САЛТ-ДӘСТҮР ҚАЗЫНАМЫЗ

Салт-дәстүр халықтың түп тамыры. Ұлттық тәрбиеміздің негізі. Ал, сол дәстүріміздің сіз бен біз білмейтіні қаншама. Солардың бірнешеуіне тоқталып өттік.  

ЖАРЫСҚАЗАН

Жарысқазан (ырым). – Әйелдер босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «жарысқазанға» қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.

БОСАҒА МАЙЛАУ

Босаға майлау (салт,ырым). – Жастар жеке отау құрғанда немесе біреу жаңа үй алғанда жақын-жуықтары келіп, жаңа үйдің босағасына май жағады, көптің үйі болсын деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде берілуі керек.

ҚАП ҚАҒАР

Қап қағар (дәстүр). Қыс аяқталып, көктем басталғанда ет сүрленіп, азая бастайды. Сол аз етті қапқа салып, сол күні ет асып, аздап адам шақырады. Мұны ел «ет қайтар» деп атайды. Яғни ет азайды деген ұғымды білдіреді. Ал, қаптағы еттің ең соңғысын асып, көршісімен бөлісіп жейді. Бұл дәстүрді «қап қағар» дейді.

НӘЗІР

Нәзір (салт, ырым). Күрделі жұмыс бастағанда (мысалы егін салғанда, үй салғанда, су келтіру үшін арық қазғанда) әр адам «тәңірім ісімді оңдай көр» , «қайырлы ете көр» деп «нәзір» жасаған. «Нәзір» дегеніміз ауылдас адамдарын шақырып, бір мал сойып өзінің бастағалы отырған ісінің мән-жайын айтып әруақтарға дұға оқытып, көпшіліктен бата алған. «Көп тілегі – көл» дегендей жиналғандар оған «алла риза болсын, тілегің қабыл болсын, ісің оңға бассын» деген сияқты ізгі, баталы, аталы сөздерін айтып, ризалық көңілдерін білдіреді.

ЖҰМАЛЫҚ

Жұмалық (дәстүр). Бұрынғы кездерде дәріс алып жүрген балалар молдаға арнап жұма күндері оған арнаулы сыбаға (ет,қымыз, май, құрт, т.б) әкелетін болған. Мұны «жұмалық» дейді. Жамбыл айтқандай молдалардың жұма күні «жұмалық» дәметіп отыратындары да болған.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.