«Күлдiремiн деп, бүлдiретiндер» жайлады

Бүгінде қазақ телеарналарында «сайқымазақтардың» жұлдызы жанып-ақ тұр. Орынсыз күлкі, дарақы әзіл, бос әңгіме.

Телеарна басшылығында отырғандардың ойлау қабілетінің деңгейінің жеткен жері осы ма, әлде, жас ұрпақты рухани азғындыққа жеткізудің төте жолы, яки эфирді толтырудың амалы ма?

Бұрын тыңдарман мен көрерменнің талғамы биік болса керек, халқымыздың тарихы мен мәдениетін насихаттайтын түрлі бағдарламалар көп болатын.  Ол хабарды өз ісінің мамандары ғана жүргізетін. Ал, қазір тілдің заңдылығын сақтамай күлдірген болып, екі сөздің басын қоса алмайтындар эфирлерді толтырып жатыр. Одан қалса, шоу бизнестің етегінде жүрген «әншісымақтарға», «күлдіру мен бүлдірудің» шыңына шыққандарға, әлеуметтік желінің «жұлдыздарына» бағдарлама тізгіні тапсырылған. Әйтеуір амалын тауып күлдірсем дей ме, болатын дүниені де, болмайтын дүниені де айтып әлек. Бірақ оларға биліктен қой деп жатқан жан жоқ. Сосын білгенін істемей қайтсін?

2007 жылға дейін телеарналарда сараптамалық бағдарламалардың шоғыры қалыптасқан еді. Телеөнімдер қоғамдық пікірді қалыптастырушы күшке айнала бастаған болатын. Алайда соңғы уақытта мемлекеттік телеарналардың бағдарламаларының көбі арзан ойын-күлкіге құрылып кетті. Даңғаза ток-шоулардан көрермендер жалығып, мезі болып бітті. Андрей Малаховтың «Пусть говорят» секілді жұртты жалықтырмайтын ток-шоулар жоқтың қасы. Сосын әншілерден аяқ алып жүргісіз.

Сайқымазақтың ушыққаны соншалықты, енді «Хабарда» «Пәленшеевтер», НТК-да комедия мен сатираға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бірдеңе деген «комедиялар» қосылыпты. Одан қалса «Әзіл әлемі» секілді сатира театрының әзілкештерін бағдарлама жүргізушісі етіп қойып әлек.

«Әзілмен», «Түнгі студия», «Қызық times», «Шай ішейік», «Әзіл әлемі», «Ойлан, тап!» – барлығы дерлік бос әңгіменің сойылын соғып жүргендер. Бұл бағдарламада айтылып жатқан әңгімені тыңдасаңыз тіпті ызаңыз келеді. Әнші мен әзілкеш отырып алып, біреуі күлдіріп, біреуі бүлдіріп әлек.

Одан бөлек комедиялық телесериалдар да жетерлік. Ал әлгі 3 сағат бойы тікелей эфирде көрсетілетін нағыз «сайқымазақтардың» басы қосылған «Қалаулым» мен «Кел, келінім» 2-маусымын бастапты-мыс. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» әңгімесі болып қалды ма, әйтеуір ол бағдарламалар жайлы түрлі БАҚ өкілдері мен ел ағалары шырылдап дабыл қаққанмен нәтиже жоқ. Қайта одан әрі білгендерін істеп әлек. Осы бағдарламалар тұрғанда «тудың авторын білмесе де, «найнти уанды» білетін» сауатсыз ұрпақ қарасы көбеймей қайтсін?

Арзанқол, мағынасыз, іші қуыс идеологиямен ауызданған жастардан ертең кім өсіп шығады? Олар ұлттық, мемлекеттік құндылықтарды әлемдік деңгейде насихаттап, қорғай ала ма?

Ендеше, мына қарқынымызбен  сайқымазақ пен бос қылжақты бірте-бірте ұлттық мәдениетімізге айналдырып жатқан жоқпыз ба? Мұның барлығының қазақ халқына зияны болмаса, пайдасы жоқ шығар-ау.

 

Мәдина Тағай

 

«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.