Дәстүрлі құндылықтар насихатталды

Өңірімізде кереғар ағымдардың алдын алуға бағытталған. «Дәстүрлі құндылықтар керуені» көшпелі жиынының кең көлемде өтіп жатқаны белгілі. Жуырда кезекті басқосу Бәйдібек аудандық Жастар сарайында да өтті. Көшпелі іс-шараға аудандық терроризмге қарсы комиссияның мүшелері, терроризмге қарсы комиссия жанындағы жұмысшы топтың мүшелері, аудандық, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары, ауылдық округтердің төбе билері, жалпы білім беретін мектептердегі «Зайырлылық және дінтану» пәнінің мұғалімдері, зиялы қауым өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиынды аудан әкімі Б.Танагөзов жүргізіп, аудан тұрғындарымен кездесуге арнайы келген облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары М.Бесбаев, орталықтың теологы Ф.Тайтелиев, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ш.Мамытханова күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасады.

Сондай-ақ жат ағымдарға қарсы күресте дәстүрлі құндылықтарымызды құрметтеудің, насихаттаудың мәні зорлығын айтқан аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ә.Бақтайбекұлының, Қ.Спатаев атындағы жалпы орта мектебінің дінтану пәнінің мұғалімі М.Досбергеновтің, т.б. пікірлері көпшіліктен қолдау тапты.  Жиынды аудан басшысы Б.Төленұлы қорытындылап, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан терорризмге қарсы саясатты, дін саласындағы жағдайлар бойынша халық арасында кеңінен ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру керектігін баса айтты.

Расымен де халқымыздың дәстүрлі рухани мәдениетін дәріптеу, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адам­гершілік қағидаларын насихаттау, рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы біз дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы күресте жеңіске жететін боламыз. Сонан соң «Дәстүрлі құндылықтар керуені» көшпелі іс-шарасы Кентау қаласында жалғасып, жиынға келген көпшілік арнайы бейнероликті тамашалады. Бейнероликте байқаусызда әлеуметтік желі арқылы кереғар діни ағымдардың ақпараттарын таратқан жастардың істі болып, темір торға тоғытылғаны баяндалған.

Жиынның мәні мен маңызын атап өткен дінтанушы маман Ф.Тайтелиев өзінің байыпты баяндамасында жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуінің басты себептері мен күрес жолдарына тоқталды. Ал, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ш.Мамытханова «Мәңгілік елдің мәңгілік құндылығы – ұлттық салт дәстүр» атты тақырыпта әңгіме өрбітті. Облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары М.Бесбаев кереғар ағымдармен көпшілік болып күресу қажеттігін жеткізіп, мұндай іс-шараны әрбір ауылда ұйымдастыруды ұсынды. Қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы М.Абдуллаев салт-дәстүр жайындағы орамды ойларын ортаға салды. Жиын соңында көпшілік тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сұрақтарға жауаптар берілді.

Ал Созақ ауданында әңгіме-сұхбат түрінде еркін форматта өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Әлмағанбет ашып, Елбасымыздың жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мен дәстүрлі Жолдауларын қысқаша баяндады.Өз сөзінде ол салт-дәстүрімізді жаңғыртып, тура жолға бастаған дінімізге, ділімізге, мәдениетімізге құрметпен қарауға шақырды. Мұнан соң көпшілік ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлі дініміз жөнінде арнайы дайындалған бейнероликті тамашалады. Отырыс барысында дінтанушы мамандар ұлттық құндылықтарымыз бен асыл дініміз, кереғар ағымдар жөнінде маңызды ойлары мен құнды пікірлерін ортаға салды. Бір-бірімен емін-еркін пікір алмасқан көшпелі отырысқа қатысушылар өз ойларын бүкпесіз ортаға салып, жиыннан мол мағлұмат алды. Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Б.Әлмағанбет «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген дана халқымыздың мақалын мысал ете отырып, мәселенің маңыздылығына ерекше тоқталды.

Сондай-ақ Отырар ауданындағы көшпелі жиында облыс тұрғындарының мәдени және рухани сезімдерін қалыптастыру, деструктивті діни ағым жақтастарын қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу және мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымы бойынша халықты жан-жақты ақпараттандыру мәселелері талқыланды. Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімі Е.Айтаханов: «Мемлекетіміздің бүгінгі даму жолында, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде дін саласы ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз мемлекетіміз тұрақтылық пен тыныштықты, діни өзара түсіністік пен татулықты ту етіп, өсіп-өркендеу үстінде»,- деп аудандағы діни ахуалдың тұрақты екендігін ерекше атап өтті. Мұнан соң көпшілік ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлі дініміз жөнінде арнайы дайын­далған бейнероликті тамашалады. Отырыс барысында арнайы қатысқан қонақтардан бөлек аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Темірбеков және аудандық мәслихаттың депутаты Ж.Нұровтар да сөз алып, бабалардан мирас болып қалған дәстүрлі құндылықтарымыз бен асыл дініміз ислам жөнінде маңызды ойлары мен құнды пікірлерін ортаға салды. Бір-бірімен емін-еркін пікір алмасқан көшпелі отырысқа қатысушылар талқылауға белсене араласты. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы ізгілікті іс-шараны ұйымдастырушыларға көпшілік атынан алғыс білдірді.

Таяуда «Дәстүрлі құндылықтар керуені» облыс орталығы Түркістан қаласында қорытындыланды. Қаладағы Мәдениет үйінде өткен іс-шараға арнайы қатысқан Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы Д.Оспанов, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Ш.Мамытханова, Түркістан облысының Ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергенов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары М.Беспаев, орталықтың бөлім басшысы Ф.Тайтелиев, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетовтер халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдармен қарсы күресудің мәдениетті жолын түсіндіре отырып, ұрпақтың рухани санасын жаңғырту, салт-дәстүр, мәдениетімізді көзіміздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеудің құндылығын ұғындыруда көптеген келелі пікірлері мен әңгімелерін айтты.

Бұл іс-шараны Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков жүргізіп отырды. Дәстүрлі құндылықтар керуені іс-шарасына қаладағы терроризмге қарсы комиссияның мүшелері, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері,мешіт имамдары, мектептің дінтану пәнінің мұғалімдері,мектептегі тәрбие ісі орынбасарлары, ішкі саясат бөлімінің мамандары, жергілікті БАҚ өкілдері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

Ұ.ӨСКЕН.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.