«БАСИЕСІЗ ЕЛДІҢ ИТІ ОСЫРАҚТЫҢ» КЕРІ ЕМЕС ПЕ?

«Қаламгерге» артылған үміт үлкен

Шымкентте «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің құрылып жатқандығы туралы хабардың облыс аумағынан тыс жерлерге дейін тез-ақ тарағанының куәсі болдық. Қазір рухани жаңғыруды өміршең етудің жарқын істерінің басында зиялы қауым өкілдерінің топтасуын қоғамның өзі қажетсініп отыр.

Заманның заңғар саясаткері, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың өзі қоғамдық институттарды дамытуға айрықша назар аударып, ел тынысындағы алдағы міндеттерге сарабдал бағыт-бағдар бергені баршамызға аян. Рухани жаңғыруды қоғам тынысының ең өзекті мәселесінің бірі ретінде көтерудің өзі соны серпін бергендей болды.

«Оңтүстік – ұлттың ұйытқысы» деп білетін жақсы менен жайсаңдар «Қаламгерге» бір үлкен үміт артатынын бірден байқатты. ҚБ құруға бастамашыл болған жерлестерімізбен хабарласқан жан-жақтағы бауырлар да өздерінің «Қаламгер» қоғамдық бірлестігіне мүшелікке кіретіндіктерін жеткізген.

Өткен жылғы желтоқсан айының соңғы күндерінде өткен бірлестіктің жиынында ҚБ кеңесі төрағасы болып елімізге танымал ақын, мемлекеттік қызметтің биіктерін бағындырған ардақты ардагер азамат Қабылбек Төретай, орынбасары болып жазушы З.Қыстаубай мен З.Жантасова, ал мүшелері болып – Ә.Қалмырза, Б.Ысқақ, М.Шерім, С.Сахабат, Ш.Пірмат, С.Исақ, Е.Бекұлы мен белгілі суретші Н.Шилібаев, А.Қалшабек пен Б.Аудановалар сайланды. ҚБ-ның алдағы жылға межеленген жұмыс жоспары талқыланды. «Қаламгердің» қатарына тек қана ақын-жазушылар ғана емес, қолына қалам ұстаған шығармашылық адамдарымен бірге зиялы қауым өкілдері топтасқан. Олардың қатарында қалада тұратын алты әдебиетші-ғалым, төрт тарихшы-ғалым, төрт өнер адамы мен екі суретші де бар.

«Қаламгерде» тіпті өзге қалаларда тұратын жерлестеріміз бен ұлт жанашырлары – Д.Исабеков, Н.Ораз, А.Әлім, М.Кенжебай, Б.Шарахымбай, Қ.Біләл, Ж.Шәмші, М.Ерімбет, т.б. 30-ға жуық зиялы қауым өкілі бар. Бүгінде ҚБ мүшелерінің саны 100-ге жуықтапты. «Қаламгердің» басты ерекшелігі ұлтжандылығы ерен ел перзенттері мен қарапайым халқына жақын зиялы қауым өкілдерін топтастыра білгенінде дер едік.

Өмір тынысының өзекті де, өткір мәселесі қалың көптің алдында ашық айтылудан қалды. Жергілікті биліктің мінбелерін жағалаған «жарапазаншы» «попугайлар» жалпақшешей жаттанды сөздерімен жұртты ығыр етіп жіберді. Халықтың енді ортақ Отанымызға шын жанашырлығы бар, нағыз отаншыл азаматтарымыз бірігіп отыр деуге болады.

Ой таразысына салып көрсеңіз, біздің облыста 30-40 жылдан бері құрамы өзгермейтін түрлі комиссиялар мен кеңестің мүшелері бар екен. Идеология саласына «подсказчик» болатын осы жалпақ­шешейлердің бишікештердің ойын емеурінінен танып, шығармашылық еңбекке «көздерін жұмып» тұрып бағасын бере салатынын көпшілік көрмей-білмей отырған жоқ. Жұртшылық оны көріп, біліп отырады. Бұл біздің дауасы жоқ «по шымкентский» ғой дейді де, қолын бір сілтейді. Аптасына 2-3 газеттің бетін ақтарғаны болмаса, облыстан шығатын басылымдарды оқып шығу түгілі, олардың атауларын дұрыстап атап бере алмайтын «білгіштердің» журналистердің еңбегіне баға беретіндігіне не дерсің? Олар биші­кештердің айтқанын мақұлдайды, әрі кеткенде өздеріне қос қолдап қолдарын ала жүгіретіндерді қыстырып қалуға тырысады.

Осы «тісі сарғайған» жалпақ­шешейлер өз жерлестеріне рухани азық беруде БАҚ-та мынандай-мынандай өнеге боларлық жұмыстар атқарып, мына бір мәселелерге немқұрайлылық көрсетіп алдық дегенді жылына бір рет айтып көріп пе? Сол комиссиялардың бір мүшесі бір жылда, бір басылымға 100-150 жолдық пікір жариялап көріп пе? Сөйтіп тұрып, «былқ» етпей төрелік айтуға құмар. Біреуі тұрып, «облыстағы БАҚ жұмысынан жете хабардар емеспін, еңбекке әділ баға беру үшін, БАҚ жұмысынан жеткілікті хабары бар адамды менің орныма комиссияға кіргізіңдер» деп айтып па? Айта алмайды да. Оған керегі бишікеш шендінің айтқанын «алақайлап» қолдап, соның көзіне түсіп қалу.

«Қаламгер» бірлестігіне бірігуші бауырларымыздың ізгі ниеті сондай сорақылықтардың жолын кесіп, әділдіктің салтанат құруына себепші болуды ұстанғандары шығар. Туралықтың туын көтеруде «Қаламгер» бірлестігінің салиқалы да, салмақты жұмыс істейтіндігіне үлкен үміт артылған болса, жұртшылықтың сенімі ақталады деп ойлаймыз.

«Ауылдағының аузы сасықтан» аса алмай келеміз, амал қанша!?

Қазақ журналистикасын заманауи талапқа сай дамыту дәл қазір оңтүстік қаламгерлерінің қолынан келеді. Өрелі де, ойлы да болмыстарына жанқиярлықпен еңбек етуді серік еткен өңір қаламгерлерінің жетістіктері аз емес, көре алатын көз болса. Рухани астанамыз Алматыдан, бас қаламыз Астанадан және облыс орталықтарынан шығатын мерзімді басылымдарды Шым­кенттен шығатын газет-журналдармен салыстырып, саралап-талдап көріңіз, білгіңіз келсе. Бір «Рейтингті» былай қойып, сөз саптауы өзгеше «Өзге пікір», жанрлық ауқымы кең «Уақыт», шындықты шыжғыратын «Еркін ой», халықтың ортасында жүретін «Дөңгеленген дүние», өмір тынысын кең ауқымда беретін «Айғақ», сезім сыры ғана емес, таным-тағылыммен де сусындататын «Алтын босаға», «Әдемі әйел» газеттері мен «Қазығұрт» журналы өзгелерден оқ бойы озық келе жатқанымызды еріксіз мойындатады. Бір «Рейтингтің» өзі республикалық басылымдар: «Айқын», «Жас қазақ», «Түркістан», «Қазақстан-Заман», «Қазақ үні» газеттерінен салмағы жоғары болмаса, бір мысқыл да кем еместігіне ешкім де шүбә келтіре алмаса керек. Оңтүстіктің ысылған қаламгерлерінің әрқайсысының өзіндік мектебі қалыптасқан деуге болады. Өңірде бұқаралық ақпарат құралдарының еңсесін көтеруіне өлшеусіз еңбектерін сіңірген З.Оралбаева, Ж.Мамырәлі, Э.Өсербаева, Ф.Шарафутдинова, К.Тілепова, Б.Дарғожина, Жамашева, т.б. нәзік жанды қаламгерлер де жұлдыздар шоғырындай болып тұрған жоқ па? Ұзақ жылдардан бері киелі қаламды серік еткен аға буын қаламгерлерді айтпағанда, бүгінгі БАҚ айдынының бетіне өзіндік өрнегін салған талантты қаламгерлер: А.Сейдазым, А.Құлжанов, Б.Әбдірашұлы, Ғ.Сапарбеков, С.Байбосынов, А.Жайымбетов, Д.Тұрсынұлы, Т.Фазылбек, Д.Әбдіраманов, Д.Мұстафин, Ә.Ахметов, М.Қарғабай, Қ.Әбдірахман, Ұ.Үмбетовтердің қазақ журналистикасының өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Шымкенттен шығатын газет алыпсатарға 40 теңгеден беріліп, оның Ақтау мен Атыраудан басталатын еліміздің Батыс өңірінде 250-300 теңгеден сатылып жатқанына екінің бірі куә.

Айтпағымыз, біздегі жергілікті атқарушы биліктің шенді-шекпенділері бір сәт Алтын бесігіміз – Оңтүс­тіктің абыройын асқақтатуды ойлап, саланы көтеруге көңіл бөлсе, қазақ журналистикасының қарашаңырағына айналар едік-ау.

Бірақ біздің «чиновниктердің» басын ауыртып жүрген мәселеге қалайда БАҚ-та сын жариялатқызбау. Әсіресе, олар үшін телеарналар мен сайттар «бөжей» болып тұр. Әсіресе, «блогер-сымақтар» олардың түн ұйқысын төрт бөлетін болды. Капитал билеген заманда оның да емі – «ауызбастырық» шығып, бір «Уһ» дегендей болды. Қазір кешегі саңырауқұлақша қаптаған кейбір «шаласауатты» блогер-сымақтар «жарапазан» айтатын «попугайға айналып, БАҚ-тың «құрметтісіндей» әспеттелетін болды. Облыс пен қала билігі осыған ден қойып, «дем» бере бастаған соң, «Бай жоқта құл жүреді жораға, ит жоқта шошқа үреді қорағаның» керін келтіруге шықтық. Халқымыздың тыныс-тіршілігінің бет алысына бағыт-бағдар беруге ардақты ақсақалдарымыз бен көшбасшылықтың тізгінін тартқан, яғни билікті жүргізуші азаматтарымызды тыңдауға қалыптасқанбыз.

«Заманына қарай қасқыр ұлидының» әсері ме, қасиетті топырағымыздан жаралып, құндылығымыздан нәр алып өскен нарқасқаларға емес, қара басы қамы үшін жапырақша қалтырайтын хан Абылай атамыз айтқан «құрт-құмырсқаға» күніміз түсіп тұрғанда туған жердің абыройын асырудың оңайға түспейтіні хақ. Әттең, дарынды да, талантты жас қаламгерден обал да. Республиканы тамсандыратын мерзімді басылымдарды бұрқыратып, рухани жаңғырудың отын маздатар еді. Жоғарыда аталған әріптестерімнің өзі Лондон мен Парижде, Берлин мен Венадағы «талтаңдап» жүрген кез-келген журналисіңнен көш ілгері болмаса, кейін тұрады деп айта алмас едім.

Ортақ мақсатқа бағыт берер басие болса…?

Киелі қаламнан туған өнімді қалың елге беру – қауын егіп, есік-терезе істеп сату емес. Материалды жариялағанша сенікі, ал БАҚ бетіне шыққан соң, оның иесі қалың оқырман мен көрермен, тыңдарман. Автор мен екенмін деп, БАҚ-та бейауыздықты, адам намысына тиетін «бәлдір-батпақты», жалған ақпаратты жариялап, беталдылық жасауға құқымыз жоқ. Елдің де, жердің де Құдайдан кейінгі иесі халық. Біз сол халыққа руханият қызметін көрсетіп, елдің де, сөздің шын иесі халық екендігін ұмытуға хақымыз жоқ. Дәл қазір сол халықты менсінбейтін, тіпті көзге ілгісі келмейтін «Карл Маркстердің» қаптаған заманы келді. Ал біздің жергілікті атқарушы билік болса, өз аумағында жұмыс істейтін БАҚ-ты ресми және тәуелсізге бөліп тастап, ала қойды бөле қырқатындай күйге түскен.

Елімізден шығатын БАҚ-тың бәрі мемлекет саясатының өміршеңдік табуына жұмыс істейді. Оларда басқа мақсат болмайды да. Қазақстандықтардың бәрінде – бір Отан, ортақ  бір мақсат. Сөйте тұра, айрандай ұйыған БАҚ-ты іркіттей ірітеміз «сен – ақ, сен – қарасың» деп.

Бишікештердің солақай саясатынан өңірдегі қаламгерлердің басы бірігіп, бір үйдің баласындай жұмыс істеуден қалып барады. Бірақ, өңір журналистерінің өзара сыйластық, бауырмашылдық ынтымақтастығына бір ауыз сөз айта алмайсың. Кез-келген қиындықта да, қуанышта да бір саптан табыла кетеді. Еріксіз риза боласың. Жоғарыға сыбырлай алатын «көке-сымақтарыңа» тек оларды «элитаға», «второй, третий» сорттарға, «анау жақ», «мынау жаққа» бөлудің байқалып қалатындығы реніш туғызады да. Ондайды білмейміз деп көлгірситіндер соның бәрін қалың көптің көріп, біліп отырғанын сезбей қалып па?

Мемлекеттік ақпараттық саясат уақытша «орынтақта» отырғандарға ғана емес, ең бірінші ел тұрғындарына керек. Рухани қазынамыздың халыққа жеткізу жүгін де көтере алатын – БАҚ. Сондықтан да дана бабаларымыз «Сөз түзелмей – ел түзелмейді» деп кеткен. Осы бір «атан түйе көтере алмас» жүкті арқалаған БАҚ-ты бүгінде күнкөріс қамының «бутигіне» айналдыруға шықтық. Қазір облыстың кез-келген ауданында 3 газет, Мырзашөлде 7 газетке жетіпті. Ризық-несібесін қаламгерлікпен табуға ұстанған бауырларымыз бірігіп ауданда бір газет шығаруға топтасса болмай ма? Оқырманға не беретінімізді ой таразысынан өткізіп көреміз бе?

Күнделікті жаңалықтарды электрон­ды БАҚ сол күні-ақ жеткізіп отыр. Мекемелердің айтарын баспасөз қызметі сайттарына салып, фейсбуктарға лақтырып жатыр. Әлеуметтік желінің беті сансыз материалдан майысады. Сонда бір ауданға топырлаған басылымдар қолға іліккенді жариялап күн өткізе бермек пе? Онысы да мейлі, алақандай аудандағы мектеп, медпункт, т.б. мекемелерді аралап, газетіне жазылмаса «қиын» болатынын айтып, қинайтындарын қайтесің?

Атқарушы билік «аралауға құқымыз жоқ» деп сырғақтайды. Журналистердің туралықпен ту етіп жұмыс істейтін ұйымы болмаған соң, «Әй, дейтін әженің, қой, дейтін қожаның» жоқтығынан беталдылық бел алып, өскелең ұрпаққа өнеге етерлік жарқын істерді жарияламайтын жайымыз бар.

КСРО-ның кезінде Қазақстан бала туу жөнінен әлемде бірінші орында тұратын. Бүгін алтын құрсақты аналарымыз туралы газеттеріміздің бетінен төгілтіп тұрып жазған материалдарды оқи аламыз ба?

Отан отбасынан басталатын болса, бір отбасында өсіп, ынты­мағын сақтаған ағайындардың бай-бақуатты белгілі бизнесмен болып жатқандары аз ба? Солар туралы жыр болып жазылған мақаланы қай газеттен оқыппыз?

«Забадам» ықшамауданында ардагер қазақ ағамыздың отбасын­да 4 келіні 15 жылға жуық уақыттан бергі тату-тәтті өмір сүріп жатқанын өнеге етіп көрсете алдық па?

Оншақты жылдан астам уақыттан бері Аққойлы ауылында және жақын орналасқан 3 елді мекенінде тұратын бауырларымыздың арақ ішпейтінін, тойдан бастап бар қуаныш қызығының ішкіліксіз өтетінін елге үлгі етіп жарияладық па? Боралдай ауылының асқаралы азаматы мешітке 2 миллион теңге зекет беріп, одан жетім-жесірге қамқорлық көрсетілгенін айта білдік пе? Нағыз еңбек адамын көрсету, оның жанқиярлық еңбегі елдің дамуына ерен үлес екенін жеткізу ел-жұртқа жетіп жатыр ма?

Қысқасы, өңір қаламгерлерінің тынысын, шынайы жанашырлығын көрсетіп, дұрыс бағыт бере алатын басие табылса, әріптестеріміздің жетістіктері республиканың төрт бұрышы түгілі, алыс-жақын елдерге жетер еді-ау.

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

P.S. Газет беттеліп жатқанда редакцияға Түркістанда ҚР Журналистер одағы облыстық филиалы құрылды деген хабар түсті. Ол туралы ой-тұжырымдарымызды газетіміздің алдағы санынан оқитын боласыздар.

«Қазақстан жолы» газеті, №01-02(727-728) 12.01.2019 жыл

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.