Жас келiннiң жадында жүрсiн!

Атам қазақта «Еркек – бас, әйел – мойын» деген бар. Әрине, бәрі шаңырақ көтерген екі жастың бір-бірін түсінісуі, құрметтеуі, сыйлауына байланысты. Әйтсе де әйел адам мына төмендегі қағидаларды есіне сақтап, күнделікті өмірінде пайдалана білсе, отбасының беріктігі нығая беретіні анық. Бұл қағидалардың ақ босағаны жаңа аттап, жұбайлық өмірді енді бастаған жас келіншектерге көп көмегі тиетіні сөзсіз.

* Жаңа түскен келін ерте тұрып шай қойып, дастархан жаюы қажет.

* Төсек-орнын жинап, үй ішін тазалауға кірісуі керек.

* Күйеуінің киімін үтіктеп, жұмысқа ұқыпты киініп баруын қадағалағаны жөн.

* Отбасы қаржысын үнемдеп жұмсау, оны келесі жалақыға дейін жеткізе білу де өнер.

* Ағайын-туғанның бір-бірімен араласуына, сыйластықта өмір сүруіне ықпал жасау да келіннің міндеті.

* Қонақжайлық – отбасы беделінің басты шарты.

* Өзінің үсті-басын күтіп ұстау күйеуінің сыйластығын арттыра түсетінін ұмытпағаны жөн.

* Отбасында ұрыс-керістің болмауына өзінің де жауапты екенін сезіну маңызды.

* Үлкендердің алдында жалаңбас жүру – әдепсіздіктің белгісі.

* Дауыс көтермей сөйлеу, қатты күлмеу, жұрт көзінше әдепсіз сөйлемеу керек.

* Үй ішін таза ұстау – келінге қойылар басты талап.

* Жас келін ер адамдардың алдын кесіп өтпейді.

* Жас келін үлкендерге шай құйғанда бір тізерлеп, қырын отырады.

* Жас келін үлкендер отырған үйге себепсіз кірмейді, шай құйып беру қажет болғанда ғана дастархан басына келеді.

* Төркініне үйінде болған жайттарды жеткізбеу отбасының сыйластығын сақтайды.

* Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Болмашы ұрыс-керіске бола киімдерін жинап, төркініне кете салу шаңырақты шайқалтатынын ұмытпау керек.

* Келін болып түскен соң, «өзім бақытты боламын» деп емес, «жолдасымды, соның отбасын бақытты етемін» деп мақсат қою керек.

Ар-ұятты сақтап, берекелі отбасын құру, ұрпақ өрбітіп, перзент тәрбиелеуді басты мақсат тұтқан қазақтың ибалы жас келіндеріне бұл айтқандарды орындау әсте қиынға түспесі анық.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.