Педофильдер тағы қанша баланың өмiрiмен ойнамақ?

Бейбіт тыныш заманда өмір сүріп жатсақ та, бұрын-соңды естімеген, айтуға ауыз бармайтын, елдің ортасына іріткі салып, балаларымыздың болашағына алаңдаушылық тудыратын жантүршігерлік жағдайларды естіп, төбе шашымыз тік тұруда. Заң болғанымен заманның сұранысын қанағаттандыруда пәрмені бәсең бе, әйтеуір ойына келгенін іске асырып, қоғамды «жын ойнақтың» мекеніне айналдырып жіберудің етек алғаны анық-ақ. Бұрын-соңды қазақ халқының тарихында болмаған бұл «дертке» шалдыққан делқұлылар қаншама алаш ұрпағының өмірін тас-талқан етуде.

Соңғы жылдарда елімізде бүлдіршіндерді зорлау фактілері жиі тіркелетін болды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде педофилизмнің өршу үстінде екенін байқауға болады. Әлем бойынша әр 2 минут сайын бір бала сексуалды зорлыққа тап болып, бірнеше мыңдаған кішкентай бүлдіршіндер педофилизм дертіне шалдыққан адамдардың құрбанына айналуда.

Осындай жаға ұстатарлық жағдайдың бірі Шымкент қаласында таяуда орын алды. 33 жастағы тәжік азаматы 18-шағын ауданда 11 жастағы баланы зорлап, арам пиғылын іске асырмақ болған. Бүкіл елдің жағасын ұстатқан бұл жағдай 1 шілде күні тал түсте орын алған. Ер адам подъезге жеткіншекті алдап-арбап жетектеп кіріп, бас салғаны сол жердегі бейнекамераға түсіп қалған. Әлсіз ұлға әлімжеттік жасап жатқан кезде көрші әйел подъезге кіріп қалып, күдікті қашып құтылған болатын. Әйтсе де, ішкі ішкер органдары педофилді бір тәулікке жетпей тұтқындаған. Педофиль қазіргі уақытта өз қылмысын мойындап, осы іске байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы маңда тұратын тұрғындардың хабарлауынша, жақын маңдағы полиция қызметкерлеріне дереу хабарлағанда, олар «бұл біздің ісіміз емес» деп көмек көрсетуден бас тартып, органдар оқиға орын алған жерге тек бір жарым сағаттан соң ғана келген. Тұрғындар осы уақыт аралығында әлгі қаныпезер тағы да басқа балаларға зәбір көрсетсе не болар еді деп ашуланды. Бұл да біздің құзырлы органдардың бейжайлығы мен олардың дәрменсіздігін көрсетесе керек.

Не деген сұмдық!? Қашанға дейін жас балалардың өмірі мен болашағына балта шабыла бермек? Келімсектердің елімізде атой салып, білгенін істеп жатқаны ұлттық намысызмызға қасірет емес пе?

Педофильдердің құрбаны болған баланың психикасы өзгереді, өміріне балта шабылады. Бұл дегеніңіз – үлкен ғұмырлық трагедия.

Ұ.ӨСКЕН

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.