МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ БІЛІМ БӨЛІМІНЕ ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
ҚР-ның «Еңбек» кодексінің 30, 33, 34-баптарына, ҚР-ның «Қазақстан Республикасындағы Қазақстан жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 33, 37-баптарына, ҚР-ның «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы” Заңының 19, 28-баптарына сәйкес, аудан әкімі Бақыт Асановтың өкімімен Серикбаев Муратбек Тулапович Мақтаарал ауданының білім бөлімінің басшысы мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындалды.
Күні кеше өткен аудан әкімі аппаратының мәжілісінде аудан әкімі Бақыт Насырханұлы жаңа басшыны аппарат ұжымына таныстырып, бастап жатқан қызметіне сәттілік тіледі.
«Білім саласында 4 мыңға жуық ұстаздар қауымы қызмет етуде. Ауданымыздағы 56 мектепте 27 мыңнан аса оқушыларымыз бар. Осындай үлкен салаға басшылық жасау — үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан, жаңадан бастап жатқан қызметіңе табыс тілеймін. Мақталы өлкенің білім саласын қарқынды дамытуыңа сенім білдіремін!» — деді Б.Насырханұлы.
Серикбаев Муратбек Тулапович 1975 жылы ОҚО, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. 1991-1996 жылдары Өзбекстан Республикасы Гүлістан мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Ә.Жанкелдин атындағы орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған. Кейіннен дәл осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
Мақтаарал ауданының білім бөлімінің басшысы мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындалғанға дейін Сарыағаш ауданының білім бөліміне қарасты №100 Ә.Жанкелдин атындағы жалпы орта мектеп коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болып жұмыс істеген.