5 ДӘРІ
Бір падишах уәзіріне ашуланып, оны зынданға отырғызып, тек қана қара нан мен су берілуін әмір етеді. Күндер ұзап бара жатқанға қарамастан уәзірдің шағымданбай, мойынсұнып отырғанын байқаған падишах, уәзірді алдына алып келуді бұйырады. Жегені тек қара нан, ішкені қара су болса да, уәзірдің наразылық көрсетпей, қалайша сабыр сақтай алғанын білгісі келеді:
– Басына үлкен тауқымет түскеніне қарамастан, қол-аяғың шынжырға байлаулы болса да, денсаулығың сол баяғыша жақсы, көңілің де орнында сияқты. Өзіңді қалай сақтай алдың?
– Мәртебелім, менің 5 дәрім бар – соларды ішіп жүрмін. Падишах “Қара наннан басқа еш нәрсе берілмесін!” деген әмірін көмекшілері орындамағаны үшін қатты ашуланады. Уәзірге:
– Қайда ол дәрілер? Көрсет маған! -дейді. Сонда уәзір былай дейді:
– Бірінші дәрім – Тәуекел! Яғни, Аллаһқа иман етіп, істерімді Оған тастадым. Екінші дәрім – Тағдырға ризашылық. Жазмыштан озмыш жоқ. Маңдайыма жазылғандардың бәріне көніп, еш шағынданбаймын. Үшінші дәрім – Сабыр. Төртінші дәрім – Қанағат. Жағдайы менікінен де жаман болғандарды ойлаймын да, шүкір етемін. Бесінші дәрім – Үміт. Қайткен күнде де бір күні бұл зынданнан шығатыныма үміттімін.