Облыс әкімі жеті міндетті жіктеп берді
Жуырда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесінің жиыны өтті. Облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасына тоқталып, облыс тынысына қатысты: «Нақты жоба, нақты мәселе, нақты шешім» принципімен жұмыс істеуіміз қажет. Осы орайда төмендегідей 7 мәселені қолға алуды тапсырамын» деген облыс әкімі әрбір тапсырмаға арнайы тоқталып, жеке-жеке атап өтті. Бірінші, партияның белсенді мүшелерін айқындап алуымыз қажет. Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын белсенділер жүруі керек. Арыс қаласындағы жүйе секілді әр ауданнан белсенді 10 адамнан жинап, партия атынан халықпен тығыз жұмыс істейтін оперативтік топ құруды тапсырамын. Екінші, бір тараптан жергілікті әкім-дік, басқарма басшылары, екінші тараптан зиялы қауым, белсенділерді тарта отырып, диалогтық алаң құрып, пікірсайыстар өткізуіміз қажет. Үшінші мәселе – қоғамдағы тамырын тереңге жайған жемқорлық індетімен күресу мәселесі. Онымен күресу үшін ең алдымен, облыстағы үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық сектор өкілдерімен бірге жұмыс істеп, анализ жасау, жоспар түзу қажет. Төртінші, партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге, олардың әлеуметтік жағдайын түзеуге көмектесуі тиіс. Мысалы, халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірден солтүстікке көшіру бойынша «Еңбек» бағдарламасын қазір «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы жақсы насихаттауда. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажет.
Бесінші, партияда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын қоғамдық бизнес-қабылдау ашылуы қажет.
Алтыншы, облыстағы, аудандағы бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын дұрыс түсіндіруі, насихаттауы, сонымен бірге өзекті мәселелерді де ашып айтуы керек, жазуы керек. Дегенмен, БАҚ жалған ақпарат тарату, бопсалаумен айналыспауы тиіс.
Жетінші, Елбасы тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ауыл – ел бесігі» жобасы біздің облыста қарқынды жүзеге асуда. Биылдың өзінде 4 млрд. теңге көлемінде аудандарға қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Осы халықтық жобаның жүзеге асуын партиялық бақылауға алып, сапалы орындалуын тапсырамын, -деді Өмірзақ Естайұлы.
“Қазақстан жолы” – ақпарат.