Терiс ағымдар ақпаратынан сақтану керек
Кереғар діни ағымдар ұлттық құндылықтарды жояды, қоғамға қауіп төндіреді. Тұрақтылыққа зиян келтіретін теріс ағымдар үгіт-насихатының алдын алу сол үшін де басты назардан түспеуі тиіс. Ал оған ғана қарсы тұрудың бірден-бір жолы — халықтың діни сауатын көтеру. Иә, діни сауатты адамдармен ғана оларға қарсы тұруға болады.
Кез келген мемлекет ұлттық құндылықтарды дамыту арқылы қоғамның рухани жаңғыруына мүдделі. Ал кереғар ағымдар осы елдік мақсатқа қарсы жұмыс істейді.
Демек, біздің алдымызда ұлттық құндылықтарды жаңғырту міндеті тұр. Өйткені жас буын үшін ұлттық құндылықтар терроризмнің алдын алуда мықты иммунитет бола алады. Сонда ғана теріс ағымдардың психологиялық ықпалына түспейді.
Сондықтан халықтың діни сауатын көтеру мемлекет үшін аса маңызды.
Мектеп қабырғасынан бастап дәстүрлі рухани құндылықтарды дұрыстап насихаттасақ, ол бала толыққанды рухани толысқан азамат болып өседі.
Деструктивті ағымдардың алдын алу жұмыстары қазіргі таңда Шымкент қаласында да қарқын алуда. Қала аумағындағы барлық ЖОО-лар мен орта білім беру мекемелерінде түрлі кездесулер көптеп ұйымдастырылып, дәстүрлі дін мен жат ағым насихатының ерекшелігі жастарға мейлінше тарқата түсіндіріліп жатыр.
Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының бірі жуырда Шымкент қаласы «ҚазМұнайГаз АҚ» мұнай өңдеу зауытының күзет қызметкерлерімен өткізілді. Кездесуге Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Б.Заманханов пен дінтанушы маман А.Мейірбек қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты діни экстремизмнің алдын алу, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ұғындыру болатын.
Кездесу барысында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңы, Қылмыстық кодекстің экстремизм және терроризмге қатысты баптары, «2018-2022 жылдарға арналған экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасы», «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арнал-ған тұжырымдамасы» кеңінен түсіндірілді. Елімізде соттың шешімімен тыйым салынған кереғар діни ұйымдар мен қозғалыстардың белгілеріне қатысты да сөз қозғалды.
Сондай-ақ басқосуда қаламызда діни экстремизм-нің, теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында әртүрлі шаралар жүйелі өтіп келе жатқаны атап көрсетіліп, жастар арасында дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттап, діни экстремизм мен радикалдық діни ағымдар идеяларының кері ықпалынан сақтандыру бағытындағы атқарылған жұмыстардың нәтиже беріп отырғаны да жұртшылыққа жеткізілді.
Ал қаладағы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі №2 өрт сөндіру мекемесінде де кездесу ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын Шымкент қаласы ішкі саясат жəне дін істері басқармасы «Дін мəселеле-рін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы И.Айтаев жүргізді.
Кездесуде дінтанушы маман жастарға «2018-2022 жылдарға арналған экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бағдарламасы» туралы түсінік беріп, еліміздегі діни ахуалға да тоқтала келе терроризм мен экстремизм мәселесінің діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың құйтырқы әрекетінен ушығып тұрғанын да ақтарыла айтты. Сонымен бірге ол кереғар ағымдар пайдаланатын амал-тәсілдердің психикаға теріс әсері барын да жоққа шығармай, жастарды бұл жаһандық қауіппен бірлесе күресуге шақырды.
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің бөлім басшысы Б.Заманханов пен бөлім маманы Н.Күндебайдың қатысуымен қала аумағында орналасқан №6 колледж студенттерімен дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру мақсатында семинар жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында студент жастарға елімізде тыйым салынған деструктивті діни ұйымдар туралы ақпарат беріліп, қазіргі таңда діни сергек, сауатты болу керек екені, ғаламтордан келетін қауіп-қатер жайы да назардан тыс қалмады. Кездесу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, студенттер өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды.
Ұ.ӨСКЕН
«Қазақстан жолы» газеті №25 (751) 06.07.2019жыл