Анамды аяймын

Бала кезімнен әкемнің ішіп алып анамды ұрып, басын жарып, денесін көгертіп, тепкілегенін көріп өстім. Кеш батса болды, әкемнің удай мас болып ішіп келгенін күтіп отыратынбыз.
Үйде не дұрыс болмаса да, яғни тамақ кеш піссе, үй дұрыс жиналмаса, інім сабақтан кеш келсе – таяқты анам жейтін. Кейде анамның жұмысына да барып, айқай-шу шығарып, балағаттап, үйге алып келіп ұратын. Анам байғұс мінезі өте ашық, ақкөңіл, ақжарқын, әрдайым күліп жүретін. Бірақ, әкемнің кесірінен көп қиналды, жылады, тозып кетті. Уақыт шіркін зымырап өте берді. Біз де бойжетіп, ержеттік, өстік. Студент атандық. Мен екінші курста оқып жүргенмін. Үйде тағы да кезекті жанжал болып, анамды әкем тағы соққыға жықты. Анам таңға дейін жылады. Содан бар киімін жинап, енді ешқашан қайтып келмеймін деп, ағасының үйіне кетіп қалды. Ал әкем анамның кеткеніне қатты ашуланды. Бірақ, бір аптадай күтті. Сосын анамның артынан барған екен, нағашым маңына да жолатпапты. Сосын анамның қайтып келмесіне көзі жеткен соң, әкем үйде өзінің бөлмесінде асылып қалыпты…
Мұны көргенде мен есімнен танып, құлап түстім. Жаман да болса әкем ғой. Жатқан жері жайлы болсын…
Қазір анам үйге қайтып келген, тып-тыныш өмір сүріп жатырмыз. Бірақ, менің ендігі уайымым – інім. Інім де отбасын жаңадан құрған. Келіншегі жақсы жолықты. Ақылды, сұлу, қарапайым, кішіпейіл жан. Бір сөзбен, кез-келген жігіттің арманы. Бірақ, інім де ішкілікке жақын болып шықты.
Ол да келіншегіне қол жұмсайтын болып жүр. Мен ол да әкем сияқты келіншегін қорлап, өмірін тозаққа айналдырар ма екен деп қорқамын. Бірде інім ішіп келіп, анама: «Мен де жаманмын ба? Әкем сияқты асылып өлейін бе?» — деп жылапты.
Егер інім де әкеміздің өмірін қайталаса, тағы бір адамның, бір емес-ау, өзі мен балаларының да өмірін қор қылып, бәрі өмір бойы жылап өте ме деп анам да уайымдайды. Осынша қиындық көрердей анамның не жазғанын білмеймін. Анамды қатты жақсы көремін. Оны бұл уайым-қайғыдан қалай құтқарарымды білмеймін.

Күнсұлу.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.