортері Макс Лоренске берген сұхбатында ол болашақты көру қабілеті мен осы азабы көп жұмысының зардабы туралы былай деп әңгімелейді:

– Жиырма бес жасыма дейін мен қыдырымпаз, ұр да жық біреу болдым. Кез-келген адамды жағасынан ала түсіп, соғып тастау, әр қызбен бір жүріп, тастап кету мен үшін түк еместін. Оқуға да құлқым болмады. Сондықтан, кемелерді жөндеу орнына жұмысшы болып орналастым. Кемеге жалданып, трюмға ауыр қаптар мен жәшіктерді де түсіретінмін. Кейде көбірек ақша табу үшін биік крандардың құрылғыларын сырлаумен де айналыстым. Бұл үшін жақсы ақша төлейтін. Біраз қаражат жинап, өзіме көлік сатып алдым. Оған қыздарды отырғызып алып, есіріп, желмен жарысып жүйткитінмін.

Бір күні осылай зырғытып келе жатқанымда үлкен жүк көлігімен соғысып, комаға түстім. Ауруханада өлі мен тірінің арасында жатқанымда маған күнде марқұм анам келіп, менен: «Өмір сүргің келе ме, әлде өзіммен бірге алып кетейін бе?» — деп сұрайтын. Мен анамды кәдімгі жанымда тұрған тірі адам сияқты көрдім. Мен оған әлі жас екенімді, әлі де өмір сүре тұрғым келетінін айттым. Ол маған: «Егер өмір сүргің келсе, ішуді қой, көлікті қатты жүргізбе», — деді. Бұған қоса, менің бұдан кейін тағы да екі рет клиникалық өлім жағдайына түсуім мүмкін екендігін ескертті. Оның айтуынша, ол екі жағдайда да құдай мені өлімнен сақтап, маған ұзақ өмір береді екен, бірақ ешқашан өз отбасым болмай, жалғыз өтетін көрінемін. «Маған сенің көріпкелдікпен айналысуыңа көмек беру тапсырылды. Сен жәбір-қорлық көргендерді қорғау үшін, әділдікті сақтау үшін осы жолға түсуің керек», — деді анам кетерінде.

Ауруханадан шыққан соң екі ай өтпей мен порттағы краннан құлап, тағы да төсек­ке таңылдым. Тағы да марқұм анам жанымнан кетпей, менің бұл жағдайға ескі әдеттерімді тастамай, қайтадан жаман жолмен жүре бастағаным үшін түскенімді айтумен болды. Мен түзелуге уәде бердім. Бірақ, жазылып шыққан соң, тағы да уәдемді ұмыттым.

Менің соңғы рет көлікке отырып, «желмен жарысуым» аяғымнан айырылып, мүгедектер арбасына таңылуыммен аяқталды. Бұл жолы комада жатқанымда анамның өзін көре алмадым, тек даусын естідім. Ол менен: «Енді есіңді жидың ба?» — деп сұрады. Мен: «Иә», — дедім де, көзімді аштым…

Иә, бұған сену қанша қиын болса да, анам әлі күнге маған қарапайым жұрт­тың біле алмайтын нәрселерін білуіме көмектесіп келеді. Бір өте қиын сұраққа жауап таба алмай қиналған кездерімде анам құлағымның түбіне келіп, маған керек ақпаратты сыбырлап жеткізеді. Мен тек қалам мен қағаз немесе ноутбуктың көмегімен айтқандарын жазып аламын. Бірақ, анамның өзін көрмеймін, тек жанымда тұрғанын сеземін және даусын естимін. Егер бөлмеде жақын туыстарымның бірі отырса, олар да анамның даусын естіп, танып жатады.

Анам кеткен соң, мен үшін нағыз азап басталады. Менің бар назарым енді қылмыскерге ауады. Мен ол қайда барса да, не істесе де көзіммен шығарып салып отырамын. Мен өзімді бақылау құралымен салыстырар едім. Бірақ, телекамерадан бір айырмашылығым, иіс сезе аламын, қылмыскердің ойын оқып, ненің қайда болып жатқанын тап басып біле аламын. Мен көріп отырған оқиғалар дәл қазір емес, болашақта болып жатады. Осыған қарап, мен біздің әлемде барлығы алдын ала жасалып қойған бағдарламаға тәуелді ме деген ойға қаламын. Мен осы бағдарламаға жіпсіз байланғанмын. Мен – осы бағдарламаның құлымын. Оны өзгерту менің қолымнан келмейді…

Менің көмегіммен қылмыс ашылған соң, ұзақ уақытқа дейін тірі өлікке айналамын. Ауыр бетон тақтаның астында жаншылып қалған адамды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мен де сондай күйге түсемін. Жан-жүрегім қансырап жатқан сияқты. Ішім қаңырап бос қалады. Ештеңеге зауқым соқпайды. Күйзеліс дегенің мұның жанында жұмақ қой!..

Көріп отырғанымыздай, Джо көріпкелдердің бәріне ортақ «бұл әлемнен безініп, болашаққа, яғни, тозаққа ену» жағдайы туралы шындықты ағынан жарыла әңгімелеген. Бұл туралы теософ-мистик Эммануэль Сведеборг та былай деп жазған: «Мен шындықты «қылкөпірден» анығырақ көремін. Құлпытастағы жазуларды оқып, топырақ астында жатқан адамның рухын шақырамын. Мен екінші көзіммен өз өліміне себеп болған жағдайды айтып беруді өзіне зор құрмет деп есептейтін марқұмды, яғни сұхбаттасымды көремін. Әдетте өлгендердің рухы менің өмірлік нәрімнің — флюидтерімнің бір бөлігін пайдаланады. Оны менің о дүниелік болған туыстарыммен бөліседі. Әсіресе, марқұм анаммен. Оның рухы менің «о дүние» тұрғындарымен сөйлесуіме көмектеседі. Бұл – өте қауіпті, денсаулыққа зияны көп жұмыс. Есесіне өзіме керекті кез-келген ақпаратты ала аламын. Анам менің көп нәрсеге көзімді ашты. Бірақ, мұндай сәуегейлік жасау үшін ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалатын табиғи қасиетің болуы керек. Мұрагерлер менімен қандас туыс болмауы да мүмкін. Бірақ, біз бұл істе бауырласпыз. Арада жүз, үш жүз, мейлі, тіпті сегіз жүз жыл өтсін, менің рухани дәнімнен Жер бетіне пайдалы адамдар өсіп шығатын болады».

Міне, Телеман – осы «Сведеборгтің рухани бауырлас мұрагерлерінің» бірі болуы мүмкін. Бұл ойымызды дәлелдеу үшін оның ғажайып қасиетінің арқасында үлкен дүрбелең туғызған қылмыстық оқиғаның қалай ашылғанын баяндайық.

(Жалғасы бар)

К.ТІЛЕПОВА.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.