КЕСЕНЕ МАҢЫНАН ТАБЫЛҒАН БЕЙІТТЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МАМАНДАР МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

Түркістандағы ескі қалашықтың орны 2500 жылдық мәдени қатпардан тұрады. Осы бір өткен ғасырларда түрлі оқиғалар орын алғаны ақиқат. Киелі көне шаһардағы шайқастарда қаза тапқандардың жерленуі де әрқилы болған.Қ.А.Ясауи кесенесінің төңірегінде қазақтың игі жақсыларының киелі орындарда жерленуі, қазақ хандығынан 500-600 жыл бұрын басталған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында профессор, тарихшы Хазіретәлі Тұрсын кесененің төңірегіндегі сүйектердің шығуының себептерін бірнеше деректермен келтірді.
«Біріншіден, қазба және құрылыс жұмыстары кезінде табылып жатқан қабірлер белгілі бір игі жақсылар мен тарихи тұлғалардікі болуы мүмкін. Ондай жағдайда мәйіт аруланып көмілген. Екінші жағдайда кесененің төңірегінде Рабат, Шахристан секілді үлкен қорғандар болған. Мәселен, Әмір Темірдің кезінде де шайқастар орын алған. Тарихшылар ең соңғысы Түркістан қаласының полковник Веревкиннің отрядынан қорғану кезеңін келтіруде. Осы шайқаста төңіректе орлар қазылған. Қаншама адам атылған. Бүгінде сүйектердің шығуы, көз жұмған адамдардың арнайы жерленбей бетін жаба салуынан дейді мамандар. Ал үшінші дерек бойынша, 18-19 ғасырдағы және 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта кесене төңірегінде өлген адамдарды сыртқа шығарып арнайы қорымға көмілген», — деді Хазіретәлі Тұрсын.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан ҚМДБ қызметкерлері табылған мәйіттердің рәсім бойынша қайта жерленетінін айтты.
«Шариғат бойынша қабірстанның ішіне қойылған ең соңғы адамның бейітіне 40 жыл өткеннен кейін, мазарат сүріліп тасталып, орнына құрылыс жұмыстарын жүргізуге болады. Ал егер, басталып кеткен құрылыс аймақтарында атқарылатын қазба жұмыстарында адам сүйектері табылып жатса, ол сүйектер ақ матаға оралып басқа жерге көміледі»-дейді Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Айдарбекұлы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.