ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ТҮРКІСТАН

Қазақ халқының арасына кең тараған: «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» — деген қанатты сөздердің өзі-ақ Түркістан өңірінің киелі де қасиетті мекен болғанын сан ғасырдан бері айғақтап келе жатқаны анық. Түркістан қаласын ірі орталық ету Тәуелсіздік алған жылдардан бері Президентімізден бастап зиялы қауым өкілдері арасында талай әңгіме арқауына айналғаны осы күні ойға оралып отыр. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің мына айтқан пікірін еске түсіріп көрейікші. «Түркістан үшін қазақ халқының қаны көп төгілген, ол оның ең қасиетті орны. Үш жүз жылға жақын уақыт қазақ хандарының тұрағы — астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтары, ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемесек болмайды. Түркістанда облыс орталығы құрылса жақсы болар еді», — деп жазды. Міне соның айғағы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз Жарлығымен Түркістан қаласын облыс орталығы етіп жариялағанда дүйім жұрттың бәрі қуанды. Тек қазақ халқы емес, түбі бір түркі жұрты жақсылыққа балаған тарихи шешім жыл өтпей жатып жемісін бере бастады. Тарихи қаламыздың келбеті шырайланып, шаһар жаңарып, күннен-күнге жасарып келеді.
Бүгінгі өткен облыстық мәслихаттың сессиясында Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев ҚР Үкіметі бір жыл мерзім ішінде Түркістан қаласын жедел дамыту мақсатында бес бірдей қаулы қабылдағанын атап өтті.
Отырар ауданы әкімдігінің Туризм саласын дамытудағы атқарып жатқан жұмысына облыс маслихатының депутаты С.Қуашбай оң бағасын беріп, тілге тиек етті. Тілге тиек ету себебі С.Қуашбай бастаған  облыстық мәслихаттың әлеуметтік- мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның мүшелері осыдан бір ай бұрын Отырар ауданында туризмді дамыту барысымен танысып, жақсы пікірін айтқан болатын.
Тарихи қаламен бірге аудандарда, қалаларда ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазақтың түпкі тамыры ауылда десек, туған жерді көркейту ұрпақтың басты міндеті болмақ. Отырар ауданында тұрғындарға қолайлы жағдай туғызатын «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жобасы қолға алынды. Мәселен, Мәдениет сарайының ғимаратына, Шәуілдір ауылындағы ұзындығы 4 шақырым болатын 5 көшені күрделі жөндеуден өткізу үшін 630 млн. теңге қаржы қаралған. Отырар ауданында облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен үш жобаны жүзеге  асыру жоспарлануда. Аудан орталығынан басталатын Арыстанбаб кесенесі мен Отырартөбеге апаратын туристік жолдың 3,6 шақырымын жарықтандыру, абаттандыру, аяқжол салу мақсатында  жалпы сметалық құны 789 млн теңге қаржы қаралды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және облыс әкімдігінің бастамасымен Арыстанбаб кесенесінің ішкі аумағын абаттандыру жұмыстары да жүргізілетін болады.  Алыс — жақын шетелдерден келетін туристер саны ауданымызда жыл өткен сайын артуда. Міне осы аталған қаржылар игеріліп, нысандарда жөндеу жұмыстары сапалы біткен кезде туристермен қоса,  отырарлықтарға да зор үлесін тигізіп, қызмет ететін болады.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.