ТҮРКІСТАНДЫҚ ТҮЛЕКТЕР СЫНЫПТАСТАРЫНА ҮЙДІҢ КІЛТІН ТАБЫСТАДЫ
Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Алтын ұям» жобасы қолға алынғаны белгілі. Қайырымдылық жасауға шақыратын бастаманы қабыл алған түлектер облыстың әр қиырында жүректі елжіретер игі істерімен қуантып жатыр. Сондай қуанышты оқиғаның бірі Түркістан қаласында өтті.
Облыс орталығындағы «Бекзат» шағынауданында орналасқан Ж.Жабаев атындағы №11, Ж.Еділбаев атындағы №18 және Абай атындағы №31 мектептерін 1999 жылы бітірген түлектер өздерінің 20 жылдық кездесулері қарсаңында ізгілікті істі қолға алды. Атаулы күнді атап өту мақсатында бас қосқан үш мектептің түлектері Рамазан айында қайырымдылық шараны өткізуді ұйғарып, өздерінің арасынан көмекке мұқтаж сыныптастарына тұрғын үй салып беруді жоспарлаған. Жуырда осы ізгілікті ой іске асып, тағы бір отбасы қуанышқа кенелді.
«Жақсылықты әуелі жақыныңнан баста» дегендей, қария анасымен бірге тұратын сыныптас жігіттің тұрмыстық жағдайын ескерген құрдастары оған тұрғын үй табыстауды жөн көріпті. 1982 жылы туған қайырымды азаматтар үйдің құрылысын аяқтап 3 бөлмелі үйді Рамазан айында иесіне тапсырды. Шын ниетпен қолға алынған іс оңды болып, қуанышқа кенелген азаматтың үйінде ауызашар берілді.
Осылайша облыс әкімдігі қолға алған «Алтын ұям» жобасын ізгілікті іспен жалғаған түркістандық түлектер бір отбасыны қуанышқа бөледі. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туып-өскен ауылдың азаматтарына ел де дән риза.