Полторанин допинг қолданған жоқ

QAZYGURT.KZ:  Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин қан допингін қолданған жоқ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті.

Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі  WADA-ға арнайы сұраныс жіберіп,  аталған агенттік қазақстандық спортшы тарапынан допинг қолдануға ұмтылу әрекетінің болғандығын растаған. «Бақытымызға орай, Полтаранин қан допингін қолданбаған. Бірақ Германияда дәрігерге барып, қан тапсырған. Бұл дәлелденген. Қазір адвокаттармен және заңгерлермен байланысып отырмыз. Спортшының кінәсі допинг пайдалану емес, оны пайдалануға әрекеттену. Бас жаттықтырушы да қан құйдырмағанын айтып отыр.  Өз қанын қабылдау болған жоқ. Австриялық полиция қызметі де ресми мәлімдеді. Біз сұраныс жіберген едік», — деді министр. Сонымен қатар, ол «спортқа қарсы әрекетке» баруға түбегейлі қарсы екендігін баса айтты. «Спорт саласындағы заңнамаға өзгертулер енгіземіз. Нормалар кім допинг қолданса соған жазаны қарастырады. Біздің ұстанымымыз айқын — допингке қарсымыз. Ол еш уақытта жақсылыққа апармайды. Медаль соңынан қуу түбінде әшкере болады. Оның бізге қажеті қанша? Лондон Олимпиадасы болғанда 7 медаль алған спортшыларымызды құрметтедік. Содан кейін 4 алтын медальды қайтарып алды. Мұндай фактілердің қажеті қанша? Сондықтан заңнаға қатаң норма енгіземіз»,  — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Естеріңізге салсақ, 27 ақпанда неміс журналисі Хайо Зеппельт Твиттерінде Австрияның Зеефельде қаласында шаңғы жарысынан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан, Австрия мен Эстония спортшылары антидопингтік ережелерді бұзды деген күдікке ілінгенін жазды. Олардың қатарында Алексей Полторанин да бар.

 

АҚПАРАТ көзі: inform.kz 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.