Тарихи орындарды қалпына келтіру 2019 жылы басталмақ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Мамин, ҚР Мәдениет және  спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан қаласын дамытуға арналған іссапар барысында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Хан мешіті», «Хан ордасы» және Күлтөбе қалашығы мен «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпаларын аралады.
«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы мен қаланы түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде таныту және тарихи орындардың төл келбетін сақтай отырып, жандандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Түркістан қаласындағы 88,7 гектар аумақта орналасқан ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін анықтауға және қалпына келтіруге арналған жобаны дайындап шыққан болатын.
Жобаны әзірлеуге қойылатын барлық халықаралық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында жетекші ғалымдар мен халықаралық сарапшылар тартылып, алғашқы деректер, ғылыми және мұрағат мәліметтері зерттелсе, барлық ұсынылған реконструкциялар және археологиялық жұмыстар ЮНЕСКО өкілдерімен келісу арқылы жүзеге аспақ. Бұл жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.
— «Бұл жұмыстарға біз белгілі халықаралық сарапшыларды қатыстырдық және «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің тұжырымдамасына сәйкес келетін Израиль, Испания, Ұлыбритания, Үндістан, Түркия, Өзбекстан және тағы басқа мемлекеттердің әлемге әйгілі тарихи кешендері мен музейлерін сақтау және реставрациялау тәжірибесін мұқият зерттедік.
Жобада ежелгі Рим қаласындағы Помпей, Иерусалим қаласы, Осман империясының ірі сарайы «Топқапы», Мевлана музейі тәрізді, сондай-ақ ЮНЕСКО объектілері болып табылатын және жыл сайын жүздеген миллион туристерді қабылдайтын тарихи кешендерді реконструкциялаудың және қалпына келтірудің үздік халықаралық тәжірибелері ескерілді»,-деді министр.
«Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты XI-XII ғасырларға тән «Жұма мешіті» —  бүгінге дейін жеткен 40 мешіттің бірі. Мешіт ғимараты бойынша михрабпен толық қалпына келтіру жұмыстарын орындау жоспарланса, бастырмаға жапсарлас салынған дуалдарды демонтаждау, құдықты қалпына келтіру және аумақты абаттандыру жұмыстары жасалмақ.
«Қылует» жерасты мешітін — қалпына келтіру жұмыстары аясында жер асты құрылысының көтергіш құрылымдары мен іргетасын нығайту, ішкі үй-жайды қалпына келтіру және іргелес аумақты абаттандыру жоспарлануда.
«Жеті Ата» қақпасынан кесенеге дейінгі аумақтың панорамалық түрін қалпына келтіру мақсатында Орталық магистральды көшелердің бірі қайта жаңғыртылса, «Дарбаза», «Мүсәллә» және «Жеті ата» қақпалары да тарихи қалыпқа енбек.
Ортағасырлық қысқы Хан ордасының тарихи орны мен сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін көрінісі, бояуы төл түріне ене отырып, тарихи және мәдени әлеуетін, Түркістан қалашығының Қазақ хандығының ірі саяси орталығы ретіндегі маңыздылығын дәлелдейді. Сондай-ақ, археологиялық жұмыстардың нәтижесінде  ортағасырлық көшенің кіре беріс іздері мен Хан Ордасы қоршауының іргетасы табылды. Негізгі фрагменттер қалпына келтіріліп, басқа құрылыстарды іздестіру жұмыстары жалғастырылатын болады.
Ал, Күлтөбе қалашығы Ашық аспан астындағы музейге айналдырылады.
Қорық-музейген қарасты өзге де нысандардың құрылыс жұмыстары жаңа жылдан бастау алмақ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.