Демократия дегенiмiз жамырап, жұрт ойына келгенiн iстеу емес

Несiпбек Айтұлы

Әрине, қазақ халқы – ежелден кең, дархан халық. Жеріміз қандай кең болса, пейіліміз де соншалықты кең. Қонақжайлығымыз және бар. Қазақ өзі бастап, басқа халыққа шабуыл жасап, өзгенің қолындағысын тартып алатын халық емес. Табиғатында жоқ. Қазақ халқының осы төзімділігін, дархандығын, кеңпейілдігін пайдалана беруге болмайды. Әр ұлттың өзінің намысы болады. Кез келген кішкентай ұлт, аз халық болсын, оның намысына тиген кезде шамданады. Намыс дегеніміз – өзгенің тарихын жоққа шығармау және аяққа таптамау, тілін қорламау, әдет-ғұрпын сыйлау.

*    *    *

Ұлтын, елін, халқын сүйетін үлкен азаматтар жауапты орындарда отыратын болса, бұл – үлкен бақыт. Ал тек өз қара басын ғана ойлайтын алаяқтар ел тізгінін ұстаса, ұлттық рух бойына қалыптаспаған, ұлттық деңгейде ойлай білмейтін жандар билікке келсе – қасірет. Көп жағдайда халқымыздың қамын ойлайтын азаматтар жоғарыда аз ба деп күдіктенемін. Ұлттық тілін білмейтін, ана сүті бойларына дарымаған, ана тілінің уызымен ауызданбаған адам ұлтының, халқының мұң-мұқтажын жете түсіне алмауы мүмкін.

*    *    *

Мемлекет басшысы мен қарапайым қазаққа дейінгі аралықтағылар тұтас болу керек. Ырың-жырың, жүзге бөлініп, билікке таласып жүр­генде барымыздан айырыламыз. Сондықтан, өкімет қана емес, әрбір қазақ ойлану керек. Экономика көтерілер, жағдайымыз жақсарар. Бірақ рухани өмірімізді тұралатып алсақ, қайта тұрғызу оңайға соқпайды.

*    *    *

Мен екі нәрседен қорқамын. Бірінші – тізгін ұстап отырған азаматтардың көбі (бәрі деп айта алмаймын) дүниеқоңыздыққа бой алдырған сияқты. Бұл – біз үшін ең қатерлі жау. Және олардың көбінен ұят кеткен. Қазір жұрт солардың айналасындағы ішіп-жегені мен анда-мұнда ақшаны шашқаны жайлы әңгімеден жалықты. Олар енді тойғаннан соң таққа ұмтылуды көздеп отыр.

*    *    *

Қай заманда болмасын билеушінің, ұлықтың айналасында қолпаштаушылар, мадақтаушылар болады. Олар билеуші көсемді құдайға айналдырады. Өз билеушісінің мұрат-мақсатына берілген адамдар болғанмен, солардың арқасында бетпердесін тұмшалап, жылтырап көрініп, іштей мысық тілеумен жүретін, шынайы пікірін іште бүгіп, көзіне мадақтап, қолпаштаумен жүретін адамдар болады. Және сондайлар көсемдердің түбіне жеткен. «Даттаушы түгел жау емес, мақтаушы түгел ел емес» деген сөз осындайдан шықса керек.

*    *    *

Қазақстанға жан-жақтан халық ағылып жатыр. Халық өсімі бар жерде бұл проблема жалғаса береді. Біздің халық жалқаулау, мемлекетке ауыз аша беруді әдетке айналдырған. Біздің тепсе темір үзетін жігіттер арақ ішіп көшеде жүр. Ұрлық жасайды. Мал бағуға барғысы келмейді. Біздің қазақ бастық болып кабинетте отырсам дейді. Бастық болу үшін де бойындағы жалқаулықты жеңіп, ізденуің, оқуың керек қой. Жалған диплом, жалған намыс ешкімді де, ештеңені де көгертпейді. Қазір қай саланы болмасын жайлағандар – кезінде дипломды сатып алған сауатсыздар, надандар.

*    *    *

Демократия дегеніміз жамырап, жұрт ойына келгенін істесін дегендік емес. Белгілі бір деңгейде тізгін де керек. Диктатура дегеніміздің өзі билеп-төстеу ғана емес, тәртіп. Тіпті үйде «әй» дейтін біреу болмаса, отбасына, бала-шағасына да ие бола алмайды. Мемлекетке де тәртіп керек. Жүйе қажет. Ал көсемнің айналасында жарамсақ қолпаштаушылар көбейіп, өз пайдасын, мүддесін көздеп кетсе, көсем халықтан алшақтап кетеді.

*    *    *

Билікте қазақ тілін білмейтін, түсінбейтін адамдар отырса, онда ол – қасірет. Біздің қазіргі үлкен бір қасіретіміз сол болмақ. Биліктің басында болсын, басқа да кез келген жоғары лауазымдық қызметте болсын, мемлекеттік тілді білмеген адамның отыруға хақысы жоқ.

*    *    *

Бұл күндері ауылдың жағдайы жақсы деп жүрміз. Шын мәнінде арғы түкпіріне барсаң, әбден дүниеден түңілген адамдарды көресің. Ауылға газет, кітап бармайды. «100 мектеп, 100 аурухана» деген бағдарлама да дұрыс қамтылып отырған жоқ. Соңғы жылдары ауылда бірде-бір үй салынбаған. Олардың жағдайы барлары қала маңына көшіп кетті де, шамасыздары қалды.

*    *    *

Кезінде Шона Смаханұлы талай мектептер ашып кетті ғой, сол кісі бір жиналыста айтып еді. «Анау отырған Әбділда Тәжібаевтың, Ғабит Мүсіреповтің, тағы біразының (сол қатардағы) балалары қазақша білмейді. Өздері қазақ әдебиетінің төрінде отырады, әдебиеттің қамын ойлайды, егер балалары қазақша білмесе, олардың жазғаны кімге керек?» деп.

*    *    *

Мен бет-аузын бүркеп алатындарға қарсымын. Қазақ қызы ешқашан бетін жапқан жоқ, қазақ қызы бетін ашып, басына бөркін, әдемі тақиясын киіп жүрген, аналарымыз ақ кимешек, келіндер басына байлауыш тартқан. Қара киімді қара жамылғанда киеді. Қазақ оны «қара жамылу» дейді. Бізде бабаларымыздың аруағын сыйлап, бір Алла деп ас беріп, ат шаптырып жатады. Қазір ата-баба дәстүріне қарсы шығатын бір ағымдар пайда болды. Мен үшін барлығынан да ұлтым қымбат, ұлтымның тілі, дәстүрі қымбат.

*    *    *

Жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін, қазақ қылып шығаратын – музыка ғой. Енді осы музыкадан айырылсақ, жағдайымыздың қиындағаны. Себебі ұлттық музыка құлағына сіңбеген бала ертең тәуелсіздігімізге де, ұлтына да, мемлекетке де немқұрайдылықпен қарайды. Оларға кінә арта алмаймыз, олардың санасына ұлттық сазымызды сіңіре алмаған өзіміз.

*    *    *

Талантты әншілеріміз қол қысқалығынан танылмауда. Оның есесіне рухани әлемімізде көлденең көк аттылар көбейді. Кімнің қалтасында қаржысы бар, солар сахнаны жаулап алды. Жазушы еместер кітап шығаратын болды, «қалталылар» қолдан батыр жасап жатыр. Көрінгеннің әкесі батыр, би-шешен болып кетті.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.