Жер асты өркениеті: Аңыз ба, ақиқат па?

Жер астының жұмбақ тұрғындары туралы ең алғаш 1946 жылы американдық ғалым, жазушы және журналист Ричард Шейвер тылсым құбылыстарға арналған «Таңғажайып оқиғалар» журналында әңгімелеген екен. Жазушының айтуынша, ол бірнеше апта бойы көне аңыздар мен ертегілерде суреттелетін сайтандарға ұқсайтын құбыжықтардың жерасты әлемінде өмір сүрген.

Мұны, әрине, оқырман тартқысы келген жазушының қиялына балап қоя салуға болар еді. Алайда осы мақала жарық көрген соң, журнал редакциясына елдің түкпір-түкпірінен хаттар легі ағылып келе бастайды. Онда хат иелері өздерінің жерасты қалаларында болып, адамдарға ұқсамайтын тіршілік иелерін және жер астында өмір сүруге қолайлы жағдай туғызатын түрлі технология кереметтерін көргенін жазады…

Ал поляк зерттеушісі Ян Паенк жер астында кез-келген елге алып баратын тұтас үңгіржолдар жүйесі барын мәлімдеген. Олардың қабырғалары тау жыныстарынан күйдірілген, жып-жылтыр әйнекке ұқсайды екен. Мұндай үңгіржолдар Эквадор, Оңтүстік Австралия, АҚШ, Жаңа Зеландиядан табылған. Осы жерасты дәліздерімен «ұшатын тәрелкелер» ары-бері ғаламшарымыздың бір басынан екінші басына қарай жүйіткіп ұшып жүретін көрінеді…

Паенк өзінің зерттеу жұмыстары бары­сында Жаңа Зеландияда осы жолдарды өз көзімен көрген шахтерді кезіктірген. Оның айтуынша, тау жыныстарын қазу кезінде кеншілер екі рет осындай үңгіржолға тап болған, бірақ жоғарыдағылар оларды тез арада бетон­дап, жауып тастауға бұйрық берген.

1942 жылы сәуір айында профессор Хайнц Фишер бастаған Германияның  ең үздік ғалымдарынан құралған экспедиция шамамен Балтық теңізінің Руген аралында орналасқан жерасты өркениетін іздеуге аттанады. Гитлер жер астындағы бос қуыстарда ежелден келе жатқан өркениетті халықтар мекендеп жатқанына сенімді болған. Бірақ, экспедиция олжасыз оралған.

Жер бетінде миллиондаған жылдар бұрын өмір сүрген ежелгі тіршілік иелері туралы аңыздар барлық дерлік халықтарда бар. Кейбір көне жазбаларға сүйенсек, өте ақылды, ғылыми және мәдени дамуы әлдеқайда алға озған бұл тіршілік иелері алапат апаттардан жер астына қашып тығылып, онда өздеріне қажеттінің бәрін беретін өз өркениетін жасаған көрінеді. Олар адамдармен араласқысы келмейді, оларды санасы төмен, лас және жабайы құбыжықтар деп есептейді. Бірақ, кейде адамдардың балаларын ұрлап әкетіп, оларды өз баласындай етіп тәрбиелейді. Ежелгі тіршілік иелерінің сырт келбеті кәдімгі адамға ұқсайды, бірақ олар өте ұзақ өмір сүреді, олар біздің ғаламшарымызда адамзаттан миллиондаған жылдар бұрын пайда болған.

1977 жылы бірнеше американдық журналдарда «ЕССА-7» жерсерігінен түсірілген суреттер жарияланады, онда Солтүстік полюс орналасқан тұстан үлкен тесікке ұқсас қара дақ анық көрінеді. Осыған ұқсас суреттерді сол жерсерік 1981 жылы тағы да түсіреді. Ғалымдар мұны жерасты өркениетіне апарар жол болуы мүмкін деп болжаған.

Қазіргі заманғы ғылыми мәліметтер де жер астында әлдебір қозғалыстар барын көрсетеді. Канаверал бұғазындағы американдық радиолокаторлар жер тереңінен жетіп жатқан түсініксіз белгілерді тіркеген. Сарапшылар бұл белгілерді саналы тіршілік иелері жібергеніне сенімді. «Шамасы, әлдекім немесе әлдене бізбен байланыс орнатқысы келетін сияқты» дейді НАСА-ның лауазымды қызметкері «Sun» журналына берген сұхбатында.

Мұндай белгілердің алғашқысы осыдан бірнеше жыл бұрын алынған, содан бері шамамен екі айда бір рет қайталанып отырады. Бірақ, бұл белгілер аса күрделі математикалық формулалардан тұратындықтан, ғалымдар әзірге оның құпиясын әлі шеше алмай отыр. Мамандар, сондай-ақ жерасты өркениетінің дәл қай жерде орналасқанын анықтай алмауда. Дегенмен, әзірге олардың жер бетіндегі тұрғындар жайлы көп білетіні анықталған.

Сент-Луистегі Вашингтон университетінің сейсмологы Майкл Висессион мен Сан-Диегодағы Калифорния университетінің қызметкері Джесси Лоуренс 600 мың сейсмограммаларды – жер сілкінісі нәтижесінде туындайтын тербеліс жазбаларын талдай отырып, Азияда орналасқан бір аймақта, неге екені белгісіз, сейсмикалық толқындардың баяулап, әлсірейтінін байқаған. Бұл тек қалың су қабатының әсері­нен болуы мүмкін. Яғни Шығыс Азияның астында көлемі жағынан Солтүстік мұзды мұхиттан кем түспейтін алып жерасты су қоймасы болуы ғажап емес. Егер бұл болжам расталса, мұнда әлдебір дамыған өркениет болуы мүмкін деген сөз. Мұндай өркениет табылған жағдайда, осы өңірдегі «ұшатын тәрелкелер» де, әдеттен тыс түсініксіз құбылыстар да оңай түсіндірілер еді.

Қандай да бір өркениет «ақырзаманнан» аман қалған болуы мүмкін бе? Егер технологиясы дамыған өркениет болса, әлдебір апаттан қашып, жер астынан пана табуы ғажап емес. «Онда неге олар жер бетіндегі жағдай дұрысталған соң, қайтадан жарыққа шықпады?» деген тағы бір сұрақтың тууы да заңды. Бәлкім, олар ғасырлар бойы жер астында өмір сүріп, сол жердің жағдайына бейімделгендіктен (жер астындағы тартылыс күші өзгеше және күн сәулесі жоқ), жер бетіндегі климат олардың тіршілігіне қауіп төндіретін болар. Әрдайым жер астында, сыз бен көлеңкеде жүрген тіршілік иесін күннің ультракүлгін сәулесі күйдіріп жіберуі де ғажап емес. Бәлкім, жерасты өркениетінің даму сатысы біздікінен әлдеқайда өзгеше болар, сондықтан олар ойлау деңгейі өздерінен әлдеқайда төмен адамзатпен қарым-қатынас жасауға аса құлықты болмауы да мүмкін.

Әрине, мұның бәрі терең зерттеуді қажет ететін нәрселер. Егер бұл құпияның беті ашылса, адамзатты не күтіп тұрғанын болжап білу де қиын. Бәлкім, кейбір нәрселердің жабулы күйінде қалғаны да дұрыс шығар, кім біледі…

Дайындаған

К.ТІЛЕПОВА.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.