БИЫЛ ТҮРКІСТАНДА ЗАМАНАУИ ПЕРЗЕНТХАНА АШЫЛАДЫ
Түркістандағы №3 облыстық перинаталдық орталық 2007 жылдан бері халық игілігі үшін жұмыс істеп келеді. Бұл перинаталдық орталық Кентау қаласы, Созақ, Отырар аудандарынан келген аналарға да қызмет көрсетеді. Облыстың орталығы болып халық саны артқан тұста перзентханада орын тапшылығын болдырмау мақсатында жуық арада қосымша жаңа ғимаратты пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінде аталған мекеменің оң жақ бөлігінен 150 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. 4 қабатты заманауи ғимараттың құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған. Биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Ғимараттың құрылысын мердігер «Эристайл Казахстан» ЖШС-нің өкілдері құрылысты қазан айында толықтай аяқтайтынына сенімді. Яғни, жаңа ғимаратта жаңа туған сәбидің үні естілетін күнде алыс емес. Жалпы 12 жылдан бері қаламыздағы әйел-аналарға қызмет көрсетіп келе жатқан 155 орынға лайықталған №3 перзентханада екі физиологиялық бөлім, шала туылған нәрестелерге күтім жасауға арналған бөлім, патология, гинекологиялық бөлімдер бар. Сонымен қатар, жансақтау (реанимация) бөлімінде 6 орын қарастырылған. Перзентхана құрамында қосымша клиникалық-диагностикалық блок, амбулаторлы қызметтер, функционалды диагностикалық және УЗИ кабинеттері қызмет көрсетеді. Орталықта лапароскопиялық бағана көмегімен күніне гинекологиялық лапароскопиялық 3-5 ота жасалады. Қағазбастылықтан арылу мақсатында кешенді медициналық ақпараттық жүйеде (КМИС) жұмыс істейді. Аталған жүйеге аналардың келіп тіркелгені енгізіледі. Осы арқылы мекеме жұмысын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармаларының автоматты түрде көрулеріне мүмкіндігі бар. Ұжымда жалпы саны 320 маман қызмет етеді.