ТҮРКІСТАНДА ПЕДАГОГ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ОБЛЫСТЫҚ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Мәдениет сарайында «Адами капиталды дамытудың көзі ретінде қазақстандық білім беру мазмұнын жаңарту» тақырыбында Түркістан облысында педагог қызметкерлердің облыстық Тамыз кеңесі өтті.
Конференцияның мақсаты – білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістер мен өзекті мәселелерді, оның шешу жолдарын қарап, тәрбие мен білім сапасын көтеру сияқты басты міндетті талқылау. Еліміздегі мектеп оқушыларына сапалы білім алуға қажетті жағдай жасау; білім деңгейін көтеру; мамандар әлеуетін арттыру; білім мазмұнын жаңарту; Қазақстандық білім беру жүйесінің даму стратегиясын айқындау.
Кеңеске Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, облыс мәслихат депутаттары, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің өкілі, аудан-қала әкімдері, аудандық-қалалық білім бөлімдерінің басшылары, педагогтер, қоғамдық ұйым басшылары, ата-аналар, комитет төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиында алғы сөзді алған облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өткен оқу жылындағы жетістіктер мен нәтижелерді атап өтті.
Сондай-ақ Тамыз кеңесінде облысымыздың үздік педагогтары мен ардагер ұстаздарға «Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, ҚР Білім және Ғылым министрінің және Түркістан облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілді.
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес Түркістан облысында 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен оқытуға қамту 96,5 % -ды құрап, жыл соңына дейін 100 % -ға жеткізу міндеті тұр. Биыл 11-сыныпты – 24513 түлек бітірсе, 9-сыныпты 38 мың бітірушінің 10 мыңға жуық түлегі колледжге оқуға түскен, ал 1-сыныпқа 53 мың оқушы келеді деп күтілуде.
Жыл сайын оқушы санының өсуіне байланысты 2018-2025 жылдарға дейін облысқа жаңа 184 мектеп салу жоспарланған болатын. Биыл 68 білім нысанының құрылысына 23,5 млрд. теңге бөлініп, биылғы жылдың соңына дейін 22 нысанның құрылысы пайдалануға беріледі, қалған 46 білім нысаны 2020 жылға өтпелі.
Жаңа оқу жылынан бастап, үш жаңа пәндер енгізіледі. Атап айтқанда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Кескін және жобалау», «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» пәндері оқытыла бастайды, жаңа бағдарламаға сәйкес 9-сыныптарға «Құқық негіздері» пәні енгізіліп отыр.
Биыл жаңартылған мазмұнға 4, 9, 10-сыныптар өтеді, ал 11-сыныптардың келесі жылы өтуіне байланысты республиканың 30 мектебінде апробация жүргізіледі. Оқушылардың білім деңгейін көтеру мақсатында өткен жылы екі ауданның оқушыларына білім деңгейлеріне экспримент жасалынған. Нәтижесінде, жоғары көрсеткішке ие болды. Осындай аса күрделі әрі көлемді эксперимент елімізде бірінші рет өткізілді.
Жастарымыздың бойындағы адами қасиеті мен сапалы білімі Түркістан өңірінің дамуының түп қазығы екенін ескере отырып, тәжірибе жөнінде өңірде ұйымдастырылды. Соның арқасында облысымызда білім саласында жеткен жетістіктер саны артқан.