Жарапазан айта білеміз бе?

Міне, ә дегенше берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айының да бел ортасына да жақындадық. Елімізде жылдан-жылға ауыз бекітіп, Алланың рақыма бөленушілер саны да артып келеді. Әсіресе, рамазан айын ерекше күтетіндердің бірі – ойын балалары. Себебі, жарапазан айтып, үй-үйді аралап, бір қарық болатындары бар. Жарапазаның шығу төркініне үңілер болсақ, жарапазан — қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс — салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауыз ашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп Жарапазан айтады. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама — шарықтарына қарай сыйлық алып шығып, Жарапазаншыларды риза етіп жіберетін болған.

Қазір жарапазан айту дәстүрі бұрмаланып бара жатқандай. Бұрындары тәтіге мәз болып кете баратын балалар қазір оны місе тұтпайды. Қалтаңызды қағып, орайы келсе, уыстап тиын-тебен алуға даяр тұрады. Қаламызда тіпті дәмханаларды аралап, ішіне кіріп, әр столды жағалап та айтып жүр. Өзіміз де мәрт болысып ақшаны ұста бергеннен соң ба, балаларымыз ақшаға әбден дәнігіп барады. Жарапазанды бағдаршамда тоқтап тұрған көліктің қасына жүгіріп барып та айтып жүр. Жуырда ғана дәл солай көлікке қарай жүгірген бір бала жазатайым жағдайға ұшырауына сәл-ақ қалды. Топ-топ болған балалар қаладағы көлік қозғалысын бұзады. Ал күні кеше бір топ бала шаңқай түсте автобустың ашық тұрған терезесінен жарапазан айтып, жолаушылардан сөз естіді. Жарапазанды жоқ — жітік замандарда дүние табу кәсібіне айналдырғандар да болған. Дегенмен, Жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке — бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Жарапазан айтудың да өзіндік мәдениеті бар.

Ұ.Өскен

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.