«Жігітті ел мақтаған – қыз жақтаған»
Шымкент қалалық «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің басиесі, яғни, «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директоры – бас редакторы болып елімізде ғана емес, алыс-жақын елдерге танымал қаламгер Бақтияр Тайжановтың тағайындалғанынан кейін осы бір орнықты ой ойға орала берді. «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысында меншікті тілшісі болып жүрген Бақтияр Тайжановтың Шымкентке жаңа қызметке келген күні еліміздегі әлеуметтік желінің беті Бақтиярдан босамай қалғанына көзі қарақты оқырманның өзі куә болды. Өйткені ол жұмыр жердің бетінде өткен соңғы олимпиадалардың бәріне мемлекетіміздің атынан қатысқан қазақ журналисі ғана емес, спорт саласының сан түрлі додасының ортасында жүріп, төрелік сөзді терең білгірлікпен айта алатын маман кадр екенін нақты ісімен көрсеткен ел перзенті болатын. Сол кездері күнде қолымызға тиетін “Егеменнің” барлық нөмірінің бірінші беті Б.Тайжановтың мақаласымен басталып, ішкі беттерінде бір күннің қым-қиғаш тартысы тұрақты берілумен болды. Ел намысын ойлаған оқырмандар оның ерен еңбекқорлығын еріксіз мойындады деген болар едік. Қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз журналисттің жазбаларын оқығанда «осы жігіт қай кезде ұйықтайды?» деген сауалды ойға алатынбыз. Тіпті, өзге тілде берілетін басылымдардың ақпараттық хабарламаларында Б.Тайжановтың ойлы пікірлері мен ақпараттық дәлелдемелері сөзбе-сөз қайталанғанын көргенімізге таңданбайтын болдық.
Бақтияр киелі қаламды қастерлей білген, оқырман алдындағы өзінің азаматтық жауапкершілігін тереңнен сезінген, Құдірет иесі берген ерен қабілетті өлшеусіз еңбегі- мен нұрландырған барша әріптестерінің құрметіне ие бола білді.
Ол биліктің көңілінен шыққан қаламгер болып ғана қалмай, ұлттық құндылығымызды қастерлеген, қарапайым халқына шынайы жанашырлық көрсетуде әділеттің туын имеген зор парасат иесі екендігімен танылған болатын.
Тәуелсіз еліміздің өркендеуіндегі жетістіктермен бірге, қоғамда кездесетін келеңсіздіктерге да қалам тарта білді. Оңтүстікте «Шымкентшелеу» атағымен сіңісті болып кеткен жергілікті атқарушы орган басшылығындағы жершілдік, «көкемсіген көкелердің» көңілі үшін, қала берді «жең ұшымен жалғасу» сорақылықтармен кадр тағайындаудың зардабын сыни тұрғыдан республика- ның бас басылымы «Егеменде» жариялап, жұртшылықты дүр еткізген кезі де болды. Ол оңтүстікте кадрдан қадір кеткенін ойға оралымды, көңілге қонарлық етіп қалың жұртшылықтың үнін жеткізе білді. Сондай-ақ, оңтүстік ауылшаруашылығын көтеріп тастауға кедергі болып отырған келеңсіз көріністерді жілікше шығып, Ақтас ауылындағы шаруа қожалығының аясында ауқымды етіп, сараптамалық материалды тағы да «Егеменде» жариялады. Б.Тайжановтың өмір шындығын шынайы берген материалы республика жұртшылығының арасында үлкен қозғау салып, авторға қолдау білдірген қаншама ой-пікірлер жарық көрді.
Ол он екі жылдың жүзінде «Егеменнің» біздің облыстағы меншікті тілшісі қызметін мінсіз атқарып жүріп, өзі де оңтүстіктің төл перзентіне айналып кеткенін сезбей қалған нағыз бауырмал, мемлекетшіл жанның бірі болып қалыптасты. Оның кісіні еріксіз баурайтын көркем мінезі, жақсылыққа жаны құмар адами адал болмысы ерекше танылып, өңір жұртшылығының құрметіне бөленді. Қарымды қаламгер Шымкет қаласының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ететінін нық сеніммен айтуға болады.
Әділ МҰРАТБЕКОВ.
«Қазақстан жолы» газеті №31 (757) 17.08.2019