МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ АДАЛ АТҚАРА ОТЫРЫП, ОТБАСЫ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА БОЛАДЫ

Бұл жөнінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев Facebook әлеуметтік желідегі өз парақшасында жазба жариялады. Достар, мемлекеттік қызметтегі лайықты еңбек ақы аңыз емес, шындық. Өткен жыл үшін бонустар төлеу уақыты келді. Өздеріңіз білетіндей 2018 жылдан бастап біз жаңа еңбек ақы жүйесін енгіздік. Ол екі бөліктен тұрады: тұрақты – бұл факторлық-баллдық шкала негізіндегі жалақы және айнымалы – бонустар.

Бірінші бөлім бойынша бәрі түсінікті. Тұрақты жалақы белгіленді. Агенттік қызметкерлерінің жалақысы екі есеге артты, ал жүргізілген оңтайландыру мен әкімшілік шығыстарды қысқарту атқарушы құрамға қосымша 30% — дан 60% — ға дейін үстеме төлеуге мүмкіндік берді.
Бонустарға келетін болсақ, мұнда қызметшілердің жыл ішіндегі тиімділігі мен нәтижелілігі ескеріледі.

Маңыздысы, біз мерекелік сыйақылардан бас тартып, сол арқылы бәрін теңестіруден ары кеттік, ал әр қызметкердің қызметі жеке бағаланады. Нәтижелермен бөлісейін. Агенттікте «үздіктер» де, сондай-ақ «орташалар» да бар. Олардың бонустарының мөлшері осыған байланысты. Қанағаттанарлықсыз жұмыс істеген «төмен баға алғандар» олардан мүлдем айырылады. Егер олар қызметке деген қарым-қатынасын өзгертпесе келесі бағалаудың нәтижесі бойынша жұмыстан босатылады. Еңбек ақы төлеудің жаңа жүйесінің арқасында біздің әріптестеріміз өздерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын едәуір жақсартып жатқаны қуантады. Біреулері көптен күткен тұрғын үй үшін бастапқы жарнаны төлей алды, басқалары машинаға несие ресімдеді,үшіншілері ипотеканы және тұтынушылық қарыздарын мерзімінен бұрын өтейді. Ал біреулерге жалақыны көтеру балаларының жеке даму курстары мен шығармашылық үйірмелерін төлеуге мүмкіндік берді.

Нақты мысалдар келтірейін. Қуандық Айтақын – жас жігіт, бұрын құрылыс гипермаркетінде жұмыс істеген. Конкурс бойынша мемлекеттік қызметке келіп, үш жыл ішінде сарапшыдан Мемлекеттік қызмет департаментінің бас консультантына дейін өсті.Жоғары жалақы мен бонустардан түскен жинақ есебінен ол 20% мөлшерінде бастапқы жарнаны енгізе отырып пәтерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ресімдей алды.

Гүлнұр Жараспаева – Стратегиялық әзірлемелер және Халықаралық бағдарламалар департаментінің қызметкері. Екі ұлдің анасы. Оның қамқорлығында тағы екі бала бар. Бонустар оған балалардың сапалы дамуында елеулі демеу болады.

Қайыржан Сұлтанғазиев — біздің Ақмола облысындағы департаменттің қызметкері. Жалақыны көтеру қаражатты жинақтауға мүмкіндік берді. Үздік қызметкер болғандықтан жақсы бонустар алды. Нәтижесінде құнының 20% — ын төлеп, салоннан несиеге жаңа автокөлік сатып алды. Бұл мысалдар мемлекеттік қызметте әділ және адал жұмыс істей отырып, өз отбасының әл-ауқатын жақсартуға болатынын дәлелдейді.

Естеріңізге сала кетейік, пилот жыл соңына дейін жалғасады. Жақын арада жобаға қатысатын 3 мемлекеттік органда бонустар төленеді деп күтілуде. Пилоттың нәтижелері бұл модельді барлық мемлекеттік органдарға тарату үшін негіз болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.