Ұлық мереке – парасаттылықтың бұлағы

Ұлыстың ұлы күні саналған Наурыз – түркі жұртының мерейлі мерекесі. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»  деген тілек-дұғалар айтылатын Наурыз – бірлікке, ынтымаққа, береке мен татулыққа шақырады. Бұл күні араздасқандар – адамгершілік, ренжіскендер – рақымдылық жолын ұстанады. Асылында мұсылмандар үшін біреуге ренжуге де, өзгені ренжітуге де болмайды. Сондықтан осынау ізгілік мерекесінде адамдар кешірімділікке, татулыққа ұйысады.

Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз керек. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда: «…Жақ­сылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты» («Мәида» сүресі, 2-аят) деген. Бірлігінен айырылған елден береке қашады.  Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік керек. Осы тұста, Наурыз мерекесі кезінде атқаратын бірқатар амалдарды айтып өтуді жөн санаймын.

 НАУРЫЗДА НЕ ІСТЕГЕН ЖӨН

Мерекелердің ішіндегі ең мерейлі күндердің бірі – әз Наурыз мерекесі. Мереке күндері мына ережелерге назар аударған артық болмас:

– Бойдәрет алу, яғни көшеге тазаланып, дәретпен шығу;

– Жақсы және таза киім кию (мүмкіндігі болып жатса жаңа киімдер кию);

– Жағымды иіс майлар себу;

– Мереке күндері Алла Тағаланы еске алып, дұға- тілек жасау;

– Ең бірінші, кішкентай бүлдіршіндерге, балаларға сыйлықтар мен ойыншықтар алып беру;

– Ата-анамызды, достарымызды мерекемен құттықтап, сый-сияпаттар жасау;

– Мереке күндері араздасушыларды татуластыру;

– Айтулы күндері әуелі көршілеріміздің дініне, ұлтына қарамастан мерекемен құттықтау;

– Өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран бағыштау;

– Науқастанған бауырымыздың көңілін сұрау;

– Тұрып жатқан жерімізге ағаш отырғызып, арық-атыздарды тазалауды естен шығармау;

– Жағдайы төмен отбасылар мен мен жетім-жесірлерге қол ұшын созып, көмек беру;

– Көпшілікке қайырымдылық  негізінде ас беріп, дастархан жаю;

– Жасы  кішілер  үлкендерге барып  сәлем  бергені абзал;

– Сауапты істермен айналысу. т.б.

Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін ізгі амалдар екені белгілі.

Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Ұлыс оң болсын, ағайын!

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы

бойынша өкіл

имам орынбасары.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.