АРЫСТЫҚТАР ҮЙЛЕРІНЕ ОРАЛДЫ
Арыс қаласының тұрғындары бүгін, яғни 28 маусым күні таңғы 8.00-де қалаға кіргізіле бастады. 4 күн бойы Шымкент қаласы мен облыстың өзге де аудандарындағы эвакуациялық орталықтарда күн кешкен тұрғындар ұйымдасқан түрде автобус колонналарымен туған жерлеріне оралды.
Қазіргі таңда Арыс қаласы мен әскери қоймада оқ-дәрілерді тазалау және қаланы дезинфекциялау шаралары аяқталды. Тұрғындар өміріне еш қауіп жоқ. Сондай-ақ бүгін ғана ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Арыстағы атмосфералық ауаның таза, су және топырақтың ластанбағанын, радиацияның жоқтығын айтқан болатын.
Тұрғындар үйіне оралғанда бекітілген қызметкерлер фото-видеофиксация жасап, шығындарды есептеуге көмек береді. Жайғасу барысында облыстық полиция қызметкерлері мен дәрігерлер, төтенше жағдай департаменті мен құзырлы мекемелер үздіксіз қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар арыстықтарға құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін еліміздің барлық өңірінен 160 арнайы бригада келеді. Әрбір облысқа Арыс қаласындағы бөлінген секторлар бойынша жұмыстар беріледі.
Айта кетейік, тұрғындарды кіргізу үшін Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторларға облысымыздың аудан, қала әкімдіктерінен 640 жауапты (1 аудан — 40 адам) азамат бекітілді. Әрбір 10 үйге 1 қызметкерден жауапты. Тұрғындарды жайғастыру кезінде осы азаматтарға қаладағы көше, аулалардың белсенділері көмек беретін болады.
Апаттан зардап шеккен халыққа Қазақстанның өзге облыстарынан қажетті 150 тонна зат жиналған.