ТҮРКІСТАНДА 12,3 ШАҚЫРЫМДЫҚ ВЕЛОЖОЛ САЛЫНАДЫ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен аппарат мәжілісі өтті. Жиналыстың күн тәртібінде Түркістан қаласының дамуы және ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында іске асырылатын жобалар кеңінен талқыланды.
Түркістан қаласын дамыту бойынша қала әкімі Әліпбек Өсербаев баяндама жасады. Ол облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тиісті шаралар қолға алынып, жүйелі түрде жұмыстардың атқарылып жатқанын мәлімдеді.
«Жалпы, мемлекеттік мұқтажы үшін алынатын нысан саны 1035-тен бүгінгі таңда 1148-ге ұлғайды. Оның ішінде 716 тұрғын үй, 206 кәсіпкерлік және 226 ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер. Одан бағалау жұмыстары жүргізілгені 611-ден 702-ге артты. Соның ішінде өткен аптада 303 нысан босатылса, қазіргі таңда 348-ге жетті. Жалпы қала бойынша 39 көшеге және скверлермен аллеяларға 74 мың шаршы метр көпжылдық және бір жылдық гүлдер, 118,5 мың шаршы метр газон, 59 мың дана декоротивті қылқан жапырақты ағаш, 19,1 мың дана бұталы ағаш және көптеген вертикалды көгалдандыру элементтері жоспарланған», – деді қала әкімі Ә. Өсербаев.
Сондай-ақ, қала әкімі жиында жаңадан 12,3 шақырым канал арықша салынса, 11,2 шақырым канал арықшалар қалпына келтірілгенін айтты. Сонымен қатар, осы канал арықшалар бойынан 12,3 шақырым веложол және 7,5 шақырым аяқжол салынатындылығы баяндалды.
Баяндаманы танысып шыққан облыс басшысы күзге дейін құрылыс жұмыстарын қарқындатып, қаладағы сүрілетін нысандардың иелерімен түсіндірме жұмыстарын жылдамдатуды тапсырды. Бұдан басқа, канал арықшаларының бойынан веложол және аяқжол салу жұмыстарын тезірек қолға алу керектігін айтты. Сондай-ақ қалаға велосипед алып келу керектігін жеткізді.
Одан соң қаланы дамыту бойынша облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Е.Ахметов баяндады.
«Әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан салынуда. Оның 11 нысанында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жылдың соңына дейін 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде, 660 пәтер маусым айында тапсырылады. 336 пәтер 7-20-25 бағдарламасы аясында тамыз айында пайдалануға беріледі. Ал желтоқсан айында 1355 пәтердің құрылысы аяқталады. Қазіргі таңда облыс әкімдігінің ғимараты, басқармалар ғимараты, департаменттер ғимараты, конгресс орталығы, медиа орталығы, стадион, амфитеатр, Ұлы дала елі орталығындағы құрылыс жұмыстары екі аусыммен жасалуда», – деді Е. Ахметов.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын әлі де қарқындатуды тапсырды. Тұрғын үй кезегін бөлуді дұрыс қадағалауды жүктеді.
Сондай-ақ жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасаның басшысы да мәлімдеме жасады. Оның сөзінше ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында алғашқы уақытта жалпы құны 89 млрд. теңгені құрайтын 480 жоба анықталған.
«Аудан, қалалармен жүргізілген күнделікті жұмыстардың нәтижесінде іске асырылатын жобалар саны 493 бірлікке жетті. Оның ішінде, 138 жоба өз қаржысы есебінен, 38 жоба екінші деңгейлі банктер арқылы, 317 жоба қаржы институттары арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аудан, қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, жалпы құны 82,9 млрд. теңге құрайтын 343 жоба іске асырылған», – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақов.
Облыс басшысы аудандардың басты мәселесі – ауыл шаруашылығы екенін атап өтті. Аудандар бұрынғы қарқынмен жұмыс атқаруға болмайтындығын айтып, 493 жоба бойынша жұмысты тездетіп бастау қажеттігін тапсырды. Облыс бойынша Созақ, Мақтаарал, Жетісай аудандарында 493 жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баяу екендігін айтты. Тапсырманы орындамаған аудан басшыларына онда тиісті шара қолданылатын ескертті.