Лаңкестiкке жол жоқ!

Кереғар ағым – қоғам қасіреті. Сондықтан оларға нақты тосқауыл қоятын кез әлдеқашан жетті. Өйткені ел ішіне іріткі салып жүрген ағымдар көптеген отбасының берекесін қашырып, отандастарымыздың тағдырын талқандауда. Өз мүддесін көздеген ағымдар халқымызды сан ғасырлық сенімінен ажырату үшін түрлі айла-шарғылар жасап әлек. Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттарда ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған «сәләфи» ағымы қанатын кең жайды. Осы бағыттың шырмауына түскен қандастарымыз сергелдеңге түсіп дал болуда. Сондықтан деструктивті ағымдардың алдын алуда қоғам болып жұдырықтай жұмылып, жастардың көкірек көзін ашу керек, мемлекетіміздің зайырлылық ұстанымын жас буынға байыппен ұғындырған жөн. Ал бұл үрдіске тек дін мамандары ғана емес, әрбір ата дінін бойына сіңірген азамат үлес қосуға міндетті. Сонда ғана өңірімізде өткізіліп жатқан ілкімді істер өз нәтижесін беретін болады.

Айталық жуырда Түркістан қаласында облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Зайырлылық ұстанымы қалыптасқан мемлекеттің рухани бағытының жаңғыруы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің маманы Б.Заманханов облыс әкімінің құттықтау сөзімен бастады. Жалпы конференция жұмысын «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің директоры А.Ноғаев жүргізіп отырды. Аталған конференция жұмысына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Құрманалиева, Қ.А.Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетінің профессоры Д.Кенжетай және Қызылорда облысының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Б.Убаев қатысып, баяндамаларын оқыды. Бұл конференция дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, дінаралық келісімді нығайту және дін саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.

Конференция «Қазақстан – ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың үлгісі» және «Зайырлы мемлекеттегі діни ұстаным» атты тақырыптарда секциялық бөлімдерде өз жалғасын тапты.

Жасөспірімдер мен жастар арасында құқық­бұзушылықтың және діни экстремизмнің алдын алуда атқарылған жұмыстарда жетерлік. Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының және Төлеби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық­бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу бойынша 2018 жылдың 23 қарашасында Төлеби ауданында орналасқан білім беру мекемелерінің 300-ге жуық оқушылардың қатысуымен кездесулер өткізілді.

Кездесудің мақсаты аудан, қалаларда орналасқан білім беру мекемелеріндегі жасөспірімдер мен жастар арасында құқық бұзушылықты болдырмау және түрлі керағар діни ұйымдардың іс-әрекеттерінен қорғау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағыттарын түсіндіру болатын.

Оқушы жастармен кездесуде Түркістан облыстық ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметінің полция инспекторлары, облыстық денсаулық сақтау, дін істері басқармасының теолог мамандары қатысты. Сонымен қатар діни радикализмнен сақтандыруға арналған бейнефильмдер мен слайдтар көрсетілді. Кездесуге қатысқан облыстық басқарма өкілдеріне жасөспірімдер мен жастар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Сонымен қатар, Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мәжіліс залында ауданның кәсіпкерлері және бөлімдер қызметкерлеріне арналған «Қоғамдағы деструктивті діни ұйымдардың теріс идеологияларының алдын алу» тақырыбында семинар да сәтті өтті. Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы, «Шолаққорған» атындағы мектептің 10-сынып оқушыларымен кездесу өтті. «Мемлекеттің зайырлылық принциптері» кездесуін «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ның дінтанушы мамандары М.Мустафаев және К.Рысбеков жүргізді.

Сондай-ақ аталған дінтанушы мамандар Шолаққорған ауылы Ы.Алтынсарин атындағы, N22 А.Сүлейменов атындағы мектеп оқушыларымен жүздессе, Арыс қаласы ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен дінтанушы маман Б.Омарбаев Қожатоғай ауыл округі, Қабылсай, Шағыр, Монтайтас елді-мекендерінде ауыл жастарымен, мектеп оқушыларымен және ауыл тұрғындарымен дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында кездесулер өткізді.

Осы іс-шараларда Б.Омарбаев: «Жат ағымдардың жетегіне еру фактілерінің біздің елімізде де орын алып отырғаны жасырын емес. Бұл – мемлекет пен елдің бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі үшін ең қауіпті індеттің бірі болып табылады.Жалпы, зайырлы қоғамды алаңдатып отырған мәселе дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарына жастардың еніп кетуі болып отыр. Дәстүрлі емес діни ағымдарға жастардың кіріп кетуінің бір себебі, еліміздегі жастардың діни сауаттылығының әлі де болса төмендігі, оның дәстүрлі емес діни ағымдардың өз миссияларын орындауына жол беріп отырғаны. Қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың әсері, материалдық жетіспеушілік, жұмыссыздық мәселелерінің де жекелеген жастарымыздың осындай адасушылыққа баруына әсер еткені рас. Осы сияқты мәселелер теріс пиғылды діни ағымдардың жастарды өз қармағына түсіруіне басты себеп болып отыр. Мұнымен бүкіл қоғам болып күресу – басты міндетіміз»,-деп атап көрсетті. Одан соң ол еліміздегі діни конфессиялар, Қазақстанда тыйым салынған діни ағымдар туралы, дінді қате түсінудің неге ұрындыратыны және т.б. туралы әңгімеледі.Сонымен қатар, интернет-ресурстарды, түрлі сайттарды пайдаланғанда абай болу керектігін де жеткізді.

А.ҮСІПОВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.