Шардарада ауқымды жұмыстар атқарылуда
Ауданның дамуы – өңірдің дамуы. Соңғы жылдардағы табысымыздың өсуі, ЖІӨ-нің артуы өңіріміздегі аудандардың да әлеуметтік-экономикалық өсу мүмкіндігін жоғарылатып отыр. Мұның бәрі де түптеп келгенде, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүдделілік танытып отырған мемлекетіміздің сындарлы саясатының жемісі. Осындай шаруасы түзеліп, әл-ауқаты жыл санап көтеріліп келе жатқан аудандар санатына Шардара ауданын да жатқызуға болады.
Шардара өңіріне инвестиция тарту жұмысы қашанда күн тәртібінен түскен емес. 2018 жылы ауданға салынған инвестиция көлемі 23 миллиард 156,2 миллион теңгені құрады.
Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Бәйтерек ББМ» ЖШС-ның балық өңдеу зауыты жұмысы аяқталып, 30 адам тұрақты жұмысқа қол жеткізді.
Сонымен қатар, жаңадан 2 мақта өңдеу зауытының – «Ай қажы – Ақ алтын» және Алатау батыр ауылында орналасқан қазақ-сингапур бірлескен мақта өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Бұл 10 млн. АҚШ доллары жұмсалып отырған өңдеу мақта зауытының жылына 50 мың тонна мақта өңдеуге шамасы жететін болады. Шардара ауданының негізгі көрсеткішін ауыл шаруашылығы саласы құрайды.
Мал шаруашылығы туралы да айта кетер болсақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша нақты 1470 бас мал сатып алынған. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 3350 уақ мал, 390 бас жылқы сатып алынған.
2018 жылдың қорытындысы бойынша аудандардың арасынан Шардара ауданының әкімдігіне «Кәсіпкерлікті қолдау бойынша жылдың үздік әкімдігі» номинациясы берілді. Сондай-ақ, «Жылдың үздік агрономы», «Жылдың үздік экспорттаушысы» номина-цияларымен де шардаралық азаматтар марапатталды.
Өткен жылы жалпы құны 579,1 миллион теңгеге 5 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Атап айтар болсақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Шардара қаласындағы 4-ші шағынауданның І кезеңіне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысы аяқталды. Тұрғындарды баспанамен қамту бойынша сметалық құны 822,1 миллион теңгені құрайтын Шардара қаласындағы Астана және Әл-Фараби көшелерінің бойынан 4 қабатты, 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құ-рылыстары жүргізіліп, ағымдағы жылға өтпелі болып отыр. Білім саласында екі мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, қаладағы Мұнай база ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектепте конкурстық құны 215 миллион 477,9 мың теңгеге бағаланған 60 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатса, №14 Бекет ауылындағы Аманкелді Иманов атындағы жалпы орта мектебіне сметалық құны 936 миллион 351 мың теңгеге қосымша 300 орындық жаңа мектеп ғимараты тұрғызылып жатыр.
Құрылыс жұмыстары басқа салаларда да қарқынды жүруде. Былтыр қала аумағында қызметтік үлгідегі 2 қабатты, 10 пәтерлі 2 тұрғын үй, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде 2 қабатты, 10 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылыстары жүргізіліп, аяқталды. Шардара қаласында 1 миллиард 600 мың теңгеге екі қабатты, 150 орындық заманауи үлгідегі емхана ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауданда тұңғыш мәрте медициналық көмекті жедел түрде көрсетуді ұйымдастыру мақсатында халықтың көп шоғырланған аймағына 13 жаңа үлгідегі модульдық медициналық пункт салынды.
№18 Шардара газ тарату стансасының, сонымен бірге, Достық, Ақшеңгелді, Егізқұм, Сүткент,
Қызылқұм елді мекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыстары жалғасын тауып, биыл ел игілігіне тапсыру жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылы аудандық бюджет қаржысы есебінен №18 Шардара газ тарату стансасынан қаладағы «Өтеғұл» шағынауданының ішкі газ жүйелері және орталыққа магистралды газ жеткізгіш құбырларының құрылысы басталады. Сонымен қатар, Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округін газдандыру мақсатында жергілікті бюджет қаржысынан жобалау сметалық құжаттамалары дайындалу үстінде.
Былтыр ауыз сумен қамту бойынша біршама тірліктер атқарылды. Атап айтар болсақ, Жаушықұм ауылы, Көксу ауылдық округіндегі Айдаркөл-Қашар, Баспанды, Жоласар елді мекендерінің ауызсу жүйелерінің құрылысы басталып, биыл халықтың игілігіне беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде осы елді мекендерде тұратын 3000-нан астам тұрғын орталықтандырылған құбыр жүйесімен қамтылатын болады.
Ал қаладағы бас су торабын қайта құрылымдау және Қызылқұм ауылындағы ауызсу торабы құрылысын жүргізудің жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Шардара қаласындағы №14 бекет, Мұнай база ауылы және Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты Ақберді елді мекендерінің ауызсу жүйелерінің құрылыс жұмыстары биыл жүргізіледі.
Таяуда Шардара ауданындағы Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде 2 қабатты 10 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев құттықтау сөз сөйлеп, елімізде баспана алудың мүмкіндіктері мол екенін баса айтты.
Жаңа пәтерге ие болған азаматтың бірі – былтырғы жылы өмірге үшем әкелген көпбалалы ана Гүлжанат Пернебаева. Жаңа қонысқа ие болған көп балалы отбасыға аудан әкімдігі тарапынан кілем тарту етілді.
Басқа да жаңа пәтерлер ауылдағы учаскелік полиция қызметкері Д.Мұсабековке, Ш.Уәлиханов және А.Әлімбетов атындағы жалпы орта мектептерінің жас мұғалімдері Ж.Жұртбаеваға, А.Раманқұловаға, Ә.Ізбановқа, М.Досхановаға қызметтік үй ретінде берілді. Тағы да 4 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша тапсырылмақ. Жалпы ауданда мемлекеттік қолдауды пайдаланып, өз кә-сібімен тұрмысын түзеп отырған отбасылар көп-ақ.
Айталық Жаушықұм ауыл округiндегi «Тұрар» шаруа қожалығы 95 гектар жердi игерiп, пияз, мақта, бақша дақылдарын егумен айналысады. Серiктестiкте 20 адам жұмыспен қамтылған.
Шаруа қожалығы өнiм көлемiн арттыру үшін жаңа технологияларды қолдануды құп көріп отыр. Яғни тамшылатып суғару технологиясымен суды да үнемдеп, мол өнiм алуға болады. Ал аудандағы «Хамит» ауылшаруашылығы өндiрiстiк кооперативiнiң балық өңдеу зауыты 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауытқа қажеттi шикiзат Шардара су қоймасынан, Атырау мен Аралдан тасымалданып, қайта өңделуде. Шығарылған өнiмдер Еуропа елдерiне экспортталады. Жалпы, мұнда жылына 2500 тонна балық өндiрiледi.
Сонымен бiрге Шардара қаласында туризмдi дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да ауқымды. Осынау табысты саланы дамыту үшiн демалыс аймақтарын көбейтiп, қызмет сапасын арттыру да маңызды.
Ауданымыздағы кәсiпкерлiкпен шұғылда-нып, тасы өрге домалап жүргендердің бірі – Алатау батыр ауылының тұрғыны Д.Бейсенов.
Д.Сайрамбекұлы негiзiнен мал шаруа-шылығын дамытуды көздеп «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» берілген несиеге 16 бас сиыр алған.
Ол қазiргi таңда мал басын көбейтуге күш салып отыр. Ал әлеуметтiк көмектi алып, шаруаларын дөңгелетiп отырған жандардың бiрi – Талғат Бекжiгiтов пен Қуаныш Бекбенбетовтiң отбасылары. Бiр жылда екi рет шартты қайтарымсыз көмек алған Т.Бекжiгiтов те Қ.Бекбенбетов те қолына тиген қаражатқа «Жансая» сауда орталығынан шаштараз ашып, халыққа сапалы тұрмыстық қызмет көрсетуде.
Солардың қатарына пластикалық есiк-терезе жасайтын шағын шеберхана ашқан Қ.Толқынбаевты да қосуға болады.
– Елiмiзде кәсiпкерлерге қолдауды күшейтiп, орта және шағын бизнестi дамытуға ерекше көңiл бөлiнуде. Мен де көпшiлiктiң сұранысына сай келетiн, заманауи үлгiде пластикалық есiк-терезе жасау шеберханасын аштым. Қазiргi таңда сегiз адамды жұмыспен қамтып отырмын. Қолынан iс келетiн бiрнеше азаматтар осы шеберханадан үйренiп, өз кәсiптерiн жүргізіп жүр. Осындай кәсiпке қызығушылық танытып, үйренемiн дейтiн жастарға есiгiмiз ашық,- дейдi жас кәсіпкер.
Яғни, аймақтарды дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі мол. Аудандардың даму барысы да облыс әкімінің бақылауына алынған. Сондықтан Шардараның шырайлы мекенге айналар күні де алыс болмаса керек.
З.БИГЕЛЬДИЕВА
«Қазақстан жолы» газеті №25 (751) 06.07.2019 жыл