Эдгар Кейси – «ұйқыдағы пайғамбар»

(Соңы. Басы өткен сандарда).

30-шы жылдардың басында Эдгар Кейси «Зерттеулер мен ағартушылық қауымдастығын» құрады. 1945 жылы, әйгілі көріпкел дүниеден өткен соң, оның әйелі мен ұлы Эдгар Кейсидің мұраларын зерттеу мақсатында «Ұйқыдағы пайғамбардың» ізбасарлары» қоғамының негізін қалайды. ХХ ғасырдың ортасында-ақ бұл қоғамға 10 мыңнан астам адам мүше болады.

Аталған қоғам Эдгар Кейсидің көзі тірісінде алдымен стенография әдісімен, кейінірек магнитофонның көмегімен жазып алынған көптеген жазбаларды тауып, жинақтайды. Бұл материалдардың мағынасын ашып, жүйелендіру жұмысына қоғамның құрамына кірген көптеген дәрігерлер мен психологтар да атсалысады. Олар Кейсидің емшілік, көріпкелдік қасиеттерінің сырын ашуға да тырысып бағады.

Көріпкелдің көзі тірісінде одан мамандар өзінің ақпаратты алу әдісі туралы айтып беруін сұрайды. Сонда Кейси кез-келген адаммен немесе тіпті бірнеше адаммен байланысқа түсе алатынын айтқан. Алайда ақпараттың өзін қалай алатындығын ашып айтпаған. Сонымен қатар, Кейси ояу жүргенде медицина мен фармакология саласынан әліпті таяқ деп білмейтінін ескерсек, оның алдына келген науқастарды егжей-тегжейлі емдеу әдістері туралы мәліметтерді қандай көздерден алатыны да түсініксіз.

Парапсихологтардың пайым­дауынша, Кейсидің санасы қандай да бір жолмен о дүниелік болған дәрілерлердің рухымен байланысқа түсетін болуы керек. Бірақ, Кейси ешқашан өзінің «ана жақтағы» көмекшілерінің есімдерін атамаған, соған қарағанда ол нақты бір адамның рухымен сөйлеспеген, дұрысы, ғаламшардың ақпараттық кеңістігінен тікелей ақпарат алып отырған болуы мүмкін. Мұндай ақпараттық кеңістіктің ғылыми тілде «Көне Акаши хроникасы» деген атауы да бар. Бұл кеңістікті ғаламторға ұқсатуға болады, онда Жер бетіндегі әрбір адамның және бүкіл адамзаттың өткені, қазіргісі және болашағы туралы барық ақпараттар жинақталған…

Ал Кейсидің біздің заманымыз туралы болжамдарына келер болсақ, ол XXI ғасырдың басында Жер шары алапат апаттардан зардап шегетінін айтқан. Ғаламшардың климаты түбегейлі өзгереді: Қиыр Шығыста тропикалық жемістер өсіп, бүкіл Оңтүстік Африканы қалың мұз басады. Жер бетінің көп бөлігі судың астында қалады. Бәрінен көп зардап шегетін Солтүстік Америка болмақ, ол ең үлкен жанартаудың құрбанына айналады. Жапонияның бір бөлігі суға кетеді, ал Оңтүстік Америка көптеген жер сілкіністерінен қирандылардың астында қалады.

Кейсидің айтуынша, славян халықтары ғаламшардың болашағын  сақтауда маңызды рөл атқарады. Олардың міндеті – адамдардың арасындағы қарым-қатынаста махаббат пен өзара қамқорлықты нығайту болмақ.

Бұдан бөлек, Жер бетінде бұрын ешқашан болмаған әлем пайда болады: «Бүгінде соғыс болып жатқан жерлердің көбі мұхит пен теңіздің астында қалады не жер бедері өзгереді. Бұл жерлерде жаңа тәртіп орнап, адамдар бір-бірімен жаңа қарым-қатынас жасай бастайды».

Эдгар Кейси өз болжамдарында жаһандық жылыну мен аса ауқымды су тасқыны жайлы бірнеше рет атап өткен. «Бұған не Гольфстрим ауа ағысының өзгеруі немесе Үнді мұхитындағы өте күшті жер сілкінісі себеп болуы мүмкін»,- дейді ол. Өкінішке орай, бүгінде ғаламшарда сейсмикалық белсенділіктің артуы мен ауа температурасының күрт жоғарылауы бұл болжамдардың расқа айналуы мүмкіндігін дәлелдей түсуде. Бұдан бөлек, әлемдегі саяси жағдай да барған сайын ушығып барады.

Көріпкелдің «Мейірімді 10 адам әлемді жойылып кетуден сақтайды» деген болжамы да бір қарағанда күлкілі көрінгенімен, түбінде бір шындық жатқан сияқты. Себебі, біздің ғаламшарымыздың болашағы адамзаттың өз қолында екені айтпаса да түсінікті. Және оны құтқару тек адамзаттың тағдырына бейжай қарай алмайтын, жанашыр, қамқор жандардың ғана қолынан келері анық.

Кейсидің болжамдары орындалуы мүмкін бе? Егер орындалған жағдайда адамзатты не күтіп тұр? Бұл сұрақтардың жауабы, әрине, уақыттың еншісінде.

Дайындаған К.ТІЛЕПОВА.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.