«АЛТЫН САРАЙ» ДЕМАЛЫС КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде «Алтын сарай» демалыс кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Құны 100 млн. теңгені құрайтын нысанда аудан тұрғындары мен қонақтар қонақ үй, мейрамхана, бассейн қызметін бір уақытта пайдалана алады.
Кешеннің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бақыт Асанов кәсіпкерліктің арқасында ауданның өркендеп жатқанын тілге тиек етіп, нысанды тұрғызған жеке кәсіпкер Смайл Әуезовке алғысын білдірді. Сондай-ақ, салтанатты жиынға Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев пен бір топ зиялылар, аудан тұрғындары қатысты.
«Міне, бүгін еңбекқор мақтааралдықтарды дем алдыруға арналған тамаша кешен іске қосылып отыр. «Атамекен» кедендік бекетіне жақын орналасқандықтан, «Алтын сарай» демалыс орнының қызметін шетелдік азаматтардың да пайдалануына мүмкіндік бар. Мақтааралда жаз айлары өте ыстық болады және мұндай бассейні бар орындардың көптеп болғаны дұрыс» — деді Бақыт Насырханұлы.
Жаңадан ашылған нысанда 15 адам жұмыспен қамтылып отыр. Қонақ үй кешені 2 қабаттан тұрады. Бірінші қабатында 40-50 адамға арналған банкет өткізетін зал мен қонақ күтетін бөлмелер, ал екінші қабатында стандартты, люкс санатындағы жатын бөлмелер орналасқан.
Бассейнде бір уақытта 100 адам шомыла алады. Үлкендерге және балаларға арналған 2 бөліктен тұрады. Сондай-ақ, жазғы шатыр астындағы орындарда 150 адам мейрамхана қызметін пайдаланып, «Еуропа» мен «Азия» елдерінің ең таңдаулы асханаларынан дәм тата алады. Демалыс кешенінде жағажай би алаңдары ұйымдастырылып, әрбір келген қонаққа тамаша көңіл-күй сыйланбақ.
Айта кетейік, «Алтын сарай» демалыс кешенінен бөлек, Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталықта жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Сақтағанов қонақ үй және 200 адамға арналған бассейн кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Нысан маусым айының соңына дейін пайдалануға берілетін болады.