Болашақты тапсырыспен болжаушы

(Соңы. Басы өткен санда).

Canberra Daily газетінің репортері Макс Лоренс былай дейді: «Біздің астанамыздың асқақ­таған абыройын орта сынып оқушы­ларына жасалған қарақшылық шабуылдар жермен-жексен етті. Бұл шабуылдар үнемі бірізділікпен қайталанып отырды. Қылмыскерлер алдымен балаларды көпқабатты үйлердің жеделсатыларында зорлап, куә қалдырмау үшін жоғарғы қабат­тағы баспалдақ жанындағы терезеден далаға лақтырып жіберетін. Ал істерін бітірген соң жылдамдығы жоғары көліктерге мініп, көзден ғайып болады. Тек осы банда мүшелерінің біреуі ғана снайперлік винтовканың нысанасына ілініп қалады. Полицейлер оққа ұшқан қылмыскердің жеке басын анықтаған соң, қалғандарының да ізіне түсерміз деп үміттенеді. Бірақ, ол бір ықпалды әулеттің баласы болып шығады. Ата-анасы бірден оқ атқан снайпер мен оның бастығын сотқа беріп, «тәртіп сақшылары ешбір кінәсі жоқ адамды өлтірді» деп айыптайды. Күдіктіні жер қойнына беріп, басына қара мәрмәрдан құлпытас орнатқан соң, ықпалды отбасы бірнеше адвокат жалдап, қылмыскерлерді құрықтау операциясын басқарған лейтенант пен оның екі көмекшісін қамауға алдырады. Ішкі полициялық тергеу жүргізіліп, нәтижесінде әлгі қамауға алынған үш тәртіп сақшысына абайсызда кісі өлтіру бабы бойынша үлкен жаза мерзімін арқалап кету қаупі төнеді.

Осы кезде құқық қорғаушылардың атына жұққан дақты кетіру үшін және, әрине, әлгі сұмдық қылмыстардың бетін ашу үшін полиция прокуратурамен бірлесе Джо Телеманның қызметіне жүгінеді. Айта кету керек, австралиялық сот та, басқа мемлекеттердің соттары да экстрасенстердің болжамын айып­талу­шының кінәсін дәлелдеу немесе ақтауға көмегі тиетін айғақ ретінде қабылдамайды. Көріпкел тек бір жағдайда ғана пайдалы бола алады. Ол ең алдымен қылмыскерлерді қолға түсіруге көмектесетін нақты дәйек тауып беруі керек. Жай адам үшін бұл тіпті де мүмкін емес нәрсе. Бірақ, тек Телеман үшін емес. Ол өз қасиетінің арқасында қылмыскерлердің бұған дейін қамауға алынған тәртіп сақшылары отырған камерадан орын алып, өмірлік бас бостандығынан айырылу жазасына кесілуіне ықпал етеді.

Бұл қалай болды? Джо жанына полиция сарапшылары, стенографистер мен ізкесушілерді ертіп, қылмыскерлердің бірі жерленген зиратқа жол тартады. Құлпытасқа алақанын басып біраз тұрған Телеман көп бөгелмей, әлгі жігіттің рухы қатты азаптанып жатқанын, жаны тынышталу үшін кез-келген ақпаратты беруге дайын екенін айтады. Осы кезде сарапшылар бейнекамералары мен диктофондарын іске қосады. Олардың көз алдында болып жатқан жағдайға сырттан қараған адам күле қарауы мүмкін. Алдымен Джо арадағы дәнекер – анасымен амандасып алады. Содан соң ұзақ сөз алмасу басталады. Джо өзі сұрақ беріп, марқұмның атынан өзі жауап береді. Оның аузынан балаларды зорлау қылмысының қалай болғанын бүге-шігесіне дейін естіген сол жерде тұрғандардың бәрінің денесі түршігеді. Джо қылмыскерлердің балаларды аңдып, алып кеткен мектептердің нөмірлері мен мекенжайларын түгел дұрыс айтып шығады. Оларға зорлық көрсеткен үйлердің нөмірлерін де қателеспей атайды. Қазір сол қылмыскерлердің қолынан өлген балалардың бәрі жанында тұрғанын, өздері үшін кек алуды жалынып сұрап тұрғанын айтады.

Сену қиын, бірақ Телеман қылмыскерлердің аты-жөнін толық атап, олардың сыртқы түр-тұлғасын дәлме-дәл суреттеп береді. Ең бастысы, олардың №17 би спорт алаңындағы бос жатқан қойма ғимаратында тығылып отырғанын айтады. Қылмыскерлердің қолында автоматты қару бар екенін, бірақ, олар қазір есірткіге елтіп отырғандықтан, қарсылық көрсете алмайтындықтарын да ескертеді. Бірден портқа аттанған құрықтау тобы есірткіге масайып, ес-түссіз жатқан қылмыскерлерді қолға түсіреді. Олар жасаған қылмыстарының бәрін мойындауға мәжбүр болады.

Бұл оқиғаның ең қызық тұсы – Телеманның жазбасы салынған желімхаттың сейфтен алыну сәті. Онда: «Бәрі 2006 жылдың 22 сәуірінде, мен қылмыскерлердің бірінің №8 аллеяда орналасқан №36 бейітіне барған соң айқындалады. Жерлеу рәсімі 23 наурызда Канберраның Шығыс зиратында өтеді. Марқұм – боксшы, шашы сары, маңдайында тыртығы бар», — деп жазылыпты. Хаттың астына 2006 жылдың 3 наурызы деп қол қойылған. Ал бұл кезде боксшы әлі бостандықта және тірі жүрген болатын.

Джоның айтуынша, тергеу кезінде қылмыскерлер істі шатастыруға тырысып, жалған сөйлей бастайды. Сол кезде Джо олардың өтірігін шығарып, оқиғаның нақты қалай болғанын, кімнің не істегенін өздеріне бүге-шігесіне дейін айтып беріп отырады. Қатты таңқалған қылмыскерлер тіпті оны күндіз-түні өздерін аңдыған екен деген ойға кетеді. Бірақ, олар Джоның өздері ұрлаған көліктерге қалай байқатпай кіріп алғанын, ондағы жантүршігерлік әңгімелерін қалай естіп алғанын  түсіне алмай әлек болады.

Мұнымен қоймай, Телеман олардың балалардан бөлек, тағы да екі әйелді өлтіргенін де мойындарына қойып береді. Қылмыскерлер бұл жолы бұлтара алмайды. Себебі, отыз жасар екі әйелді зорлап, өлтіріп тастап кеткен жертөлені көріпкел айна-қатесіз суреттеп берген еді…».

Джо Телеманды ғылыми ортада «ерекшенің ішіндегі ең ерекше жаратылыс» деп атайды. Мұндағы айтпағы, біздің планетамыз мұндай болашақпен байланыс орнатқан адамдардан кенде емес. Ғылыми тұжырымдардың бірі олардың бұл қасиетін қатты жарақат немесе үлкен соққы салдарынан ми құрылымдарындағы өзгерістің салдарынан туындайтын құбылыс деп түсіндіреді. Бірақ, егер соққы салдарынан ашылуы мүмкін қасиет болса, онда ол адамдардың бәріне тән нәрсе болуы керек қой. Демек, күндердің күнінде заманауи ғылым бұл қасиетті барлық адамзат баласының пайдалана алуына мүмкіндік беруі де ғажап емес…

Дайындаған К.ТІЛЕПОВА.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.