АРЫС: 65 АДАМ ЕМХАНАДАН ҮЙЛЕРІНЕ ОРАЛДЫ
4 сектор штабында Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бойынша брифинг болып өтті. Оған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев, облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков, Қорғаныс минстрлігінің өкілі Қайыргелді Хусайнов, Облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері МаратПашимов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай қатысты. Облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков қала тұрғындарына түсіндерме жұмыстарын жүргізу үшін 800-ге жуық белсенді тартылып, жұмыс атқарып жатқанын мәлімдеді.
«Арыс қаласы тұрғындарының игілігі үшін алдағы уақытта да ауқымды жұмыстар атқарылады. Осы аптаның аяғында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі екінші рет өткізіліп, қала тұрғындары азық-түлік, көкөніс, ет өнімдерін арзандатылған бағада ала алады. Сонымен қатар Арыс қаласының зейнеткерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында «Мейір» ардагерлер үйі мен «Ардегерлер үйіне» 800 ардагерді демалысқа жіберу көзделіп, бүгінгі таңға дейін 400 ардагер аталмыш орындарға аттанды. 4000 баланы республикамыздың әр аймағындағы жазғы лагерлерге жіберу жоспарланып, қазіргі күнге дейін 1395 бала жазғы сауықтыру лагерлеріне жіберілді», – деді. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев бүгінгі таңда тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүзеге асып жатқандығын жеткізді. «Алғашқы деректер бойынша 27 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылса, бағалау нәтижелері бойынша олардың саны 149-ға жетті. Барлық үйлер бағаланып жатыр. Жақын арада түгелдей қалпына келтіріледі, – деді Қ.Өскенбаев. ҚР Қорғаныс минстрлігінің өкілі Қайыргелді Хусайнов қазіргі таңда Арыс қаласынан 20 шақырым жердегі аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, қойма да тазаланатынын жеткізді. Ал облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимов апат салдарынан ауруханаға түскен 65 науқас толықтай жазылып үйлеріне оралғанын, бүгінгі таңда Арыс қаласының 3 тұрғыны ем алып жатқандығын, барлығының жағдайлары қалыпты екендігін айтты. Арыс қаласындағы 4-секторға жауапты болып бекітілген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай осы аумақтағы тұрғын үйлерді бағалап, қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын хабарлады.