КЕРЕҒАР АҒЫМ – КЕЛЕҢСІЗ ҚҰБЫЛЫС

Діни экстремизмнің және кереғар ағымдардың таралуы негізінен діни сауатсыздықтан туындайды. Ия, жастарымыздың имандылыққа бет бұрғаны жақсы, бірақ көзқарасы қалыптаса қоймаған,  оның үстіне әлі де өз ортасын  тауып үлгере алмаған жас адамның еліктегіш келетіні анық. Сондай жастарымызды  дәстүрлі емес түрлі діни ағымдар тез танып, оларды бірден өз орталарына ептілікпен тарта білуде. Демек, оларға қарсы ақпараттық-насихаттық күресті күшейткен дұрыс. Өйткені жастарымызға теріс наным-сенімді, діни фанатизмді таратушы топтарға біз тек ұлттық рухани құндылықтарымызбен ғана қарсы тұра аламыз.

Яғни, діни экстремизмге қарсы күресте ең әуелі  діни сауаттылықты арттыру маңызды қадам екендігін ұмытпаған жөн. Діни сауаттылықты жақсарту орта мектептердегі «Дінтану» курсын оқытудың маңызы мен сапасын арттырудан басталып, діни экстремизм туралы түсінік, оның негізгі белгілері мен қауіптілігі туралы мәліметтер осы пән аясында кеңінен қамтылуы керек. Біздің жастарымыз жалпы дәстүрлі  діндердің тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесін танып білумен қатар, жалған діндердің белгілерін ажырата алулары да керек. Бұл олардың  радикалды  топтардың ықпалында кетпеуіне оң әсер етер еді деп ойлаймыз. Жуырда өңіріміздегі аудан-аудандарда өткен кең ауқымды шараларда да осы мәселелер кеңінен қоғам талқысына салынды.

Еліміз егемендігін алғалы бері рухани байлығымыз – тілге, дінге деген құрмет артып келеді. Дін-нәзік әрі күрделі мәселе. Өйткені, діни сенім адам құқығының ежелден келе жатқан табиғи феномені. Діннің еліміздегі бірліктің бір діңгегі әрі рухани тірегі болуына ел Президенті мен Үкіметі тарапынан ұдайы назар аударылып отыр.

Күні кеше жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасымыз біздің тарихымыз бен дәстүрімізге де кеңінен тоқталған.

Бұл тарапта Түлкібас ауданындағы дін саласындағы тұрақтылықтың қамтамасыз етілуіне, ынтымақ пен бірліктің артуы мақсатында аудан көлемінде біршама нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

Бүгінгі таңда ауданда ҚМДБ-ға қарасты 48 мешіт жұмыс жасауда. Аудандағы діни ахуалды тұрақты деп сипаттауға болады.

Облыс әкімінің арнайы тапсырмасына сәйкес, облыс аумағында ұйымдастырылып жатқан «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі жиынның мақсаты да облыс тұрғындарының мәдени және рухани сезімдерін қалыптастыру, деструктивті діни ағым жақтастарын қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу, мемлекет пен дін арақатынасындағы зайырлылық ұстанымы бойынша халықты ақпараттандыру болып табылады.

Ауданға ат басын бұрған керуеннің құрамында Түркістан облысы дін істері басқармасы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі директорының орынбасары М.Бесбаев, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ш.Мамытханова және басқа да белгілі азаматтар келіп, еркін форматта әңгіме-сұхбат түрінде жиын өткізді.

Кездесуде теріс пиғылды діни ағымдар мен тыйым салынған діни ұйымдар туралы жан-жақты мәлімет беріліп, білім алушыларды экстремизм, терроризм және діни радикализм идеологияларын қабылдамауға үйрету, рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде толеранттылық қасиетке тәрбиелеу және олардың гуманистік дүниетанымын қалыптастыру көзделген болатын. Кездесуде оқушы жастарға еліміздің зайырлылық туралы заңы және дәстүрлі құндылықтарымыз түсіндірілді. Тақырып кеңінен талқыланып, әлеуметтік желілердегі жалған діни уағыз-насихаттардың көбейіп кеткендігі және одан сақтану жолдары да айтылды.

Ал «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі жиынның Арыс қаласындағы отырысында да М.Беспаев пен Ш.Мамытханова қатысып, жиынды Арыс қаласы әкімінің орынбасары Р.Айтбаев жүргізіп отырды.Келесі кеңесте дінтанушы Д.Оспановтың, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ш.Мамытханованың, Арыс қаласының «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының хатшысы Қ.Балқыбековтың және Ж.Байғуттиева атындағы өнер мектебі директорының орынбасары Т.Әбдіковтың баяндамалары тыңдалып, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар берілді.

«Қазақстан жолы» газеті, №44 (689) 30.11.2018 жыл.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.