«АУЫЛ ЕЛ — БЕСІГІ» ЖОБАСЫМЕН 100-ДЕН АСА ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Түркістан облысында «Ауыл ел — бесігі» жобасы аясында 100-ден аса жоба жүзеге асады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ҚР Президенті Жолдауын іске асыруға арналған облыс актив жиынында мәлімдеді.
«Елбасы тапсырмасына сәйкес, «Ауыл ел — бесігі» жобасы облыста қарқынды жүзеге асуда. Биыл Түркістан облысында 7 елдімекеннің мәселесін шешуге 4 млрд. теңге бағытталды. Нәтижесінде, 112,8 шақырым жол төселіп, 7 білім, 1 спорт және 5 мәдениет нысандары жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ, жоба аясында 2020 жылға 15 елді мекенде 114 жобаны іске асыруға 4,8 млрд.теңге бағыттау жоспарлануда», — деді Өмірзақ Естайұлы.
Бұдан өзге, облыс басшысы жиында «Дипломмен ауылға» жобасы аясында биыл 1 729 маманға біржолғы көтерме жәрдемақыға жалпы 307 млн-нан астам теңге бағытталатынын айтты. Сонымен қатар, жоба бойынша тұрғын үй сатып алу, немесе салу үшін бюджеттік кредиттер беруге 3,8 млрд. теңге жоспарланып, нәтижесінде 356 маман баспаналы болмақ.
Сонымен қатар, облыста ағымдағы жылға «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 3 413 пәтерлі, 64 тұрғын үйдің (231 мың шаршы метр) құрылысы жургізілуде. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 2 613 пәтер пайдалануға беріледі.