«БЕЙНЕУ-БОЗОЙ-ШЫМКЕНТ» МАГИСТРАЛЬДЫҚ ГАЗ ҚҰБЫРЫНДА «ТҮРКІСТАН» КОМПРЕССОРЛЫҚ СТАНCАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Бүгін «ҚазТрансГаз» АҚ «Түркістан» Ұлттық газ операторы компрессорлық стансасын іске қосты. Оның құрылысы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының жылдық өткізу қабілетін 10 млрд. м3 көлемнен жылына 15 млрд. м3 дейін арттыру жөніндегі инвестициялық жобаның аясында іске асырылды. Станцияны іске қосу салтанатты рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Қанат Құрманалиев қатысты.

Өңір басшысы аталған стансаның іске қосылуы Тәуелсіздік мерекесіне орай облыс тұрғындары үшін сый болғандығын жеткізді.

«Түркістан» компрессорлық станcасының құрылысы 7 айдың ішінде аяқталды. Бұл стансаның салынуы облысымыздың экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын болады. Мәселен, құбырдың газ өткізу мүмкіндігі 5 млрд. м3 көлемге артып отыр. Сондай-ақ, стансада қазіргі таңда 50 шақты азамат жұмыспен қамтылды. Осындай жоғары деңгейдегі, сапалы құрылысты іске қосқан «ҚазТрансГаз» компаниясы басшылығына алғыс білдіремін. Бұл облыс үшін елеулі оқиға», — деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жаңа станцияның іске қосылуы газ және газбен жабдықтау саласындағы  жыл сайын өсіп отырған қажеттіліктерді өтеу үшін, әсіресе жылыту кезеңіндегі ең көп жүктеме кезінде еліміздің оңтүстік өңірлеріне газды тоқтаусыз тасымалдау процесінің барынша сенімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Биылғы жылдың қазан айында отандық газды Қытайға экспорттауды екі есеге арттыру туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Сондықтан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өткізу қабілетін жылына 10 млрд. текше метрден жылына 15 млрд. текше метрге дейін арттыру арқылы республиканың оңтүстігінің 5 млрд. текше метр көлеміндегі көгілдір отынға деген қажеттілігі қамтамасыз етіледі және 10 миллиард текше метр газ экспортқа бағытталады.

Компрессорлық станцияларды салу кезінде пайдаланылған  инновациялық жабдықтар мен көмекші жүйелер кешені — магистральдық газ құбырын пайдалану кезеңінде қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан іркіліссіз тасымалдауды қамтамасыз ете алады.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.