ӘЛЕМДЕГІ ЖҰМБАҚ ОҚИҒАЛАР

                                                                        Мария Целеста

1872 жылы «Мария Целеста» желкенді кемесін ағыл­шын бригі тауып алады. Қозғалыс траекториясына қарағанда, оны ешкім басқарып келе жатпағаны түсінікті еді. Кеменің бортында бірде-бір экипаж мүшесі не жолаушы болмай шығады. Заттарына қол тимеген, азық-түлік пен су қоры да сол күйі. Вахталық журналдағы жазбалардан белгілі болғандай, кеме діттеген жеріне жетуге аз қалған. Одан әрі не болды – әлі күнге белгісіз. Істі тексерген комиссия «экипаж әлдебір себеппен барлық заттарын тастап, кемені тастап кетуге мәжбүр болған» деген тұжырым жасады. Әзірге бұдан басқа нақты болжам жоқ.

                                                                         Кыштым ергежейлісі

1996 жылы бір егде әйел Ресейдегі Кыштым поселкесінің түбінен беймәлім тіршілік иесін тауып алады. Бір қарағанда, ол кішкентай гуманоидке (бөгде­ғаламшарлық) ұқсайды. Әлгі әйел бойы небәрі 30 см тіршілік иесін Алешка деп атап, бір ай бойы үйінде ұстайды. Сосын «Алешка» өліп қалады. Оның мәйітін кейін милиция тауып алады. Бірақ, зерттеушілердің қолына түскен Кыштым ергежейлісінің сүйегі жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді.

                                                       Мерген шоқжұлдызынан жеткен белгі

1970 жылы АҚШ-та жерден тыс өркениет белгілерін іздеу жұмыстары басталады. Бұл үшін аспанның әртүрлі бөлігін ска­нер­лейтін радиотелескоп пайдаланылады. Ғалымдар оның көмегімен өзге өркениеттердің белгілерін ұстаймыз деп үміттенеді. 1977 жылы жердегі қабылдағыштардың бірі жұмыс істейтін жиілікте Мерген шоқжұлдызынан бір дыбыстық белгі келіп жетеді. Ол 37 секундқа созылады да, тоқтап қалады. Бұл белгінің қайдан шыққаны, оның нені білдіретіні әлі күнге жұмақ.

                                                                         «Мальборо» кемесі

Мұздатылған қой етін тиеген «Мальборо» кемесі 1890 жылы Жаңа Зеландиядан шығып, Горн мүйісінің тұсында жоғалып кетеді. Кеменің бортында 23 экипаж мүшесі мен бірнеше жолаушы болады. Іздеу жұмыстары сәтсіз аяқталып, желкенді кеме теңіз дауылынан суға батып кетті деген болжам жасалады. Алайда, арада 23 жыл өткенде кеме Оңтүстік Америкадағы Отты жер аралының жағалауынан табылады. Кеме жақсы сақталған, бірақ бортындағы адамдардың сүйегі ғана қалыпты. Онда да арасында 10 адамның мәйіті табылмайды. Экипаж мүшелеріне не болды, қалған 10 адам қайда кетті–белгісіз. Ауа-райының жайсыздығынан кемені портқа әкелу мүмкін болмайды. «Мальборо» әлі күнге теңіз бетінде мақсатсыз жүзіп жүр. 

                                                               Дятлов тобының жұмбақ өлімі

Бұл қайғылы оқиға бүкіл әлемге белгілі және ол 60 жыл бұрын болған жағдай жайлы ақиқаттың бетін ашқысы келетіндерге маза бермей келеді. 1959 жылы Игорь Дятлов бастаған туристік топ Солтүстік Орал тауларында жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді. Кейінірек топ мүшелері палатканың сыртында жалаңаш жатқан күйінде табылған. Тоғыз адамның бәрі мұз боп қатып қалған. Кейбірінің ішкі мүшелері үстінен ауыр бірдеңемен соққылағандай езіліп кеткен. Бірақ, терісіне ешқандай зақым келмеген. Бұл жұмбақ өлімінің себебін әлі ешкім анықтай алмай отыр.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.