ШЫН РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ТҮРКІСТАНДА

Заманның заңғар саясаткері, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың уақыт талабымен үндесетін «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасының бай мазмұнына тереңнен мән беріп, оның шынайы өміршеңдік табуына оңтүстік өңірінде сергектік көрсетіп, соны серпін беруді алғаш бастағанда, ыждағаттықпен ісқимыл көрсетіп жатқан да киелі Түркістан аумағының жұршылығы екенін айрықша айтуға болады. Жуырда ғана Түркістан қаласы әкімдігінің (Ә.Өсербаев) қала тұрғындарымен, қоғам белсенділерімен өткізген кезекті алқалы жиынын соның айқын көрінісі дер едік.

Түркістан қаласының жүзден астам белсенді тұрғындарының, қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің басын біріктіріп, облыстық ақсақалдар алқасы (төрағасы Ж.Әзірет­бер­генов), Түркістан қалалық Қоғам­дық келісім кеңесі (төрағасы Ә.Әбді­қа­дыров) және қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбековтың қатысуымен өткен алқалы жиын елдің ортақ мүддесі үшін еркін пікірлесудің ашық алаңына айналғанына еріксіз тәнті болдық. Жиында сөйлеушілер әкімнің атына немесе осы игі іске бастамашыл болған ардақты ардагерлердің атына «көпшік» боларлық бір ауыз «сылдыр» сөз айтқан жоқ. Түркі әлемнің қастерлі қаласы Түркістан енді ірі облыстың орталығы болған соң, оны түрлендіруге қарапайым қалың елдің қалай үлес қосуға болатындығы іскерлік жағдайында талқыланып, ойтолғамдарын ашық ортаға салды. Мұнда саясатпен ойнайтын «жарапазаншыны» емес, туған жердің намысын көтерген, нағыз отаншыл жұртшылықпен жүздескенімізге сүйсіндік.

Түркістанның ардақты ақсақалдары мен нағыз елжанды, намысқой перзенттері «атан түйе көтере алмас» жүгі бар жауапкершілікті мойнына алғандарын жақсы біліп отыр.

Қала халқының саны 170 мыңнан асса, үй саны 40 мыңға жетіп, көше саны 900-ден асыпты. Осыншама аумақты бір уысқа жинақтағандай етіп, бірнеше жүз мыңдаған жұртшылықты бір үйдің адамындай біріктіріп тірлік істеу мынау өзбілермендігі өсіп тұрғанда заманда оңай еместігін түркістандықтар білмей отырған жоқ.

Олардың байырғы ел іші атадан балаға бірлік пен берекені, ынтымақ пен татулықты, бауырмалдық пен имандылықты мирас етіп қалыптастырғанын, сол өмір өрнегінің арқауы үзілмей келе жатқанын өздеріне қуат етіп отырғаны айқын-ақ.

Ақсақалдар алқасы мен Қоғамдық келісім кеңесі өздерінің игі істерін бастап, қаланы 16 шағын ауданға бөліп, учаскелік комитеттер құруды, ал оған 40-50 көшеден бөліп беріп, оның әр көше ағалары комитеттерін құрып, оның төрағаларын сайлауды қолға алыпты. Учаскелік комитеттердің құрамына беделді ардагерлер мен мұғалім, дәрігер, учаскелік полиция инспекторы, аяулы ел аналары мен патриот азаматтар, кәсіпкерлер мен мешіт имамдары мүше болып сайланады.

Шағын  ауданның учаскелік комитеттері мен көше комитеттері бас қосып ақылдасу бары­сында өзекті мәселелердің оң шешім табуына ықпал етуді, аумақтың тазалығын сақтап, оны гүлдендірумен бірге, аумақта келең­сіздіктердің орын алуына жол бер­меу, ел ішінде ынтымақтың берік болуына пәрменді ықпал етуді тікелей ұйымдастыратын болады. Көше бойларына жасыл желек отырғызып, әр үйдің көше жағына гүл өсіріп қоюды әр үйдің басты міндеті етіп қоюға баршасы пәтуаға келіпті.

Айту оңай, ал игі істің жемісін көру оңай емес. Осы жерде оңтүстіктің абыз ақсақалына айналған, бүгінде есімі елімізге танымал қоғам қайраткері, облыстың ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзіретбергеновтың көпке ой тастаған сөзі ойға оралады. Ол кісінің: «Бір кездері халық кедей, аш- жалаңаш жүрген. Атыс-шабыс, кісі тонаумен аты шығып, наркотиктердің отаны болған Сингапурды Ли Куан Ю сияқты азаматы 30 жылдан кейін келіп экономикасы өркендеген, халқының тұрмысы тамаша қалаға айналдырып, «Азия жолбарысы» деген атқа ие болып, дүниені таң қалдырады. «Бұл кереметке қалай қол жеткіздіңіз?» деген сұраққа Ли Куан Ю: «Темірдей тәртіп пен жанқиярлық еңбек арқылы жеттім», — деп жауап берген. «Демек біздің де өмірде бірінші тәртіп, екінші әрбір адамның жанқияр еңбегі қажет екенін жақсы білесіздер» деген ойлы пікірді ортаға салып еді.

 Рухани жаңғыру Түркістанда 10 жыл бұрын қолға алынған

Киелі Түркістан өңірінің еңбекқор да, жуас болғанымен, өрелі ойлылығы мен имандылығы басым жататын жұртшылығы ел Тәуелсіздігінің еркіндігімен келген «жабайы демократияның» желеуімен ұлттық құндылығымызды ескерусіз қалдырып, ел ішінде рухани азғындаудың бел алып бара жатқанына төзгісіздікпен қарап, ата салт-дәстүрін қайта қолға алуды жөн деп табады.

Түркі тектес елдер ғана емес, бүкіл ТМД аумағындағы елдердің ішінде ұлтының құндылығын қастерлеп, соның арқасында елінің тыныштығын ұстай білген Өзбекстанның қалың елмен жұмыс істеудің тәжірибесімен бөліспек болған түркістандықтар Ташкент қаласының махалла комитетінің жұмысымен танысады. Өзбек махалла комитетінің республика аумағында басшылыққа алатын Ережені республика президенті Ислам Каримовтың өзі қол қойып, бекітіп берген көрінеді. Ел президенті бекіткен Ережені жүзеге асыруға жұмыс істейтіндердің бірде-бірінің еңбегіне жалақы төленбейді, барлығы да қоғамдық негізде тегін жұмыс істеген. Оны зерттеп, жан-жақты талқылаудан кейін мүмкіндіктерін ескеріп, Түркістанда көше комитеттері жұмысын жолға қоймақ болады. Соңғы оншақты жылдың көлемінде қала әкімінің жиі ауысуына байланысты, қоғамдық ұйымдар мен қала билігі арасында жүйелі байланыс қалыптаспайды.

Түркістандық ел ағалары Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы шыққанан кейін бұл істі жедел қолға алады. Ел-жұртқа үлгі-өнеге етіп айта алатын рухани жаңғырудың түркіс­­тандық «Жүйнектік жүйесі» осылайша дүниеге келген.

                                                                                                                                                       (Жалғасы бар)

                                                                                                                                                              О.ТӘЖИЕВ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.