Жаңа белеске бастайтын Жолдау
Күні кеше Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты тұңғыш Жолдауын халыққа жария етті. Ел ертеңінің маңызды бетбұрыстарын айқындап беретін, азаматтық қоғамды дамыту арқылы қоғамда тұрақтылықтың сақталуын көздейтін бұл жаңа Жолдаудың жаңалығы көп-ақ. «Ұлтты күшейтудің маңызды тетігі – тіл» деп Тұңғыш Президентіміздің өзі айтқандай, Жолдауда төл тілімізге, руханият пен мәдениет мәселесіне ерекше басымдық беріліпті.
Яғни Президентіміз еліміз-дегі түрлі этностардың тілі мен мәдениетін дамытуға қо-лайлы жағдай тудырумен бірге, ең бастысы, ана тіліміздің мемлекеттік тіл ретіндегі рө-лін мейлінше күшейтіп, оның ұлтаралық қатынас тіліне айналатын сәті туғанын баса атап көрсетеді.
«Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екендігін де ұмытпаған жөн», — дейді ол.
Шындығында да «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп Алаштың Ахметі өсиет еткен болса, Мұстафа Шоқай «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген екен. Демек мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттырып, мерейін өсіру мәселесінің әлі де күн тәртібінде тұрғаны анық. Осынау батыл бастамадан соң бұл бағытта көптеген ауқымды жұмыстар, ілкімді істер атқарылып, ана тіліміздің абырой-беделін арттыруға, оны қоғамдағы басты қарым-қатынас құралына айналдыруға, білім мен ғылымның тілі ретінде көш бастауына жол ашылса, нұр үстіне нұр. Жалпы қоғамның да күткені осы.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы осы Жолдауында митингтер туралы заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау арқы-лы қала мен ауылды дамытуға берік негіз қалау, әділетті салық жүйесін қалыптастыру т.б. келелі мәселелерді көтерген.
Бізді осы сала мамандары ретінде әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне бастайтын білім беру сапасын жақсарту мәселесі алаңдататыны анық. Ел Президенті білім саласында оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз керектігін алға тартып, орта білім берудің ұлттық стандартын қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын баянды етуде жастарға жаңа мүмкіндіктер беретін бұл бастаманың тиімділігін арттыру үшін 20 миллиард теңге қаражат бөлу, дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтуды тікелей тиісті министрлікке жүктеу, алдағы 4 жылда мұғалімдердің еңбекақысын екі есеге арттыру, отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру секілді орынды ұсыныс-тапсырмаларды толық қолдап-қуаттауға болады. Яғни «Жастарымыздың және еліміз-дің басты капиталы – сапалы білім» деп Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың өзі атап көрсеткендей, еркін елдің ертеңі сапалы білім мен кемел ғылымда екендігін ұмытпауымыз керек.
Былайша айтқанда, ғылым саласындағы қазіргі ахуалға да сын көзімен қараған Мемлекет басшысы отандық ғылымды көтерудің мемлекет үшін қаншалықты маңызды екендігін аңғартып, ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеру мен оларды тә-жірибеде қолданудың тетіктерін қарастыруды Үкіметке тапсырып отыр. Өйткені білімі биікке шықпаған, ғылымы қарыштап дамымаған елдің болашағы бұлдыр, келешегі күмәнді болатыны даусыз. Сондықтан Жолдауда айқындалып берілген ел дамуының негізгі ұстын-тірегі болып саналатын меже-міндеттерді өскелең ұрпаққа, ел азаматтарына жете ұғындыру-дың маңызы зор. Біздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де бұл ортақ міндеттен шет қалмақ емес. Тіпті кеше ғана біздің ОҚМУ колледжінде Жолдауда баса айтылған, бүгінде қоғамдық індетке айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Адалдық сағаты» өткізілді. Яғни өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылу үстінде.
Алдағы уақытта да жаңа Жолдау бойынша колледжімізде және ЖОО-ға дейінгі дайындық орталығында түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, барлық топтардағы тәрбие сағаттарында түсіндіру-талқылау жұмыстары жүргізілетін болады. Өйткені ел дамуына үлес қосу – баршамызға ортақ міндет.
Сейдехан Әлібек,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы.