Көлеңкелер алқабы

Химачал-Прадеш сөзі «Қар басқан қыстақ» деген мағынаны береді. Осы штаттың солтүстігінде аз зерттелген Куллу (Кулантхапита) аймағы бар. «Кулантхапита» сөзі «адам мекендейтін жердің шегі» деп аударылады, сондықтан бұл аймақ ежелден қарапайым адам баласының аяқ басуына тыйым салынған құдайлардың мекені саналады. Аңыз бойынша, дәл осы жерде үндінің Шива құдайы мың жылдан астам уақыт бойы медитациямен айналысқан.
Дегенмен, осындай «тыйымдарға» қарамастан, Құдайлар алқабы адамдарды өзіне тартпай тұрмайды. Біреулер аңызға айналған Шамбаланы осы маңнан іздесе, енді бірі йоганың ең жоғары деңгейі – нирванаға қол жеткізуді көздейді, тағы біреулерін бұл жерлердің ғажайып сұлулығы қызықтырады. Бірақ, өкінішке орай, мұнда келушілердің көпшілігі жұмбақ жағдайда із-түзсіз жоғалып кетіп жатады. Ал енді біреулері негізінен түнгі уақыттарда аяусыз шабуылға ұшырап, белгісіз жауыздардың құрбанына айналады. Ең түсініксізі, түнгі қарақшылардың мақсаты туристерді тонау емес, олар тек өлтіруді не өлесі етіп сабап кетуді ғана көздейтін сияқты.
Осындай қауіпті шабуылға 2000 жылы британдық Мартин Янгтың отбасы да душар болыпты. Ол әйелі және 14 жасар ұлымен бірге түн қараң­ғылығын жамылып келген әлдекім­дердің қолынан әбден таяқ жеген. Бірақ, қарақшылар олар­дан сабақты ине де алып кетпеген. Мұндай оқиғалар көптеп саналады, бірақ жергілікті поли­ция түнгі қарақшыларды қолға түсіруге қанша тырысса да, әлі күнге жолы болмай келеді.
Ал мұнда қызық іздеп не басқа да мақсаттармен келген адамдардың із-түзсіз жоғалуы туралы оқиға­ларды жинастыр­саңыз, тұтас бір кітап жазуға болады. Мысалы, 1996 жылы Көлеңкелер алқабына кеткен Бристоль университетінің жиырма жасар студенті Йен Могфор белгіленген уақытта қайтып оралмайды. Достары оны іздестіре бастағанда, Йен тоқтаған жергілікті қонақүйдің тіркеу кітабынан оның осында болғаны туралы жазба да болмай шығады. Ал Йен жоғалмай тұрып өзінің дәл осы қонақүй бөлмесінде түнегенін достарына хабарлаған.
Сол жылы жалға алынған шағын үйден 32 жастағы итальян­дық Александра Верди есімді қыз да жоғалады. Рас, кейіні­рек оның мәйіті сол маң­дағы өзеннің бойынан табылады, бірақ қыздың ажалына не себеп болғанын дәрігерлер сол күйі анықтай алмайды. Тек жалғыз ғана белгілісі – Александраның ашық қалған көзінен тек адам айтқысыз үрейді ғана оқуға болады…
1997 жылы Көлеңкелер алқа­бында Канададан келген студент Ардаван Тахерзадех, 1999 жылы голландиялық банкир­дің ұлы Маартен де Брёйн жоғалады. Іздеу жұмыс­та­рына қыруар қаражат жұм­салып, қаншама күш жұмыл­дырылғанымен, ешқандай нәтиже болмайды.
2000 жылы ресейлік саяхат­шы Алексей Иванов аты­шу­лы Көлең­келер алқа­бына үш күндік саяхатын жоспарлайды. Бұл аймақтың жаман атына қанық болғандықтан, оның достары Алексейдің әрбір қозғалысын сырттай жіті қадағалап отыра­тын болып, бәрі егжей-тегжейлі жоспарланады. Бірақ, ол алқапқа аяқ басқаннан кейін көп өтпей-ақ эфирден жоғалады. Ізін суытпай соңынан шыққан іздеу тобы иттерімен, ең соңғы үлгідегі іздестіру техникаларымен жарақталса да, саяхатшының ізін де таба алмайды. Бейнебір оны біреу жер бетінен мүлде «өшіріп» тастаған сияқты…
2013 жылы американдық Джастин Шетлер бүкіл әлем­ді аралап, өз саяхаты бары­сындағы оқиғаларын ғалам­тордағы блогы арқылы оқыр­мандарымен бөлісіп отыра­ды. 2016 жылы ол мотоцикл­мен Химачал-Прадеш штаты­на келіп, биік тау басын­дағы үңгірлердің бірінде меди­тация жасау үшін жергілікті садху­мен (дін қызметкері) бірге Көлең­келер алқабына қарай жол тартады. Оның бұл туралы Adven­tures of Justin блогындағы жазба­сы табынушыларын алаң­дата қоймайды, себебі Джас­тин бұған дейін де қанша­ма қауіпті бағыттарды бағындырып, батылдығымен көзге түскен болатын. Бұл жолы американдық саяхатшы оқырмандарына қыркүйек айының ортасында қайта оралуға уәде береді, бірақ уәдесінде тұра алмайды. Ол мүлде оралмайды…
Саяхатшыны жергілікті поли­­ция мен ерікті іздеушілер тобы жықпыл-жықпылдың бәрін қалдырмай, түгел сүзе жүріп іздейді. Көп өтпей Джастинмен бірге кеткен садху табылып, қамауға алынады. Бірақ, ол саяхатшының жоғалуына қатысты ештеңе айтып үлгермейді, қамауға алынған күннің ертеңіне жергілікті түрменің камерасында оның өлі денесі табылады. Полиция оны өз-өзіне қол жұмсады деп мәлімдейді, бірақ шын мәнінде не болғаны белгісіз…
2015 жылы осыған ұқсас жағдай поляк саяхатшысы Бруно Мусчаликтің де басы­нан өткен. Бәрі де сол баяғы­дай, саяхатшыны соңғы рет авто­бусқа отырып жатқан жерінен көрген, одан кейінгі ізі жоқ…
Бұл құбылысты зерттеушілер Көлеңкелер алқабына кеткен адамдардың неге және қалай жоғалатынына қатысты әртүрлі пікірлер айтады. Оның ішінде шындыққа жанасатындары да бар, бірақ, оған дәлел жоқ. Мұның себебін тылсым әлемнен іздейтіндер де бар, адамдар дәл осындай себептерге көбірек сенуге бейім. Бірақ, нақты болжам әлі айтылған жоқ, ол тіпті ешқашан болмауы да мүмкін…

Дайындаған
К.ТІЛЕПОВА.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.