Ел Президенті экономикалық мәселелері бойынша кеңес өткізді
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес өткізді.
Кеңес барысында биылғы 7 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары кеңінен талқыланып, сарапқа салынды. Премьер-Министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев ауқымды баяндама берді.
Алқалы жиынға қатысушылар отандық тауар өндірушілерді қолдау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен тарифтер бағасының өсуін болдырмау, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, сондай-ақ жылыту маусымы мен жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін жан-жақты талқылады.
Мемлекет басшысы ел эконо-микасының дамуына салмақты серпін беру мақсатында жаңа тәсілдер ұсынудың айрықша маңыздылығына тоқталып, бұл үшін Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің және сарапшылар қауымдастығының үйлесімді жұмысы қажет екендігіне дәйекті дәлелдер келтіре білді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күнделікті мәселелерге қатысты жедел шешім ұсынумен қатар алдымызда халықаралық нарықтардағы теріс үрдістерді ескере отырып, экономиканың ортамерзімді келешектегі даму бағдарын айқындау міндеті тұрғандығын да айрықша атап көрсетті.
Бұл жиында Президент азаматтардың тұрмыс сапасының төмендеуіне жол бермеу үшін басты назарды олардың мүдделеріне, халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуына назар аудару қажет екендігін дөп басып көрсетіп берді..
«Қазақстан жолы» – ақпарат.
«Қазақстан жолы» газеті №31 (757) 17.08.2019