Елiмiз бейбiтшiлiк пен бiрлiктiң туын көтердi

Жуырда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының VI съезі өтіп, онда Декларация қабылданды. Биыл «Діни лидерлер – қауіпсіз әлем үшін» деген тақырыппен өткен жиынға 42 елден құрамында беделді діни көшбасшылар, саясат­керлер мен қоғам қайраткерлері бар 80-нен астам делегация қатысты. Әлемдегі діни бірлестіктер өкілдері Съезде белсенділік танытып, өз тұжырымдарын ортаға салды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның осы шараны өткізу бастамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көшбасшыларына, халықаралық ұйым­дар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдіре келіп, әлемнің және жекелеген аймақ­тардың алдындағы жаңа заманға тән қауіп-қатерлерді атап, ғаламды құтқару жолдарын, негізгі қиындықтарды екшеп берген болатын.

– Алғашқы тарихи съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық.

Елбасы сондай-ақ бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жасампаздық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету жолында Қазақстанның жұмсаған күш-жігері мен елорданың рөлі жөнінде айтты.

– Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді.

Сонымен қатар, әлемдегі геосаяси шиеленістің және санкциялық текетірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқтала келіп:

– Елдердің, геосаяси блоктардың арасында жаңа дуалдар мен «темір перделі» кедергілер бой көтеруде. Бірақ, ең қауіптісі, адамдардың ой-санасы мен жүректерінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негізін қалауға емес, бәсеке үшін сылтау іздеуге, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр. Технологияның қарыштап дамуына, жалпыәлемдік байлықтың артуына қарамастан, әлеуметтік кеселдің ауқымы арта түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, жер шары халқының 14 пайызы аштықтың азабын тартып отыр. Жұмыссыздардың жалпы саны 190 миллион адамнан асты. Бұл радикализмнің өріс алуына негіз болатын әлеуметтік теңсіздікті күшейте түседі. Сондықтан, қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру негізгі мәселе болып саналады, — деді Қазақстан Президенті.

Елбасы түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сындарлы ынтымақтастық идея­ла­рын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі жөнінде айта келіп:

– Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қара­мастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін» — дей отырып:

«Ақпараттық қоғам дәуірінде біз бейбітшілік пен келісім идеясын жаһандық деңгейде ілгерілету үшін жаңа техноло­гия­лар­дың барлық артықшылығын пайдалануымыз қажет. Сол үшін Съезіміздің базасында Ақпараттық портал құру ұсынылып отыр» – деді.

Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді. Сонымен қатар Елбасы білім мен ағартушылықты насихаттаудың маңызды екенін, сондай-ақ білім алудың қол- жетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атай келіп:

– Білім мен ғылымға жаппай ұмтылмай, кедейшілік пен қайыршылықты жеңу мүмкін емес. Тек білім ғана радикализм идеяларының бүкіл көріністеріне қарсы орнықты иммунитет қалыптастырудың негізі болып саналады. Бұл тұрғыда діни білімнің де маңызы орасан зор. Қазір оның платформасын әртүрлі жалған діни ұйымдар белсенді пайдалануда. Сондықтан, әлемдік және дәстүрлі діндер діни құндылықтарды саяси идеологемалардан  ажырату жөніндегі жұмыстарды атқара алар еді.

Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін өңірлік және жаһан­дық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыра береді. Айтылған бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфес­сияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде орталық құруға дайынмын,- деді.

Қазақстан Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы айтулы жиынды қорытындылау сөзінде:

– Съездің жалпы және секциялық отырыстарында қауіпсіз әлемді нығайтуға және руханият пен діни дәстүрлердің рөлін арттыруға бағытталған құнды бастамалар көтерілді. Осы сипаттағы қарым-қатынастар өз жалғасын табатынына және нығая түсетініне кәміл сенемін. Съездің түпкі мақсаты да осыны көздейді. Барлық конфессия өкілдерінің белсенділігі мен өзара іс-қимылдары қарқынын жоғалтпауы тиіс. Форум барысында ашық айтылған мазмұнды ой-пікірлер мен ұсыныстарды терең зерделеп, ой елегінен өткізу қажет. Әлемнің жаңа бейнесіне қатысты ортақ көзқарас пен өзара түсіністік бар екендігіне көз жеткіздік,-деді. Сонымен қатар Астанадағы айтулы жиынның маңызына тоқтала келіп:

– Бүгінде Съездің шынайы алаңы – Астана ғана емес, барша әлем қоғамдастығы. Себебі бүкіл әлемде әр алуан дінді ұстанатын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігуде.  Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адам бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты қалайды. Халықтар шын мәнінде, бітімгершілікке зәру екені анық.  Бүгін осы залда отырған дін жетекшілері, белгілі саясаткерлер мен халықаралық ұйымдардың басшылары өз мемлекеттері мен халқына VI съездің қорытындыларын жеткізеді деп үміттенемін. Декларацияның негізгі шешімдерін азаматтық қоғамның барлық деңгейдегі институттары арқылы сіздер белсенді түрде насихаттайды деп сенемін. Делегация басшыларына, VI съездің барлық қатысушылары мен қонақтарына бейбітшілік пен жасампаздық жолындағы жауапты қызметтері үшін және Съездің ізгі идеялары мен бастамаларын ілгерілетуге қосқан қомақты үлесі үшін  алғыс айтамын,-деп сөзін түйіндеді.

Сонымен қатар 20 мың данамен айналымға енгізілетін пошта маркасы таныстырылды. Маркада Съездің логотипі, Бейбітшілік және келісім сарайы, зәйтүн ағашының бұтақтары мен бейбітшіліктің символына айналған көгершіндер бейнеленген. Қазақ және ағылшын тілдерінде «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі» деген жазу бар.

Ал Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының кеңесшісі (САК) Мункиз Махмуд Ас-Сакар да әлемдік қоғамдастықтың, оның ішінде дінбасылардың бейбітшілік жолындағы іс-қимылының әлсіздігін көрсете келіп:

– Әлемдегі көптеген зұлымдықтың астарын діннен іздейтін жаңсақ, сыңаржақ ойлармен келіспеймін. Жер бетіндегі соғыстар осыдан бес мың жылдай уақыт бұрын басталған. Сол кезде де, қазір де соғыс өрті шикізатқа талас, кек алу, трансұлттық компаниялардың шатақтарынан бастау алып келді. Әрине діндарлар да таза болды деп есептемеймін. Жаңа замандағы қауіп-қатерлерді кешегі отырыста Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев нақты әрі ашық айтып берді. Әлемдік деңгейдегі басшының сөздеріне толық қосыламын. Әлемде қазірдің өзінде соғыс өрті өршіп тұр. Әрбір соғыста мыңдаған адамдар опат болып, мыңдаған адамдар баспанасыз қалуда. Халықаралық қоғамдастық жаңа замандағы жетістіктерге қарамастан, сол соғыстарды тоқтатуда дәрменсіздік танытуда. Ғалымдардың өзі қажетті тетіктерді таба алар емес. Оның үстіне, біз – дінбасылар бейбітшілік жолындағы өз міндеттерімізді, парызымызды толық орындап отырмағанымызды мойындауымыз керек. Қазір адамзатты адамшылыққа жетелейтін рух бере алмай келеміз. Демек енді Астана жиынынан соң біздер әлемді тығырықтан шығарар жолды ұсынуымыз керек. Қазіргі жағдайда тек діни көшбасшылар ғана қиындықтың күрмеуін шешер кілт таба алады,-деді. Сарапшылар әлемдік деңгейде жоғары баға берілген Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХI ғасыр» манифесі – жауапкершілігі мол мемлекет пен оның саяси көшбасшысының айқын дауысы екенін көрсеткен. Бразилия «UniaoPlanetaria» үкіметтік емес ұйымының президенті, «TV-Supren» телеарнасының жетекшісі Улиссис Ридель де Ресен:

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі бейбітшілікті қалыптастыру үшін белсенді қызмет етіп келеді. Мемлекет басшысының сұңғыла саясаты, бейбіт­сүйгіштік қасиеті, салмақты қадамы – көп елдерге үлгі. Қазақстан – 100-ден аса этнос өкілінің тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан берекелі ел және дінаралық, ұлтаралық татулықтың ұстаханасына айналды,-деді. Жалпы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің нәтижелері әлемдік саяси сахналардан көрініс табатыны анық-ақ.  Бұл жиынға қатысушылар Бейбітшілік және келісім сарайының опера залында өткен салтанатты концертті тамашалап, «Нұр Әлем» болашақ музейіне баруымен аяқталды.  Келесі съезд 2021 жылы Астана қаласында өтетін болып келісілді

Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абдуләзиз әл-Насермен кездесуінде:

– Қазақстан көпконфессиялы мемлекет ретінде конфессияаралық диалогты дамыту ісіне өз үлесін қосуда. Бұл Өзіңіз өкілдік ететін ұйымның мақсаттарына сай келеді, — деді және халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және қоғамдағы өзара келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін Насир Абдуләзиз әл-Насерді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Елбасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Томас Гремингермен кездесуде ризашылық білдіре отырып:

– 2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенін білесіз. Біз бұл ұйымның осы ғасырдағы жалғыз саммитін өткіздік. Оның нәтижесі бойынша маңызды декларация қабылданды, — деді.

«Қазақстан жолы» – ақпарат.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.