Мекемтас Мырзахметұлы … Жемге құмар шенеуніктердің кінәсінен болып отыр

Дін туралы өлі заң шығарған тиісті органдар кінәлі. «Есігіміз ашық» деп, бас қосқан бес-алты миссионердің ұйымын тіркей берді. Мемлекетімізде 48 діни конфессия пайда болды. Олардың мақсатын, пиғылын танып, зерттемеді. Бұрын біздегі жат діни ағымдарға жыл сайын астыртын 12-13 млрд. доллар құйылып отырса, бүгінде 15 млрд. долларға көтерілді. Қайдан келіп жатқан тегін ақша, ойланбай ма? Сырттан енген 48 діни конфессия қазақтардың арасынан өздерінің кадрларын мықтап даярлап алған. Қазір істі жүргізіп жатқандар – сол дінге іш бұратындар.

Бір жаманы, қазақтың мықты деген интеллигенциясы – жазушы, ғалым, өнерпаздары сатылды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Дінін шаншып істікке, Әркім бір жем іздеп жүр» деген заман туды. Мысалы, бүгіндегі барлық бүлікті салушы – ваххабиттердің басында кім тұр? Атын атамай-ақ қояйын, ол – өзі депутат, әрі өнердің шыңына шыққан азамат. Ол ваххабиттердің дүниетанымына қызыққан жоқ, оны ақшаның буы алып кетті. Ал Досым Омаров дегеннің Абайды кришнаиттық таным тұрғысынан зерттеген докторлығына қарсы тұрып, қорғатпай тастадық. Кришнаиттердің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ол қаншама қаракөзді бүлдіріп үлгерді. Ең сорақысы, оған ғылыми жетекшілік етіп, тақырыбын бекітіп берген – Философия институтының директоры.

Одан кейін жаңа пайғамбар жасаушы ахмадия деген ағым бар. Орталығы, басшысы – Семейде. Қайдан екені белгісіз, қыруар қаржы құйылып жатыр. Бұлар – «дінін істікке шаншып, жем іздеп жүргендер», дінді бизнеске айналдырғандар деп түсінемін.

Діни сенім мен діни бірлестіктер туралы заң ұлттық қауіпсіздігімізді, мәдениетімізді, бірлігімізді сақтайтын заң болса, дін мәселесі өз сабасына түседі. Мемлекетімізде ислам мен православие дініне заңдық басымдық беру керек. Ал шетелден ақша алып, ел арасында алауыздық тудырып жатқандарды не үшін тайраңдатамыз?!

Дінсіз қоғам да, мемлекет те өмір сүре алмайтынын тарихи тәжірибе дәлелдеді. Біз де өз дінімізді, рухани жолымызды ұстануымыз керек. Ол – Алланың бұйырған діні ислам, Имам Ағзам жолы, Ясауидің хәл ілімі. Ата-бабаларымыз мың жыл бойы ұстанған осы рухани, діни дәстүрді ұстансақ, біздің шешуші идеологиямыз болады. Ол болмаса адасамыз, қазірдің өзінде адасқандай күйдеміз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық жағдай қиындап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен тұста балаларымызды Мысыр, Арабия, Сирия елдерінде тегін оқытатын «қамқоршылар» табылды. Сол жақтан оқып келген жастарымыз шолтиған балақ, қырма мұрт ваххабқа айналып шыға келді. Елге оралған соң да оларға «қамқоршылары» қаржы жіберіп отырды. Көбейіп, күшейіп үдегені сонша–ашық қарсылық көрсетуге, лаңкестік жасауға көшті. Алайда, бұл мәселеге үкіметіміздің, құқық қорғау органдарының немқұрайлы көзқарасын түсіне алмай жатырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жұртшылық ваххабизмнің қатерін шулап айтып, жан дауысы шығуда. Енді неге тезірек қолға алмайды? Тіпті ол содырлардың кім екенін ашық айтпай, «дін жамылған террористер» деп оларды қалқалауы нені көрсететіні белгілі ғой. Үндемей отырғанын сырттан жем алып қойған деп түсінеміз. Қазба байлығы да, рухани байлығы да мол Қазақстан державаға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан оны қаламайтын алпауыт күштер мемлекетіміздің аяғын тұсап, іштей ірітіп, бытыратқысы келеді. Топ-топқа бөлініп, бір-бірімізбен айтысып-тартысып жатқанда тағдырымызды басқалар шешеді. Бетіңе күліп, арқаңнан тілетін жат ағымдардан қашып, мемлекет, ұлт мүддесіне қызмет етуіміз керек. Діни басқарманың «салафизм–адасқан ағым» деген пәтуасы шықса да, жалпақ жұртқа айла-шарғысымен ұлт жанашыры, патриот ретінде көрінген саясаттағы, ғылымдағы, өнердегі сатылған қайраткерлерімізді білеміз. Қазір біз, қазақ зиялылары көп нәрсені көріп, танып қоямыз. Сондықтан да жазғанымызды, айтқанымызды тыңдау керек.

Қазақ ваххабиттердің әулие-әнбиелерге, әруаққа, қазақы ұлттық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерге өлердей қарсы болып, «оларды айтсаң, Аллаға серік қосасың» деп жұртты үркітіп жүруінің түп тамыры осындай жалған танымнан шығып жүргенін білу керек. «Шірік қосуды» әсіресе қазаққа тыраштанып айтып керегі жоқ. Түрік халықтары әрі олардың қарашаңырақ иесі қазақтардың ата-бабалары монотеистік әһли кітапты ұстанған иудаизм, христиан, мұсылман діндерінен ондаған ғасыр бұрын монотеистік тәңірлік дінді ұстанған халық екенімен санаспай бола ма екен? «Тарихтың атасы» аталған Геродот: «Сақтар Тәңірге, бір Құдайға табынады»,- деп жазып кетті емес пе? Бұның өзі қазаққа дін ислам келмей тұрғанда болған жағдай. Осы себепті біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап, олардың әрбір әрекетіне ғылыми, теологиялық таным тұрғысынан талдау арқылы жауап беруге міндеттіміз.

Қазақстан, тіпті әлем ваххабизмге тыйым салуы керек. Бүкіл дүниені бүлдіріп, былғап жатыр. Ауғанстаннан тыныштық кетті. Ресми үкіметіне тәлібтер – ваххабиттер қарсы шығуда. Мұздай қаруланған олар біздің елімізге де бас салудан тайынбайды. Қазір «реакциясы қалай болар екен» деп әр жерден «проба» жасап көріп жатыр. Бұл мемлекеттің саясатынан емес, жемге құмар шенеуніктердің кінәсінен болып отыр.

 

«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.